Жұмекен Нәжімеденов. Алдар көсе немесе диалогтар (поэма-пародия)

Жұмекен Нәжімеденов. Алдар көсе немесе диалогтар (поэма-пародия)

"Жұмекен – біздің поэзиямызда сирек кездесетін антитеза тəсілдерін, бір жолдың өзінде анафора, эпифора жарасымын еркін игерген ақындардың бірі. Жырларының жалпы ырғақтық құрылым-сазы дəстүрлі қазақ өлеңдерінен бастау ала отырып, аралас буынды, кең тармақты, күрделі толғаныстарға өріс ашқан тұтас бір жүйе",-дейді белгілі сыншы, "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Зейнолла Серікқалиев. Ж.Нәжімеденовтың ел аузында аңызға айналып кеткен поэмаларының бірі – осы "Алдар көсе немесе диалогтар" болатын...

***

– Шығайбайлар, байбайлар,

құлықты қой енді ұсақ?

Ыққа қарай жүргенде арттан ескен жел құсап

Қуып жетті бізді де Алдар көсе даңқы ұлы –

тауға жауған жаңбырдың сайға түсті салқыны.

Алдар көсе, дауысы əлдеқайдан тұр шығып –

Саған, Уақыт, ырзамын,

Саған, саған тіршілік!

Даңқ-атақты жоғалтпай алып жеткен бізге алыс,

Саған-саған, мадақ сөз,

Саған, барлық қызғаныш!

 

Шындық – арман, Шындықты танып алу – мың арман,

таңдану – көп,

тану – аз, шықпай келем құмардан.

Аға, сізге бір сауал: адал болса даңқ-атақ,

Алдар көсе алдаумен атын қалай шығарған?

Арамзаны ар тұтып, алаяқты тағы ақтап,

қалмаймыз ба ұятқа алдаушыны мадақтап?!

– Жаз, қорықпа, алдаумен атақ қуған жоқ Алдар,

ақтап алған аңызды мемлекеттер, қоғамдар.

Алдаушы деп кім айтты?

Сүйсінтпеген даңқ – тұл,

Алдар еткен Алдарды махаббаты халықтың!

Ойнасаң да Құдаймен құрдасыңдай кəдімгі,

Махаббатпен ойнарда білу керек əліңді!

Алдар көсе алдаумен даңқ іздеген жоқ, шырақ,

даңқ іздесе амал бар, алдаудан да жақсырақ.

Адал, арам дегенді басқа кезге алып қой,

атанған жоқ ол Алдар,

атандырған халық қой?!

– Бірақ қатал алдаған қақыратып, қақсатып,

сонда Алдардың болған ба алдау ғана мақсаты?

Аяу білмес жан екен,

мейірімсіздің өнерін

қылмыстан да, кеш аға, ауырырақ көремін.

Көрінеді кей сəтте тірлігінің көбі арам,

Қой ұрлайтын қасқырдай күзеті жоқ қорадан –

Айла, амалдар жүр əлі жер бауырлап, жылыстап,

əр қақпаны бір аңдып,

əр тұтқаны бір ұстап.

Қарға аузында – ірімшік.

Ойлан-ойлан дұрыстап,

біздің кездің түлкісі, кеуделерден қуыс тап,

айла болса – өнерің,

өнерге сай жұмыс тап!

Жорға тілмен тайпалған,

өнерімен майталман

аузын қағу аңқаудың – адалдық деп айта алман!

– Кімді алдаған сонда Алдар?

– Мен болғам жоқ ол маңда,

Соның үшін бəрібір.

– Түсінбесең – толғанба.

«Бəрібір» деп кергисің,

емес, емес, ол емес

арамза мен аңқаудың арасындағы ерегес,

ерегесіп алдаған, алу үшін емес тек:

Шығайбайды қақсатқан «бор қасқа» атты елестет.

Арамдықтан алданса – Алдар алған көп кегін,

тісін қаққан тістінің тіршілікте өтпелі –

алданғанның барлығы аңқаулықтан деп пе едің?!

– Болсын, аға, солай-ақ,

жасықтарды жеп тілмен,

Ынжықтарды мұқатып – сонша неге көп күлген?

– Ынжықтар ма, сеніңше, мүлəйімсіп жүргендер,

білместігің бар, бала, кещелермен бірге емдер.

– Қаталдығы рас-ау, күле берсін ол мейлі...

– Қаталдықты, əдетте, қаталдықпен емдейді;

жалқы майдан ашқан жан қайырымсызға қарсы арнап,

Жағы түсіп қалғанша жақсылық деп жар салмақ.

– Алыптарды айыптау – мадақтаудың жөні осы,

Мадақтамақ едім мен кітабымда келесі,

бағыт, бағдар алмақ ем тірек тұтып Сізді, аға,

Жə, жə, бөтен ойым жоқ,

Мұздама, аға, сыздама.

Азаматтың алдында ақ ойымды пəк ұстап

ашпақ едім бір майдан тоғышарға бағыштап.

Желдей кезіп жер үстін –

Сөздер тауып ең ыстық

Арнамақ ем Алдарға...

– Келістік қой?

– Келістік.

Жарқылдаған жанға сол жалғыз ойнап отпенен,

жауын жарты бөлісіп – бір еркектік етпек ем;

кетіп жүрген есем бар,

есебім бар ептеген:

Менің-дағы несібем

Шығайбайлар ауласына көктеген...

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: minber.kz

M. Auelkhan