Не дейін, Еркешім?

Не дейін, Еркешім?

Құрметті оқырмандар, бүгін біз сіздерге жас ақын Нұртас Тұрғанбектің шығармашылығынан өлеңдер ұсынбақпыз. Әдебиет әлемінде  қаламын қайыстырып алмастан, шабытын шыңдап, өлеңді жанына серік қылған Нұртастың жырлары тап-таза сезімдермен үйлескендей.

Не дейін, Еркешім?

Не дейін, Еркешім?

Былапыт, былғаныш тірлікті кешкенде,

Ғаламым ғаламат дүрлікті дес берме.

Түймедей нәрсені түйедей еткен шақ

«Сақтаймын – деуші едім, бірлікті өскенде».

Не дейін, Еркешім?

Мен соған дейін де бекерге тырыстым,

Жүзінен жүгіріп өтем деп қылыштың.

Мұң басқан жаныммен мұңдасқан қауым жоқ

Көңілді көр болған көтермек бір ұшқын.

Не дейін, Еркешім?

Там-тұмдап жүргенде тасынды қиял-мұң,

Қиялға ерем деп басымды қиярмын.

Өтірік күлгеннен шаршадым бірақ та

Жылағым келсе де, жасымды тыярмын.

Не дейін, Еркешім?

Жүрегім үлкен де, көлемім кішірек

Қиналам несіне?

Өр едім мысы бек.

Өртенер сезімді маздатып жатқанда

Тұрады қарагер өнерім кісінеп.

Не дейін, Еркешім?

Желпитін жел болып өткенің далбаса,

Болашақ сенім жоқ өткенім алдаса.

Көлемім, жасым да өзіңнен кішірек

Ертерек есейіп кеткенім болмаса.

Не дейін, Еркешім,

Өзіңді өмірге тым қиын ертесің,

Сезімдей үзіпті қырғиым желкесін.

Несіне елітіп, несіне іздейсің,

Несіне жанымның қыл күйін шертесің?..

 

Үзіліп жапырақ жылап тұрды бақта

Кешірші, өзіңді ұнаттым бірақ та...

 

Мұң. Мен. Түн.

Мұң...

Тәтті ме, білмеймін, ащы ма?

Жатады жанымда жас тұна.

Жүректі сезімге езгілеп,

Батады табанның астына.

Мен...

Сол мұңды қабылдап аламын,

Жас болар шық тұрған жанарым.

Масқа да серік боп, жасқа да

Тасқа да мұңымды шағамын.

Түн...

Ойлар  мен ойнақтың мекені,

Басымда онсыз да жетеді.

Жалғыздық жатады жаңғырып,

Сездіріп сорымды екі елі.

Ал...

Бәрін де түсінсең, қабыл ал,

Жанымды мұң тұнған танып ал.

Біреуді сүйеді тек үнсіз

Біреуді іздер де, сағынар.

Қал...

Сәтінде сезімді қармап қал,

Өлеңді демегін арнапты әр.

Сезімнен сал болған аяқ-қол,

Саусақтар, шабылған бармақтар.

(Тек жүрек соғады дүрсілдеп

Осынау тірлікті жалғап бар)

Біл...

Жүректің мұң-сырын танып біл,

Жаралы жанымды жарық қыл.

Іздеткін, сағынтқын, зарықтыр,

Сен де ізде, бақытқа қанық қыл!

Бұл...

Көмейден шықпайды біркелкі үн,

Жыр түнек – өмірім, жыр – көркім.

Ақындық – өзімнің әлемім:

Мұң. Мен. Түн...

Сурет: favim.ru

А. Әбілхан