Табылды Досымов: "Оқырман, сен қой нүктесін"

Табылды Досымов: "Оқырман, сен қой нүктесін"
Фото: tonykok.kz

Алты шектің арланы Табылды Досымов қазақтан шыққан тұңғыш бард ақын. Оның ән жазылып, айтылып жүрген жырларынан басқа кітап бетінде қалған өлеңдері де жетерлік. Оқып, танысыңыз.

Жанарымның жарқылы

«Ертең, ертең,
Ертең жетем,
Ертең...» – мен,
Өрнекті өлең, сені іздедім өлкемнен,
Шалқар шабыт шаһарынан алыстап,
«Шайтан» шақтар, ұрдың талай желкемнен.

Мұз – тағдырда тайып жүріп өкшем мың,
Мұратыма ертең жетем деп сендім.
Сырласыма айнала алмай сырбаз жыр,
Бір басыма ұялады сексен мұң...

Мұңды басқан мұңдар – ғұмыр жазылмақ,
Жұбанбадым жұмақ – күннен наз ұрлап.
Көңіл – айдын, тулағанда толқының,
Қоңырайдым Сезім, төзім, өзім қап.

Ей, оқырман,
төрешілік – салт ұлы,
Пайымдарсың, болса сендік ар тірі.
Мынау жырлар –
Шамырқанған шақтарда
Бір жалт еткен жанарымның жарқылы.

Сарайшық
Көңілім ауып осынау ғаріп қалаға,
Түбінде жатқан түмендей тас тұмандардың.
Сарайшық барсам, сартап мұң сарып санама,
Бабалар қолын созады астынан жардың.

Бабалар қолын созады астынан жардың,
Жайратқан неткен, апыр-ай, қара күш едік.
Ызыңдап жеткен алыстан қаңғыбас бір ән.
Шер болып менің кеудемде алады шөгіп.

Шер болып менің кеудемде шөгіп алады,
Қаңғыбас бір ән қайырылып, қиырға кеткен.
Кеңірдегімде олардың қолы қалады,
Зәузаттарынан зарығып мейір дәметкен.

Мейір дәметкен зарығып зәузаттарынан,
Тексіз ұрпақтан болғасын бабалар ада.
Шығандап кетіп, оқимын аулақта құран,
Бетімді беріп бейкүнә мола – қалаға.

Сарайшық барсам, зұлымдар қиратқан алып,
Сүйектер қалған көмусіз қатарға беттей.
Тұншығып жатам түсімде зиратта қалып,
Сол құрбандардан арылып, шаһарға жетпей...

Әскерде жүріп, шет жерде,
Сағыныш сазын шерткенде.
Екі жыл сені қалдырдым,
Жүректе, сосын дәптерде.

Ерке қыз, жолың оң болғай,
Ер Тарғыныңды күтерде,
«Егеулі найза қолға алмай,
Ерлердің ісі бітер ме?!»

Еліге тартып күйді өзге,
Ел кезіп кеткен тентегін,
Есіне алып кей кезде,
Елеңдей ме екен ерке құм?!

Елес күндерге қол артып,
Есіл арманға шөлдеген,
Еркелігімді жоғалтып,
Есейіп қайтам елге мен.

Ермеңдер бірақ та маған,
Ерігіп кетті демеңдер.
Елінде тұрақтамаған,
Елім деп еңірегендер.

Шопанның жауынгер ұлы

Жауынгердің байлығы – от арманы,
Киіз үйді аңсайды ол, атарбаны...
Армандамай жандарал, маршалдықты,
Солдат болып жүр жай ғана қатардағы.

Қайтатұғын мезгіл де қалды жетіп.
Оралады ауылға жаз, күз өтіп,
Ұлы Отанды бұл күнде күзетуде,
Бір жыл бұрын жүретін мал күзетіп.

Көз алдымда көк орман он бұралып,
Көк теңізге айналар мөлдір, алып.
Сосын шырқап кетеді ол «Паңкөйлекті»
Шахматтың қорабын домбыра қып.

Солдат-күндер тірлікті сырғытады,
Жүрегінде көктейді жыр бұтағы.
Жастығының астында жатады ылғи,
Мұқабасыз Мұқаңның бір кітабы.

Ақиқат боп көңілдің қимағаны,
Жалғандыққа жас жаны қиналады.
Әшімовке келеді ұқсағысы,
Бекежанды ұнатпай кинодағы...

Келер жылдың, бұйыртса, аяғында,
Оралады өзі өскен мая құмға.
Анасының сағынды ол алақанын,
Әкесінің сағынды «таяғын да».

Әскер-өмір тезірек тәмамдалса,
Сүре қоймас өмірді жамандарша.
Бара сала ұстайды мұрагер боп,
Ақ таяғын әкенің,
... аман болса...

Неліктен көзіңе жас толады,
Жан едің өнегелі.
Сеземін, қимайсың Астананы,
Қимайсың және мені...

Әйтеуір қабағың түнерулі,
Қайғыдан шаршаған ба?
Қайтейін, бір ғана жүрегіңді,
Сыйларсың қанша жанға?!

Мен сенсіз бақытқа бөленбедім,
Қал соңғы сөзіңді айтып.
Жанымды ұғынсаң егер менің,
Келерсің өзің қайтып...

 Жақсы көрген соң иемденіп ем сыртыңнан,
Бұйырмағайсың айыпқа.
Жүректі мынау өзіңе қарай бұлқынған,
Лақтыра алмадым Жайыққа.

Қос құрлықта екенбіз біздер толғансам,
Алыс та жақын екі ара...
Арғы беттесің – Азиядасың сен болсаң,
Мен болсам – Еуропада...

***

Үтірмен сені бітірдім,
Бітірмей, жырым, нүктемен.
Бергі жағында нүктенің
Өлең – өмір тұр бітпеген.

Шабыстан шабыт, талмасаң,
Көбейер жырдың қатары.
Мәндірек болар әрқашан,
Мәңгілік сана сапары.

Тылсым жыр атты орманда,
Ойлы өлеңдерге шеп құрып.
Асқақ Алатау арманға,
Алқынбай жау – тектілік!

– Осылай деуді құп көрдім
Оқырман, сен қой нүктесін.
Адамдық ғұмыр біткен күн,
Ақындық ғұмыр бітпесін!

@. @assel_assanova