Жандарбек Жұмағұлов: «Мен жазғым келеді...»

Жандарбек Жұмағұлов: «Мен жазғым келеді...»
Фото: vk.com, adme.ru, pcs-zone.ru

Жас ақын Жандарбек Жұмағұлов 1995 жылы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында дүниеге келген. Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің ІІI курс студенті.

Поэзия – тарихтан да, тіпті философиядан да жоғары екенін бағзы заманнан-ақ ұлы Аристотель айтып бергені мәлім. Себебі, поэзия – әлемнің жыршысы, ақылдың айнасы, халық мұңы, өнердің шыңы. Сол өнердің шыңына өрлеп бара жатқан жас ақын Жандарбектің де өлеңдерінің ұйқасы – шымыр, тіркестері – ойлы. Ішкі әлеміндегі жан толғанысын жырға қосқан талантты өреннің өлеңдерін оқи отырыңыздар.

Аңсар

Тыңдашы қалқам, тыңдашы үнімді,
Үміт артпайды тілекке Ар
Түбінде терең сыр жасырулы,
Атқақтап соққан жүрек бар!

Шайырларындай шерменде болған,
Қарашы, әне, ізгі Айды.
Менің де мынау кеудемде қалған,
Жараның орны сыздайды.

Тағдырмен жалғыз күресіп күнде,
Біткен бе деймін күш-дәрмен
Кетсем бе, әлде, ілесіп бірге,
Жылы жаққа ұшқан құстармен.

Сезінсе жаным жырдың керегін,
Жалындап жанда сөз қайнар
Қашырар солай түннің бедерін
Санада жүзген кезбе ойлар.

Жасындай қыздың жанардан аққан,
Көшуде үнсіз жылға күн
Дертіме ұласып маған да батқан,
Қайрылмай өткен жылдарым.

Опасыз күнді кешірем бе оңай,
Бағым жүр таппай арнасын.
Жадымнан гүлім өшірем қалай,
Тағдырдың салған таңбасын.

Көңілсіздіктен құлазып едім,
Жайымды ұғар жан бар ма?!
Жаһанды кешкен мына жүрегім
Жарылып кетсе таң қалма!.. 

***

Суырып алса жаныңдағыны жұлып күз,

Көңіліңдегі ашылмай жүрген құлыпты үз

Іздеген бәрін опасыз мына тірліктен,

Біз деген жаным қалтырап тұрған үмітпіз...

 

Қарайтындай ма мүсіркеп тағы мұңыңа ел,

Ондайда жалғыз жүректің ғана жырын өр!

Бүлінер ол да сүйеніш таппай кей кезде,

Жығылып барып сүрінер.

 

Болмайды білем, аяз да жауын, жол қарсыз,

Балауыз шамдай жанған үмітің ол да әлсіз

Жаныңда жүрген жақын да жат боп кетерін,

Сезбейді деме, сезеді жүрек қорғансыз.

 

Менің де кейде кешкім келеді елсіз күн,

Тұмсадай тұнық жанарда қалып шерсіз мұң.

Танытар шақта ессіздеу айтар бір ерлік,

Айбатым болмай, қайратым қалмай жер сыздым.

 

Түндерді өткеріп, ұйқысыз талай таң асып,

Тұрлаусыз өткен тұман күндерде адасып,

Жылаған ардай, жұбана да алмай сенделіп,

Жақынын іздеп қарауытады қарашық.

 

Ұшында көздің мұнартып тұрса арман шың,

Жүрекпен салар сезімге толы ән қалсын.

Көмейге жас боп кептеліп қалған өксіктей,

Ішінен жырдың жаңғырып тұрар жан даусым.

 

Таппаспын сірә, тыншымайтұғын жаныма ем,

Жүректің жұмсақ жалыны - күшті, әлі – кем.

Мен деген мына тірлік те қалар, жай ғана,

Биік бол күнім пендешіліктің бәрінен!.. 

***

Құлады екем қандай ор, қай құрдымға, 
Құшағымды ып-ыстық жайдым мұңға
Әттең ішім ашиды, сен де қалқам, 
Сәттер үшін аяулы қайғырдың ба?!

Қасіретімді қаусатқан жыр ғып есіп, 
Түнді кешіп, тұңғиық мұңды кешіп, 
Мен де күнiм үмітпен келем ылғи, 
Күреңіткен күндермен бірге ілесіп. 

Біле алмадым үміттің үні қандай, 
Бір жарға әйтеуір соғылар түбі маңдай. 
Өзгелерді жылытып, суынам да, 
Өз отыма жүремін жылына алмай. 

Жаурасам да мезгілсіз жел өтінде, 
Бір үмітпен қарадым келетiнге
Мен мұңайдым жыр үшін жазылмаған,
Сен мұңайдың қалқатай неге түнде?!

Бақ үшін бе, жоқ әлде сор үшін бе, 
Себеп таппай қиналдық көрісуге.
Сен жыладың жападан жалғыз қалып, 
Мен жыладым белгісіз көп ішінде. 

Ұға да алмай өксіген гүлдің зарын, 
Тұрмын үнсіз...
Ішімнен тындым жаным.
Жүрегіме көшіріп алдым тағы, 
Сені осы мұңайтқан түннің бәрiн... 

***

Мен жазғым келеді,
Жүректің тұп-тұнық екенін,
Бақыттың күттіріп өтерін,

Мен жазғым келеді,
Адамдарға сенуге болмайтынын,
Өмірдегінің бәрі көңілге қонбайтынын,

Мен жазғым келеді,
Дүниенің бір күнде өтерін,
Ғаламның мынау ғажайып сыры
Сенің күлкіңде екенін,

Мен жазғым келеді,
Жүрекке сондай ауыр екенін,
Ол есік бәрібір жабық екенін,

Мен жазғым келеді,
Жолдардың ешқашан жұбатпайтынын,
Жақының түбінде жырақтайтынын,

Мен жазғым келеді,
Ақынды ақтағым келгенін,
Хатыңды сақтағым келгенін,

Мен жазғым келеді,
Күлкінің ішінде көз жасы барын,
Бақытқа сордың тез қосыларын,

Мен жазғым келеді,
Бәрінің себепсіз болмайтынын,
Өлеңнің керексіз қалмайтынын,

Мен жазғым келеді,
Не екенін өрлік дегенің,
Адалдың қорлық көрерін,

Мен жазғым келеді,
Ғашықтың көзсіз екенін,
Адамның емес,
Алланың мейірімі шексіз екенін!..

Мен жазғым келеді... 

***

Бәрi осылай өзгереді...
Өзгерген.
Соның бәрiн күнәhарлы көз көрген.
Барымды алып ұмтыламын, о неге,
Жанып-жанып басылады өз кеудем.

Жүрек қайта соққанмен,
Ол да әйтеуір алданады жоқ-бармен
Көз алдымда бұлдыраған күндерім
Оралмайтын керуенімен кеттi әрмен.

Қабырғасын қырық сөгіп бұл түннің
құшағында бұлқындым.
Жаным кенет шексіздікке жұтылып,
Кешір күнім, көңілсіздеу жыр тудым.

Сен де басқа. 
Мен де басқа. 
Басқамыз. 
Кім-кімді де алыстатар басқан із..
Көңілімнің бір боздатып ботасын,
О, өлеңім жүрегімнен жас тамыз.

Көп нүктелер(...)
Сұрақ белгi(?)
Сауалдар(???)
Әрбір сауал жас үйірген жанарға әр.
Көктемімен күліп тұрып қоштасып,
Неге өткенін сағынады адамдар?

***

Үлбіреген жанымды мұңға малып, 
Көз алдымда барады жылдар ағып. 
Өткінші сәт өкінтіп өтеді екен, 
Өлшеп берген шаттығын бұлдап алып. 

Оңға басқан адымым сорға басқан,
Дәруіштей күй кештім жолда адасқан
Мен кіршіксіз шақты аңсап кеттiм бе екен, 
Ең аяулы сезімді қорғамастан.

Қадамдарға жасалған аңдымай түк,
Төрелігін бередi тағдыр айтып. 
Мезгіл желі ұшырып қалтыратқан
Жапырақтай жұбатам жанды қайтіп?!

Мен үшін де белгiлi, сен үшін де,
Уақыт-ғұмыр көнбейді келісуге.
Қимастық бар әр сәтте байқалмайтын,
Күрсініс бар әр жұтқан дем ішінде. 

Жырдан өзге келмеді ешкімге әлім,
Бағын, сорын, кешірші, кештім бәрін. 
Әлдекімді өлердей сағынғанда
Жалғыздықтан түндерге естілді әнім. 

Қадіріне жете алдық біздер ненің,
Қалды қандай әр басқан іздерде мұң.
Көңілімде көктем жүр, байқамаппын,
Ескертусіз тағы да күз келгенін... 

***

Жалғанда мына не біліп, мен нені ұғындым,
Күнәсін Алла кеше ме пенделігімнің?!
Аспанға аңсар ауады, құрысын бәрi,
Жалғыздық толы осынау жердегі күннің.

Сен соқшы жүрек, өтінем, басыла берме,
Жөргегімдегі сәби жыр асығады өрге.
Тағдырдың желі мезгілсіз қалтыратса да,
Жапырақ жаным сен олай шашыла көрме.

Түсiне алмадым, есем бе, бар менің қандай,
Әр тынысымда бір ауыр әлде мұң бардай
Өмірді әлі жаным-ау, сүре алмай жатып,
Әл-демім құрып барады дәрменім қалмай.

Жүрегім бәрiн сезеді, орындатады,
Қарадай бүгiн несіне көңіл қапалы?!
Алай да дүлей әйтеуір ішімде менің,
Мен түсінбейтін бірдеңе болып жатады...

Ө. Сансызбай