Ерғанаттың лирикасы

Ерғанаттың лирикасы

Қуатбекұлы Ерқанат - 1991 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 2009 жылы Алматы облысы, Талғар ауданы, Тұздыбастау ауылында №31 орта мектепті бітірген. Қазіргі таңда ҚазҰУ-дің студенті.

Соңғы кездесу

Сол бір кеште күрсіндім, тұнжырадым,

Тұнжырадым, сөнгендей күн шуағым.

Енді міне КазҰУді бағытқа алсам,

Кінәлі кейіпкердей қынжыламын.

Сол бір кеште күлкіңді естімедім,

Паң қалада суытты кешкі реңін.

Күлкі орнына жанардан жасың тамды,

Тамған тамшы жанымды тесті менің.

Дала оқып отырды мұңлы өлеңін,

Сөзге тарттым, сен бірақ үндемедің.

Қарып жатты үзілген ақ моншақтар,

Үзілгенін жақсы еді білмегенім.

Еңсем ауыр, жатқандай тау астында,

Ескердің бе, менімен санастың ба?

Неге маған таныттың сенімсіздік,

Тұман ойдың ішінде адастың ба?

Санамда бұлдырайды тұманды үміт,

Кеудемде қызғаныш-ит мұңайды ұлып.

Мен сені жұбаталмай кетіп барам,

Ал сенен тарқамады күмән, күдік...

 

Сыр сұлуы

Селкеу түсіп кеткен бе?

Сеніміңе Сыр қызы,

Қалжыңың ба, өкпең бе,

Күлкің қайда қырмызы?

Бұртиясың неліктен,

Назың бар ма тағдырға?

Әлде меннен жеріппең,

Жалықтырып алдым ба?

Құшағыма келмейсің,

Томсырайып тұрсың-ай.

Оңай жіби бермейтін,

Сыр қызының қырсығы-ай!

Ағытылды талай мұң,

Топ қайыңнын ішінде.

Құштарлықпен қараймын,

Сол бір қызық мүсінге.

Жарасады күлсең де,

Ашуыңда бір бөлек.

Сен қасымда жүргенде,

Жан сарайым гүлденет.

Құйылады шапағат,

Кететіндей балқып іш.

Мені өзіңе апарат,

Себепсіз бір тартылыс.

Сурет: school-omsk007.narod.ru

Л. Лига