Рафаэль Ниязбек: "Жүрегімде - ғасырлардың салмағы"

Рафаэль Ниязбек: "Жүрегімде - ғасырлардың салмағы"

Рафаэль Ниязбек 1943 жылы 24 наурызда Жамбыл облысы Талас ауданының қазіргі Тамабек ауылында дүниеге келген. 1978 жылы Қазақ мемлекеттік универсиетінің филология факультетін бітірген.

Рафаэль Ниязбек Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығының иегері, Шешен Республикасы Жоғарғы Мемлекеттік «Ұлт намысы» орденінің, Шешенстан Мемлекетік сыйлығының лауреаты, Бауыржан Момышұлының 90 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасының бас жүлдегері, Тараз қаласыньң 2000 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасының бірінші жүлдегері. 

Ақын бүгін 72 жасқа толып отыр. Ақынның туған күніне орай бір өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.

Жүрегімде - ғасырлардың салмағы

Ақындардың арманы -
Асау ағыстар арналы.
Шөлдалаға су жетіп,
Тіршіліктің гүлдеп
бүршік жарғаны.
Жауыздардың арманы -
Соғыс өрті тұтанып,
Бомбыларын-жұмыртқасын жарғаны;
Кеңге салып арқаны
Елдің түгел кеңістігін ойрандап,
Қазынасын қолдан тартып алғалы.
Жауыздығы жыртқыштардан аумаған,
Қарақшының бәрі жұртты жаулаған.
Таулы өлкесін өзгенің,
Өз жеріндей даулаған.
Өз жерінде аң аулап,
Кісі елінде адам ғана аулаған.
Тыныштығын күзеткен,
Таулар қанша.
Табанынан сыз өткен?
Қалғымайды тауларда,
Қалғымайды кең дала,
Бір оқты да қалт жібермей дыз еткен.
Сәл қалғыса болғаны,
Атып шығып түнектен
Көздейді тек жүректен.
Жауыз қолдың орғаны -
Жалпақ жұрттың қалың қара орманы.
Бұйым емес
оларға
Тіршіліктің солғаны.
Бар ма олардың оңғаны?
Қанға жерік қорқаудай,
Соғысып өтсе болғаны.
Айтты деме үш қары,
Адам түгіл бірін-бірі жейді екен,
Бейбітшілік құстары -
Көгершіндер тордағы.
Ел көрмеген сұмдық шығар ол-дағы,
Д үниенің қысқан шақта толғағы.
Бірақ адамдарға
қайранмын,
Тастамаған қаруларын қолдағы.
Адам неге болған сайын саналы,
Кең дүние сонша неге жаралы?
Боздақтары боздап барып оқ құшқан,
Ана қанша жер бетінде қаралы?
Ажалдың да бүлкілдеген көмейі.
Өлім сеуіп,адамдардың
ашылғанда араны.
Жауыздықтан адам
неге жоғары
Тұрмайды,
айтшы?
Сұр ғаламда қоғалы.
Тіршіліктің жағасына жармасқан,
Жауыз қолдар көп әлі.
Бүгінгінің жауыздары тұр сапта,
Болашақтың жауыздары
- құрсақта.
Адам болып жүре алмайтын жан қанша,
Адам болып тусақ та?
Қара жердің тартылысы күшейіп,
Жерге жауған ұшқан оқта,бұршақта.
Соғысуға ынтық кім?..
Жоқтығынан Шындықтың,
Кең дүние шыр-шыр еткен бозторғай,
Жұтылғалы аузында
тұр мылтықтың.
Иттер жоқта
Шошқа үрсе де қораға.
Кең дүние айналмасын молаға.
Д үниені қорғап келсе сұлулық,
Сұлулықты қорғамауға бола ма?!
Айналаның барлығы,
Сұм ажалдың қармағы.
Сезіліп дүние тарлығы,
Соғыс нүктелерін баспасын
Жауыз қолдың
бармағы.
Жанарымда - Жұмыр Жер,
Жүрегімде-
Ғасырлардың салмағы.

Сурет: wallarthd.com

Ұқсас жазба:

Рафаэль Ниязбеков, Несіпбек Айтұлы поэзиясындағы автор тұлғасы және өлеңдеріндегі бейнелілік

О. Сансызбай