Шәкәрім: Мен үшін ешкім күймесін

Шәкәрім: Мен үшін ешкім күймесін
Фото: st-cbs.ucoz.kz

Бүгін, 24 шілде Шәкәрім Құдайбердіұлы туғанына 158 жыл. Абай салған сара жолдан таймай жүрген ақынның туған күніне орай, интернетте жарияланбаған өлеңдерін ұсынамыз. Ақын боламын деген, пәлсапа қуамын деген жан іздегенін Шәкәрім өлеңінен табатынына сеніміміз мол.

Біреудің мінін кешірсең,
Саған да құдай кешеді.
Бәрін де қылмай есірсең,
Төбеңді әлі-ақ теседі.

Көңілі жұмсақ адамның,
Күрмеуін тағдыр шешеді.
Рахымсыз, пейлі жаманның
Орны дайын деседі.

Мен досыңмын, жау емес,
Еліре берме, қайта ту.
Жүрегім дертті, сау емес,
Сол себепті сөзім – у.

Ащы деп алмай қоймаңыз,
Аңсағанда, керек су.
Абайлап артын ойлаңыз,
Алды ғой алдап, өңкей қу.

Ғайсадай жан беретін таңның желі,
Қайғымды желге ұшырып, тірілт мені!
Ақылым, кәрілікке жабырқама,
Талпынып тағы да ақтар дүниені.

Қайратым, қарсы жүзіп, қайраңдап шық.
Әдейі сақтағамын соған сені.
Тілім, сен барша жанға пайдалыны айт,
Ақынсынып айта бермей әлденені.

Шебер тіл жүйрік ойды шеше білсе,
Таусылар деп ойлама сөздің кені,
 Жыр, өлең, насихат сөз, мақал, тақпақ,
Тауып айтса – дауасыз дерттің емі.

Сырты сау, іші науқас елдің дені,
Алдап айтқыш ақын көп – тіл шешені.
 Жайдарысып құйрығын жайқақтатар,
Жүрегінің сыры емес сөйлегені. 

Мұнысы – тұзақ құрып, салған жемі,
 Сырты пішпе босла да, ішінде ені.
Ондайлардың орнықты беті болмас,
Жел диірмен сияқты сенделмелі.

Заманның ыңғайына аққан сеңі
Әр айғырға бір кірген байтал – теңі.
Не үкімет, немесе қауымды алдап,
 Арсыздықпен не болар алған шені?

Егер сүйікті ол бала,
Көңілімді алса мен үшін.
Самарқан мен Бұқара,
Бердім қара мең үшін.

Қалған қымызды әкел сен,
 Бер, аяқшы, кесемен.
 Гүлді жеміс, талды өзен,
Табылмайды бейістен.

Шала асықпыз жағалап,
 Жар көңілі бір бөлек.
 Қастауыш, иіс, мең, далап
 Нұрлы жүзге не керек.

 Мастық, қымыз әм сөйлес,
Дүние сырын сөз қылма.
Ол тұңғиық жан білмес,
Сыр да ашылмас мың жылда.

Жүсіптегі сұлу жүз,
Күндей нұрын жайғызған.
 Зылиқаны білеміз,
Ар-ұяттан тайғызған.

 Мінімді айттың, разы, біл,
Мен сондайда ұнайым.
Тәтті ерінге ащы тіл,
Жарасады әрдайым.

Насихатты, кел, есіт,
Кәрі ғылым айтса зар.
Есті, басты жас жігіт
Оны жаннан дос тұтар.

Меруерт тіздің жыр сөзін,
Жақсы оқышы жақын кеп.
Аспан шашсын жұлдызын:
"Бәрекелді, батыр", – деп. 

Ей жастар, қалай дейсің бұл дүние?
Мұны бүйтіп жаратқан қандай нәрсе?
Білімсіз мақсұтсыздан шыққан болса,
Мақсұт, білім, ой шықты мұнан неге?

Керексіз жаратылған бір тозаңы жоқ,
Тәртіпті, таң қаларлық зор мәшине.
Алыстан іздемей-ақ, ойласаңыз,
Көру үшін жаралған көзіңіз де.

Себебі, толымдының ісі толық
Ең түпкі жаратушы – мінсіз ие.
Күш, білім, шеберлікті іс білгізер,
Есті, мінсіз – шебердің ісі емес пе?

Ұлықтарша қорқытпай законменен,
 Молдаларша теңемен кәпірменен.
Егер сөзім қонбаса көкейіңе,
Жығарлық дәлеліңді айт ақылменен.

Дағды, күншіл, өзімшіл, айла, мақтан
Қайырылмай дос-жарыңа, жақынменен.
Ар, нысапқа не жауап берер едің,
Түзу істі қисайтсаң тақылменен.

 Жұрт не десе, үй десін,
Мен үшін ешкім күймесін.
Өздері-ақ ұлып, шұбырып,
Ылыққан иттей күйлесін.

Айта алмайсың дұрысын,
Алаяқ бәрің ұрысың.
Жуанды сүйеп ел жеген
Басшыларың құрысын.

Қазақтың көзсіз баласын
Қаңғытып қайда баарсың.
Арыңды сатып арамға,
Адалдап қалай аласың? 

@. @assel_assanova