Ермұрат Зейіпхан: "Тұр едiм күз-iңiрге енгелi мен..."

Ермұрат Зейіпхан: "Тұр едiм күз-iңiрге енгелi мен..."
Фото: call4.ru, vk.com, автор

Алдағы сәрсенбі күні кешкі сағат 18.00-де Алматыдағы Әуезов театрында Ермұрат Зейіпханды еске алуға арналған «Екі дүниеде жалғызым – Қазақстан» атты шығармашылық кеш өтеді. Аталған кеш алдында ақын, композитор, актер Ермұрат Зейіпханның бір топ өлеңін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

*** 

Меде, у бөген, жақтауда, 
(Бiзге ендi бұдан жақын жақ бар ма). 
Алматының иiсi сiңген иiндi, 
Исiндiрiп Алатауым жатты алда. 

Онда бiздер биiкте едiк тағдырдан, 
Биiктедiк қол ұстасып қар-қырдан. 
Шуақтанып, қуаттанып балқыдық, 
Тек екеумiз, бар рахыман, бар нұрдан. 

Ұмыттық бiз – 
Маңдайдағы жазуды, 
Ұмыттық бiз – 
Шақырлаған азуды. 
Тыныс алдық саф ауамен дуасыз, 
Топтан оқшау пейiлi зәр, назы улы. 

Өттi күндер.... 
Өттi ай, жыл... 
Бақытты ек – 
Ләззатты да, 
Азапты да татып көп. 
Қайда жүрсем, жарық шашып ол тұрды, 
Тағдырымның маңдайында жаһұт боп... 

(...Күн мен түндей, 
Алма-кезек сор бақыт) 
Маған нұрын солғын шашып сол жаһұт – 
Ашпай қойды – 
кездескенде қабағын, 
Баспай қойды – 
бiрге жүрген жолға түк. 

Нәзiк едi, 
Одан қатты жоқ ендi, 
Бiрiкпейдi екi айрылған жол ендi. 
Мен өмiрдiң бұза алмадым бұғауын, 
Ол бiреудiң iзiн бағып жөнелдi... 

Медеу, бөген, жақтауда... 
(Ендi бiзге одан алыс жақ бар ма?!..) 

*** 

Құмарлықтан түйiнделген екенмiн, 
Ес бiлгелi сүйгiш болдым аруды. 
Құлаттым мен, қанша желкен көтердiм, 
Бақ не сорым, жолым болды торулы. 

Берсе-дағы жүйке, жүрек тастай ғып, 
Баулынды ақыры ширығу мен сыздауға. 
Омар құмар шарапқа да бас қойдық, 
Шайырлардың сара жолын бұзбауға. 

Құштым ару, от құшақта тұншықтым, 
Таңданбадым тiрi қалған сұлбама. 
Шыр айналған әлем деген ұршықтың, 
Әйел деген қазығы екен бiр ғана. 

Күн шығыстың ақындары бiледi, 
Ғашық бола бiлген жүрек азбас-ты. 
Бiреу маған жұдырығын түйедi, 
Әлде қайдан көрiп қалып көз жасты. 

*** 

Ойың, қайдам, түзiк пе, әлде, бұзық па, 
Оқып көршi маңдайыңа сызып па. 
Өлеңiме құмар бола бер, қалқам, 
Өмiрiме қызықпашы-ай, қызықпа. 

Ақындағы басқа тiлек, басқа үмiт, 
Тұрса дейдi ол тастан-дағы жас тамып. 
Ғұмырыңды байлама сен оларға, 
Жатсаң мейлi жыр кiтабын жастанып. 

Оны дағы, өзiңдi де қор қылма, 
Оның жөнi, оның жолы өр-қырда. 
Барады әне, құлады әне, өлдi-ау деп, 
Тебiрен де отыра бер орныңда. 

Өзiм жайлы тым-тым қатал кеттiм бе?! 
Боталат па жанарыңды тек, мүлде. 
Менi ұмыт, ұмыту үшiн бара ғой – 
Той боп жатыр анау тұрған шеткi үйде. 

141-БӨЛМЕ, 1996-97 жыл. 

Түн ұзақ, жарым көңіл көншіген бе, 
Өзегіңді жаулап өрт өршігенде. 
Қарлығаштың қанаты желпігендей 
Оралады ойыма көрші бөлме. 

Таныспаппыз біз әлі, ай, жыл өтсе де, 
Бұла жүрек іздесіп, жүдетсе де. 
Тапқаныңнан көп болып жоғалтқаның, 
Күдікпенен қарайды күн өпсе де. 

Біліспеппіз, жанға сол бататын жай, 
Күйкі тірлік көсілтпес матап ыңғай. 
Менің таңым тұншығып ататын да, 
Көрші бөлме күрсініп жататындай. 

Жалғыз, жалғыз, көп жалғыз кең мекенде, 
Қысқа ғұмыр жетпессің тербетерге. 
Есім ауып жанынан мен өтемін, 
Есік жауып, жабырқап ол кетерде. 

*** 

Арғы жағы Алтайдың Қобда деймiн, 
Көш келедi байсалды жолда деймiн. 
Арғымағы алшаңдап ару келедi, 
Аңсап жүрген арманым сол ма деймiн. 

Арғы жағы Алтайдың Қобда ма екен, 
Қобда неге баянды болмады екен. 
Алыс қалдың қайран жер, қайран мекен, 
Бақыт едiң қонатын қолға некен. 

Жеткiзетiн даланың жан сыбырын, 
Әуенiне Алтайдың салшы бүгiн. 
Мен де сендей сағындым қалған елдi, 
Өзiң болшы дауасы — бал Шырыным. 

*** 

Өксимiн, жас жоқ, құрғап кетсе керек, 
(Бұлтта тозар көп селдеп, көп себелеп). 
Күз-iңiр — қараңғылық анталайды, 
Талатпайсың сен аяп, тек сен елеп. 

Сенiм жоқ қанша пенде өтсе керек, 
Қазан ұрған, 
Жылытпай — көксеген от. 
Тек сен елеп — құрсандым үмiт сауыт, 
Ендi жазмыш сынбаймын тепсе де кеп. 

Иемденiп ем, қайда да ием болып ең — 
Қараңғыны қақ жарып келгелi мен. 
Келдiң де кемпiрқосаққа орап алдың, 
Тұр едiм күз-iңiрге енгелi мен.  

Н. Айдархан