Қор болдың-ау қайтейін, қайран көрік

Қор болдың-ау қайтейін, қайран көрік
Фото: Вадим Константинов, Антон Бадак

Оқырманымыз Еділбек Дүйсенов - Маңғыстау облысында дүниеге келген жас ақын. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультетінің студенті. "Жұмбақ сәуле", "Дауыс", "Мың бір жұмбақ" кітаптарының авторы. Республикалық "Сұрағандарың сөз болса", "Ақберен", "Абай оқулары", "Мағжан көктемі", "Мұқағали оқулары", "Ер Жәнібек" жыр мүшәйраларының жеңімпазы және жүлдегері. Өлеңдері және ғұмырбаяны "Қашаған - сөздің дүлділі", "Ақтау қаласының жылнамасы", "Қазақстанның үміт артарлары" жинақтарына енген. Өлеңдері республикалық және облыс-тық баспасөз беттерінде жарияланып тұрады. Назарларыңызға жас ақынның отты туындыларын ұсынамыз.

ДАУЫС 

Жаңылғандай, көңіл-күй қағысынан,

Шындық үшін ұмтылып, жанұшырам.

Шырт ұйқымнан оянып кетем кейде,

Шырқыраған шындықтың дауысынан.


Ақ пен қара жүр әлі тайталасып,

Айтарымды бұлтақсыз айтам ашық.

Өкінемін, кейбіреу отырады-ау,

Өтіріктің түндігін айқара ашып.

 

Солай достым, сен мейлі, сенбе мейлі,

Құлақ түріп тыңдашы, ел не дейді?

Кесапаттың кесірлі кесірткесі,

Омырауға жармасып, өрмелейді.

 

Дауыс...дауыс... Жан-жағым толған дауыс,

Ол - қуаныш... Ол - қайғы... Ол - жанбағыс.

Ар – патшаның алдында тізе бүгіп,

Ақиқатты айту да болған ба күш!?

 

Ішке бүккен амалын түлкідейін,

Арамза жүр, тартатын құлқы кейін.

Құтырынған құйындай даңғаза ғып,

Ұшыратын дауыс бар жұрт үрейін.

 

Жандар анау, шындықтан алыс қалған,

Қайтсін менің сөзімді, намыстанған!?

Миым менің, арасы құжынаған,

Омартаға ұқсайды, дауыстардан.

 

Қайран үндер көмейде құмығады,

Қанат қақшы, арманның тұнық әні!

Әділдікті ту етіп дүрсілдеген,

Жүрегім-ай, даусыңды кім ұғады?!

 

Жаңылғандай, көңіл-күй қағысынан,

Шындық үшін ұмтылып, жанұшырам.

Шырт ұйқымнан оянып кетем кейде,

Шырқыраған шындықтың дауысынан.


ЖАСАНДЫЛЫҚ

Жармасады жағама жасандылық,

Жоламаймын жолына, қашам, біліп.

Өмір түлкі алдайды, аңқаусыған,

Көлгір күлкі, құбылған қасаң қылық.

 

Анайылық шығады андап алдан,

Жолыққандай күй кешем жанға жалған.

Балтыр сипап барады ұзын бұрым,

Оны-дағы арқандай жалғап алған.

 

Жасанды шаш, жасанды кірпігі де,

Жамау құсап, жараспай тұр түріне.

Жыларман боп кетемін шыдай алмай,

Болар бәлкім біреуге күлкілі де.

 

Тағы нең бар, жоқ па әлі қанған жерік,

Қалдым екен осыны қайдан көріп!?

Қарапайым қалпыңа не жетеді,

Қор болдың-ау қайтейін қайран көрік!

 

Мейлі қазір сазды әуен шалқысын-ақ,

Мықты болсаң жүйкеңді алшы сынап.

Қосып қойып қысылмай, фонодискі,

Ән айтады өтірік әншісымақ.

 

Жетістікке қарсы емен қалқам бірақ,

Көмейімде күмілжіп қалған сұрақ.

Көбейтуді біле ме, ойша шешіп,

Компьютерде отырған қалқанқұлақ?

 

Бояулар бар... айналам толған бояу,

Жасанды түс, көбісі оңған бояу.

Жасандының безерген жалпақ бетін,

Бояп алсам шындыққа болғандай-ау!

 

Жасанды сөз, жалған ой, жалған пішін...

Қоқыстайын қопырап қалғанбысың?

Жасандылық жуытпай жүректерге,

Ақиқатқа айналшы арман-құсым!

 

Ілгерілеп жарытпас, арзан ілген...

Атой салған айтамын ар заңыммен.

Табиғаттан тамырын үзбесе деп,

Тілеп тұрмын жұртыма, бар жаныммен!

 

АҚЫН МЕН АСПАН (Фариза апа рухына)

Киелі жер, қарашықта-көк аспан,

Туылғанда тірлігіңе жол ашқан.

Көкке қарап, ұмтылатын биікке,

Ақын менен аспан егіз о бастан!


О, табиғат құдіретің ғажап-ақ,

Тыншытпадың жүрегімді мазалап.

Ақтауымда жаңбыр жауып сол күні,

Аспан тұрды ақын қызын азалап.


Мөлдір тамшы... дидарымды шылаған,

Көз жасындай омырауға құлаған.

Фариза апа жұртың жоқтап жатыр ғой,

Сұм ажалға қалай қарсы тұра алам?!


Әй, ажал-ай, соқырсың ғой, соқырсың,

Білмейсің-ау, кімді әкетіп отырсың!?

Қылығыңа қалың орман қайғырып,

Сұрапыл жел шашын жайып, өкірсін.


Нәзіктік пен Махамбеттей тұрды арын,

Ақиқатты айтып өтті жырларың.

Жайық анау жылап ағып барады,

Кемсеңдейтін секілді ме құм Нарын?..


Кеудем-дауыл, астаң-кестең сең жүріп,

"Ол тірі" деп өзімді-өзім сендіріп.

Жұлдыз жырың көкке шығып кеткендей,

Түнгі аспанға қарап тұрмын телміріп...

 

АВТОПОРТРЕТ

Үйренбеген асау тайдай, бас біліп,

Түйіледі, тастайтындай тасты үгіп...

Қимылын сап, әжуа еткен айнаға,

Жымияды кекесінмен, жас жігіт...

 

...Нөсер сезім, арық ойға жарыған,

Оқырманға өз айтары бар ұлан.

Сөз-семсерін, кеудедегі ширыққан,

Намысына жаныған!

 

Көп жұрт әлі білмейді оның есімін,

Мезгіл атты абыз айтар кесімін.

Жыр-тұлпарға қонады ол,

жаба сап,

Бөлмесінің есігін.


Бірде-күндей, бірде-түндей қабағы,

Сезім шарпып сергелдеңге салады.

Мынау әлем... Соның ақ пен қарасын,

Қатар көрер жанары.

 

Қара шашы-қара өлеңдей қиысқан,

Санасынан қиял құсы жиі ұшқан.

Ол сенімді, аржағынан азаптың,

Жарқырауы тиіс, таң!

 

Жолыққалы, жұмбақ әлем жыр деген,

Күйді кешті-ау, бұрын-соңды білмеген.

Ұйқысыздық мөр басыпты өңіне,

Маза бермей, жүр ме өлең?!

 

Түйсігінде тірліктің сан толғамы,

Қағаз бенен қалам болса, болғаны.

Байлығыңа байланбайды бас жібі,

Бойындағы, сол-бары!

 

Қарашықта тұнып қалған неге мұң?

Ешкім оның шешіп бермес себебін.

Өз-өзіне көңіл толмай, айнадан,

Қарап тұрған мен едім...

 

ҮШЕУ

Ой - серігім,

Мұң - досым,

Жыр - бақытым,

Үшеуінің үндес-ау ырғағы тым.

Ойланумен, мұңайып, толғанумен,

Талай-талай ұйқымды ұрлады түн.

 

Асыл ойға ділгірмін, алаңдайым,

Сол қазына, кезікпес маған дайын.

Ойсыз өткен күндерім - өмір емес,

Аңыздағы дәні жоқ сабандайын.

 

Қара нарын шөгеріп шатты күнім,

Көкіректен қанатын қақты бір үн.

Ұйып тұрған уыздай тамсандырар,

Жақын менің жаныма тәтті мұңым.


Ой-самалмен құрақтай ырғаламын,

Малынбастан дәуітке тұр қаламым.

Ұштығына ыға алмай қапелімде,

Түпсіз ойдың торына шырмаламын.

 

Тамызығы – ой-серік, талабымның,

Талбесігі тәрізді, сана – мұңның.

Нұр-сезімге бөлейтін жүрегімді,

Бақыт деген, ұшында қаламымның!..

ӨМІР ЖОЛЫ

Ұлан едім, сертке ұстаған сенімін,

Алаңдайтын ертеңіне елінің.

Жаутаңдатып кете алмадым жырымды,

Сауығына шақырса да сері күн.

 

Өлеңімде сыр тұнады мұңдылау,

Тіршілік-ай, ессіз ғашық қылдың-ау!

Келдің екен, келтір оның қиюын,

Өмір деген құрақ көрпе мың құрау...

 

Алға солай үмітпенен ұмтылдым,

Ұланғайыр мұраты үшін ұлтымның.

Алауласам "Ұран оттай" арман не,

Жамау болсам жыртығына жұртымның.

 

Мініп алдым, тағдыр-тұлпар көлігін,

Алда не бар, біліп жатыр оны кім!?

Қашықтығын жүріп келем қысқартып,

Өмірімнің "Уақыт" деген жолының.

 

Ғажап әлем нұрын маған құяды,

Сан сурет – жанарымда ұялы.

Жолда келем, қалдырмасын деп тілеп,

Тасырқамай тұлпарымның тұяғы.

 

Қашан тойған сұм ажалдың араны,

Түсінер-ау бұл сөзімді саналы:

Мына мені хақ билеуші Тәңірім,

Жасық жырды жазған күні алады!

Қ. Бүйенбай