Арман Шеризат: "Кеудем іші күмбірлейді көне жыр"

Арман Шеризат: "Кеудем іші күмбірлейді көне жыр"
Фото: udekorujdom.pl, favim.com, жеке мұрағат.

Жақында Қасым ақынның атындағы портал жаңа бір бастаманы қолға алған болатын. Мақсат бойынша, еліміздің түкпір-түкпірінен жұлдызы жарқырап көрінген болашағы баянды, талантты жастардың кітабын баспадан шығарып беру ісі жолға қойылды. Ең басты міндет - жаңа есімдер ашу. Алғаш болып қарағандылық жас ақын Аян Мераштың "Саған арнадым" атты жыр жинағы жарық көрді. Одан кейін "Қасым.kz сериясы" жобасының екінші шығарылымы семейлік жас Арман Шеризатқа арналды. Белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының алғы сөзімен шыққан жыр кітабының аты "Тәңiрқұт" деп аталды. Ендеше "Тәңiрқұт" кітабынан тәбәрік болсын деген ниетпен, Арманның бірнеше өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.

Шеризат Арман Манарбекұлы 1992 жылы 4 наурызда ШҚО, Абай ауданы, Медеу ауылында дүниеге келген. Бүгiнде Семей қаласы Шәкәрiм атындағы мемлекеттiк университетiнiң, филология ғылымдарының магистрi.

***

Барыммен сүй, іздеме, жоқты менен,
Жаныңмен сүй, балқысын отты денең.
Ғашық жүрек тауысып төзімімді,
Тайқы маңдай тағдырдан соққы жеген.

Соққы жеген, сонда да басылмаған,
Менде ұлы сезім бар ашылмаған.
Жеткізе алмай жүректі сүйгеніне,
Алып келем қалқалап басымды аман.

Жүрегіммен білмеймін жарастым ба?
О, махаббат, сен мені адастырма!
Сезім – ол да көктем ғой, бүр жаратын,
Көктемімді өлтірме қар астында.


***

Менен бұрын сан керуен сапар кешкен,
Өмір қызық-қайғы ғой қатар көшкен.
Астан-кестен жалғанның сыйқын көрдім,
Қызыл жалқын ойнаған батар кештен.

Нені білдім, нені ұқтым, сездім нені?
Көңіл толқып, шайқалды көздің көлі.
Қалжыраған ойлардан қаңбақ басты,
Ықтырумен әкетті сөздің желі.

Ғашық жүрек жанымды өлең өртеп,
Ақ жауыны арманның себелер тек.
Жарығы ойдың қалар ма әр жүректе,
Жұлдыздардай жалт етіп сөне берсек.

Өмір, сірә, сыймайды өлшемге еш,
Кемел ойға кетеді кемсеңдеп ес.
Елес қуып, артынан жете алмадым,
Ұзап кетті тағы бір теңселген көш. 
Ұзап кетті...

***

Осыншама өмірім мұңсыз ба еді?
Өтіп жатыр өлшеусіз күн тізбегі.
Жыластаған жылдарым жұмып көзін, 
Шығарып сап тұрады үнсіз мені.

Кеше ғана қайғырып, күлгем кеше,
Көңіл, шіркін, көңіл ме гүлденбесе?
Өткен күнге не пайда өкінгеннен?
Өмір, шіркін, өмір ме бір келмесе?

Үлермегем ештеңе таразылап,
Қарақат көз неліктен қарады ұзақ.
Күнделікке қалдырып болмашы ізін,
Күндер, күндер білінбей барады ұзап.

Өткен күннен алдым ба аласымды,
Жүрек неге бұлқынып аласұрды.
Сетен көңіл бір күні сетінейді-ау,
Сезінбеген бақытын бала сынды.

Алаңдайды көңілім от басардай,
Ей, тағдырым, қойсаңшы отқа салмай.
Жаңа күнді қарсы алып мен үнемі,
Өткеніммен тұрамын қоштаса алмай.

Көктем

Көктем бе бұл күн нұрына болған мас?!
Қалың ұйқы көтеруде қардан бас.
Жер-ананың соғып жатты кеудесін,
Қыз-қайыңның кірпігінен тамған жас.

Мынау дала жарасым ғой, жан ұғыс, 
Әр бүршікте жатыр көктем жарып іш.
Құшағында тербетіп тұр ғаламды,
Құс үнімен жеткен ұлы сағыныш.

Көктем күткен көңіліме гүл бітіп,
Жарқ етсе күн, мөлт етеді түнгі шық.
Хош аңқыған қиялымның ішінде,
Ақ көбелек, балалығым жүрді ұшып.

Балалық-ай, қол бұлғаған бөктерден,
Өмір өзі бастау алған көктемнен.
Әр адамның ішінде асқақ көктем бар,
Сағыныштан күзге айналып кеткенмен.

Ару- көктем, бақытыңа бөле бір,
Кеудем іші күмбірлейді көне жыр.
Қара жердің жарып шыққан құрсағын,
Мен көктемнің ақынымын, ей, өмір!

***

Мың бұралаң өмірдің көшесімен,
Жөңкіле жылдар көшті неше түмен.
Әкетеді ақыры тұңғиыққа,
Батқан күннің бұлт сипап шекесінен.

Жүз құбылса жалғанның түр-кескіні,
Қоза түсер пенделер күндестігі...
Өмір-базар деп жүрген кей адамдар,
Базар - өмір емесін білмес түбі.

Базаршылап кеткенде халық түгел,
Көңіліме менің де қамық түнер.
Көзін қойып кетердей өзін сатып 
Саудаласып үйренген сауықшыл ел.

Ойларымның бірі үміт, бірі күмән.
Бұл тірліктің басы ашық, түбі тұман.
Баянымен ән сап тұр қайыршы шал,
Баянсыз дүниенің бұрышынан.

***

Аспалы көпір астында,
Бейнеңді көрем жағадан.
О, менің аппақ сезімім!
О, менің аппақ шағалам!

Куәсі болып сол күннің 
Сұлбамыз суда елтіп нұр..
Көшіне сонау толқынның ,
Кетіп ек сырды шертіп бір.

Санама сезім бағынбай,
Ұмытқам сонда қайғыны.
Толқыды менің жанымдай,
Ертіске түскен ай нұры.

Жабырқап жазға айтам ән,
Айналып күзге кеткенмін.
Оралдым жалғыз қайтадан,
Көз жасын көріп көктемнің.

Мұңлықты көпір тыңдар ма,
Телміріп тұрмын қайта алмай.
Төбемнен көшкен жылдарға,
Төменнен үкім айта алмай.

Ш. Талап