Оқи отырыңыз

Тілекке еңбек тірек болмаса, ойға омалып қырдан аса алмайсың.

Автор: Бауыржан Момышұлы

— Редактор бағаны —

Байтұрсынұлы Нобель сыйлығы жайында
Байтұрсынұлы Нобель сыйлығы жайында

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Бас бет / Лайфстайл / Әдебиет / Поэзия / Мақпалдың нәзік мақамы

Мақпалдың нәзік мақамы

Мақпалдың нәзік мақамы

Поэзия «ауырлығы табыттай, жеңілдігі көбіктей екі сөзді» қатар қойғанды ұнатпайтын жанр деседі. Бүгінгі эстрада мен техниканың заманында әдебиетке орын жоқ дейтіндер де табылмай ма?! Бірақ оған кім сенсін. Жұмекен абызымыз «поэзия жаңашыл жанр, жаңалықты жаңалық қана ескірте алады» дейді. Ендеше жаңалықтың көкесін поэзиядан күтпегенде, әдебиеттен күтпегенде, неден күтпекпіз?

Жақыннан бері Мақпал Жұмабаймен танысып, білісіп, жырларына қаныққанымыз бар. Мақпал өз өлеңдерін өзі мақамдап, гитарамен айтады екен. Бұл да бір жаңалық деп қабылдаңыз. Және көп жаңалықтың басы дерсіз. Қарақұрым оқырманына жырын жеткізудің жолын тапқан Мақпалдың жыр қоржынындағы шашуын сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз, мәртебелі оқырман.

Бағашар Тұрсынбайұлы

Мақпал Жұмабай

Үміт

Үміт, маған кеше керек едің Сен!

Бүгін мені мазалама.

Өтінем...

Үлпілдеген үміттерім бар еді,

Сөніп-сөніп қалды бәрі шетінен.

 

Мен есігін қаға бердім Бақыттың.

Кеудемдегі сол-ақ болды өжеттік.

Оның-дағы беті қайта бастады,

Маған неге жетпей қойды кезек түк?!

 

Мойындауға күшім жетпей.

Егілдім.

Адаспайтын секілді  еді мендік Ой.

Адам өзін аялауды қойғанда,

Өмір оны аямайды екен ғой...

 

...Көңілімнің кірпіктерін сілкимін.

Сенем! Сенем!

Дүниеде бар кәусарлық!

Тамырымда лүпіл қаға бастады

Бабалардан қалған ұлы қайсарлық.

 

Жеңілуге қақым жоғын сеземін.

Бауырымда – бота көзді ботам бар!

Шегінуге қақым жоғын сеземін.

Жүрегімде – мөлт-мөлт еткен Отан бар!

 

Үміт!

Қош келдің?!

 

Жалғызым

Жұлдыз тамып, бір-бір үміт сөнеді.

...Көк жүзіне қарамайды ел енді...

Сен аспанды көре алмай қалды деп,

Асфальттардан аршып алғым келеді...

 

Қайда барсам, қайда шықсам Ой тауы.

Ой таулардан тек мұңайып қайтамын.

Сен булығып... жылап жатыр екен деп,

Мен үнемі бесік жырын айтамын...

 

Діріл қақты, діріл қақты кіл айдын.

...Бұл адамдар қорықпайтын сыңайлы...

Сен құмығып... үрейленіп кетті деп,

Заманадан тек тыныштық сұраймын.

 

Сені көрсем, жылап-жылап жасыған,

Мен қалайша үнсіз қалам?! Басылам?!

Сен күрсініп... уайымдап  қалар  деп,

Мен өзіңнен көз жасымды жасырам,

Жерім менің...

Жерім менің...

 

Сор

Арманнан да асқақ едім...

Аспан едім. Дастан едім...

Дөп-дөңгелек дүниенің

Дүрмегінен бостан едім...

 

Екі жүзді заманаға

Қалай лайық болам, ана?!

Жан дауысы жүрегімнің

Естіледі маған ғана...

 

Менің жырым тұнық әлі...

Тас қалада құмығады.

Ұшырмақ ем, кең далаға

Асфальтқа кеп жығылады...

 

Асыл сөзім – қор болғандай.

Асыл сезім – сор болғандай.

Құлағыма үн келеді:

О, сормаңдай! О, сормаңдай!

 

Көкейімді тесті алаң...

Мың қасірет кешті далам...

Дүние, сенің бетпердеңді

Мен бәрібір шешіп алам!

 

Қарайлайды ботам маған:

Оттан ыстық Отан маған!

Жан анаңның көз жасы боп,

Жылап тұрған Отан-Анаң!

 

...Жан анамның көз жасы боп,

Жылап тұрған Отан-Анам...

 

***

Көкейімдегі көтерілістерді басып жаншыған

Мен – Көсеммін.

Заманаларда қалған   есеңмін.

Қазағым,  мен тыңдаушысы кем

шешенмін...

 

Кеудемдегі алапат дауылдардан қалай аман қалып ем?

Білмеймін.

Басыңа төнген бұлтты

сын деймін.

Қазағым, мен сел  болып тасып, Сен болып 

сөйлеймін.

 

2 млн 724 мың  900 шаршы шақырым туған жерге

жыр белгі қадап.

Әр тасыңа айтқым келеді мадақ.

Қазағым, мақпал жүрегімнің лүпілі де – азат!

Мен де – Азат!

Осы сезім ғажап!

Осы сезім ғажап!

 

МАСКА

 Жымидым.
Осылайша күлгеніме қанша уақ?!
Кетті жаным өртеніп...
Менің маскам - еркелік.

Құладым.
Тіктеле алмағаныма қанша уақ?!
Бола алмадым мұңсыз түк...
Менің маскам - үнсіздік.

Шыңғырдым.
Шындық іздегеніме қанша уақ?!
Оны жабылып... Өлтірдік...
Менің маскам - еркіндік.

 

Шындық

Мені мәңгі тастап кеткен Дауыс.

Оралды қайта...

Түйсік түбінен.

Ол да – ауыш. Мен де – ауыш.

Бірімізсіз біріміз.

Өмір

Сүре алмайтынымызды біліп ем.

 

Мені мәңгі тастап кеткен Балалық.

Оралды қайта...

Тылсым түсіммен.

Ол – жанайқай. Жанарыма қалған қамалып.

Бірімізді біріміз.

Мүлде

Ұмыта алмайтынымызды түсінем.

 

Мені мәңгі тастап кеткен Өкініш.

Оралды қайта...

Жаралы кезінен.

Ол – мен ешқашан өте алмайтын бекініс.

Бірімізсіз біріміз.

Ақырғы күні

Өле алмайтынымызды сезінем.

 

Мені бір сәт тастамайтын мың бір Мұң.

Кетеді қайда?!

Мұңстанынан...

Ол – менің шыңғырған шындығым.

Бірімізбен біріміз.

Мәңгі...

Келісімге

Келе алмайтынымызды ұғынам.

 

Ұйқысыздық

 Көзімді жұмсам...
Мөлт-мөлт етіп жанары
Маған қарап тұрар Жылдар жаралы
Олар маған мың-мың сауал қояды
Менде жауап жоқ әлі...

Көзімді жұмсам...
Жалт-жұлт етіп көздері
Маған қарап тұрар Бала кездерім.
Оған берген уәделерім көп еді.
Солар мені тығырыққа тіреді...

Көзімді жұмсам...
Таусылып бар төзімі
Маған қарап тұарар Мұңды сезімім.
Бұл күнде мен болып алдым ақылды
Ал сезімім шарқ ұрды.

Көзімді жұмсам...
Жүзі айғыз-айғыз боп.
Маған қарап тұрар Ұлы Жалғыздық.
Күні бойы одан үнсіз қашамын.
Ал ол мені түні бойы тосады.

Көзімді жұмсам...
Лүп-лүп етіп жүрегім
Өзім ылғи құстай ұшып жүремін.
Өз елесім маған тыным бермейді,
Менің мүлдем Елес болғым келмейді.

...Ұйықтамаймын...

 

Қара жәшік

Әр адамның ішінде ешкім аша алмайтын, ешқашан ашылмайтын

бір-бір «қара жәшік» бар...

Кірпігіме ілінген күннің бәрін өзіңе.

Көкіректі кернеген мұңның бәрін өзіңе.

О, алыстан мұнартқан шыңның бәрін өзіңе.

Өлеңге де айтпайтын сырдың бәрін өзіңе

Сақтап қоямын...

 

Өзім ғана сенетін шындығымды өзіңе.

Өзім ғана сүретін тірлігімді өзіңе.

Өзім ғана еститін күмбірімді өзіңе.

Мойындағым келмейтін сұмдығымды өзіңе

Сақтап қоямын...

 

Мейіріммен қараған көздің бәрін өзіңе.

Анам айтқан аяулы сөздің бәрін өзіңе.

Тағдырымды сел еткен тездің бәрін өзіңе.

Өтті деуге қимайтын кездің бәрін өзіңе

Сақтап қоямын...

 

Үзілейін деп тұрған төзімімді өзіңе.

Алданбауға үйреткен сезігімді өзіңе.

Мені Жерде бар еткен сезімімді өзіңе.

Мені түбі өлтірер сол сезімді өзіңе

Сақтап қоямын...

 

Қасіретті һәм сұлу заманымды өзіңе.

Кең даламда жаңғырған азалы үнді өзіңе.

Мөлт-мөлт етіп жас тұнған жанарымды өзіңе.

Жылап тұрып сүйетін қазағымды өзіңе

Сақтап қоямын...

Қара жәшік...

Дайындаған: Қайсар Қауымбек

Сурет: photo.99px.ru 

3199 8
Рейтинг: +2

Дайындаған: Қайсар Қауымбек
Қосылған күні: 21 мамыр 2013, 10:12
Пікірлер
+0
21 мамыр 2013, 11:13

гитарамен айтатыныны бір жаңалық десем болады. Қаламы қарымды болсын!!!

+0
21 мамыр 2013, 12:43

Мақпалды тыңдауға қызықтырдыңдар ...

+0
21 мамыр 2013, 15:39

ҚАРА ЖӘШІК

Ұшақтар апатқа ұшырағанда

апаттың себебін жазып,

сақтап қалатын қара жәшік болады…

Бәріміздің ішімізде сондай

бір-бір қара жәшік бар…

АВТОР

Елең-алаң…

Келеді адам…

Көр-қоғамның тобырымен тағы адасып.

Алқызыл күн жиектен барады асып…

Елең-алаң тұманмен араласып,

Жауыр күнмен жанары жағаласып.

Таспа тілі жазуға кіріскелі,

Кеудесінде куәгер-қара жәшік…



Көшкен күн елең-алаң төр-кеудеден,

Уақытының шыңына өрлеуменен,

Бақытының бағы үшін терлеуменен,

Келеді Адам, күн сайын өлімді ойлап,

Ал өмірін көзінде жерлеуменен!



Баянсыз бұл ғұмырда құлға айналып,

Қу тірлікке құл басын бұрмай налып,

Әлгі адам баз кешеді, қара жәшік,

Сол шерді құлақ салып тыңдайды анық.



Көзінде көнбіс тағдыр…

Тыңдарманы,

жоғалған ақын құсап, мұңды арманы,

шерге айналған адамның барлығы да –

көр-соқыр сенімдердің құрбандары!



Осылай тізбегінде үміттердің,

Ей, Адам! Өміріңе күліп келдің.

Күпірлік маза бермей, тағы ойландың,

Үкім ғып, бар күнәңді іріктер кім?!



Бақытыңды аластап маңайыңнан,

Баз кешіп алыстасаң ағайыннан.

Бұлқынып арыз жазар қара жәшік,

Хат жолдап, сенің кеуде-сарайыңнан.



Сен сосын, ғапыл-кеште азғанда Арың,

Қолың жүрер қалтаның қазған қамын.

Адамнан жасырғанмен, қара жәшік,

Қалтқысыз құпияңның жазған бәрін!



Жеңіс те, жеңіліс те өзің жеткен,

Бар ғұмыр есіңде ғой, көзіңде өткен.

Тағатсыз, соның бәрін жазып тұрар,

Апыр-ай, сол жәшікте төзім неткен?!



Сабақ алып көп өмір көргендерден,

Бір медет күткендерміз, өлгендерден!

Досын да ұмытады сол бір Адам,

Амандаспай өтеді, көрген жерден.

…Жақсыменен жаманды қатар тізген,

Қара жәшік түспейді, көр-кеудеңнен!



Көзіңде қоңсы тірлік көнергенде,

Қол үзіп, өмірден де, өнерден де,

Кеудеңнен жаның қашып жөнелгенде,

Таспасына барлығын жазып алған,

Қара жәшік не дейді, Сен өлгенде…?!

Қара жәшік не дейді, Мен өлгенде…?!

Қуаныш Медеубаев

+0
21 мамыр 2013, 18:32

Мақпал Жұмабайдың нәзік мақамды жарларын өз аузынан естігем. Керемет! Өте жақсы! Жоғары баға беремін! Алайда "Мақпал өз өлеңдерін өзі мақамдап, гитарамен айтады екен. Бұл да бір жаңалық деп қабылдаңыз." деген сөзге мүлде келіспеймін. Мақпал ханым гитарасын қолына алып, бардтық өнерді жанына серік етіп жүрген нәзік жандылардың бірі, әрі бірегейі десем қателеспеймін. Менің өз пікірім солай!!!!!! Қазақ өнеріне жаңадан аяқ басып келе жатқан бард ақын Мақпал Жұмабай.

+0
22 мамыр 2013, 11:11

Тәуірбектің сөзі өте орынды. Бірақ Мақпалдың өзі сөзіме жазылған әндеріме келіңіздер деп айтпайтындықтан, мақамды жырымды тыңдаңыздар деп шақыратындықтан солай дедік. Бұған Мақпал не дейді екен?

+0
22 мамыр 2013, 14:12

Мақпалдың өзі былай жауап береді:
Достар, мен өзімнің мақамды жырларымды бардтық өнерге жатқызбаймын. Екеуінің бастауы да, тамыры да екі бөлек дүние деп есептеймін. Қазақ ауыз әдебиетінің жауһарлары бүгінгі күнге мақамның, саздың арқасында ғана сол күйі аман жетті. Даңқты жыраулық поэзиямыз да ауыздан ауызға мақамымен жетіп, қағазға түсірілді. Егер олай болмағанда, көп дүниемізден көз жазып қалған болар едік. Тарихтың өне бойында халқымыздың ақындық дәстүрі мақаммен, сазбен астасып жатты. Бағзы замандарда, тіпті, осыдан жүз жыл бұрын ақын деген ұғымды ешкім домбырасыз (аспапсыз) елестете алмады. Біздің сол асыл дәстүріміз 20-ғасырда үзіліп, жоғалуға айналды. Оның соңғысы - сіз бен біз білетін Жамбыл бабамыз-ау. Сондықтан, батыстың бардтық өнері мен үшін бөтен. Оның тарихын да, тегін де зерделеп көрген емеспін. Мен қанымызда, жанымызда бар ақындық дәстүрдің заңды жалғастырушысымын, жаңаша жаңғыртушымын. Ал, гитараға келетін болсақ, оның орнында домбыра да, басқа да аспап болуы мүмкін еді. Бала күнімнен гитарада ойнайтындықтан, гитарамды алып, алдарыңызға шығып жүрмін. Түйіндей келсем, мен өлеңдерін мақамдатып жеткізетін ақынмын. Мақам мен үшін жырларымды жеткізудің тәсілі, сөздің мәнін тереңінен ашатын құрал. Әрі жаңашыл дүние болғандықтан, бұл өнеріме "мақамды жырлар" деген атау бердім. Тыңдауларыңызға мүмкіндік туса, сөзімнің дұрыстығына көз жеткізесіздер деп ойлаймын.

+0
22 мамыр 2013, 14:18

Онда сіз бар дәстүрді жалғастырушы, тірілтушісіз ғой.

+0
22 мамыр 2013, 14:22

Заңды әрі жаңаша жалғастырушысымын. Тірілте алам ба, оны уақыт көрсетеді. Оқырманның, тыңдарманның патша көңілі көрсетеді. Мен сіздердің көңілдеріңізден шығуға тырысамын.

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Соңғы аудармалар

EXO - Lucky One [kaz_sub]
EXO - Lucky One [kaz_sub]

Оңтүстік кореялық әйгілі бойз-бэнд EXO тобы бүгінде дәурені жүріп, дүркіреп тұрған топ болып отыр. Жігіттер тобы тек Оңтүстік Кореяда ғана емес, Азияда танымал. Қазақстанда да EXO тобының жанкүйерлері жетерлік. Басында он екі қатысушыдан құралғанымен, бүгінде топта он өнерпаз өнер көрсетеді. Әр қатысушы жан-жақты, талантты. Біз бұған дейін аталған топтың бірнеше бейнебаянын қазақшаға аударған едік. Назарларыңызға топтың "Lucky One" туындысын қазақша субтитрмен ұсынамыз. Аударған: Жарылқасын Мырза Тайминг,...

IU - The shower [kaz_sub]
IU - The shower [kaz_sub]

Ли Чжи Ын – оңтүстік кореялық 23 жасар әнші қыз. Оның сахналық есімі «I and You» (мен және сен) әуен арқылы бір бүтін бола аламыз дегенді білдіреді....

Күн ұрпақтары/ Сошедшие с солнца / Descendants of the Sun [kaz_sub]
Күн ұрпақтары/ Сошедшие с солнца / Descendants of the Sun [kaz_sub]

Ел: Оңтүстік Корея  Жанр: романтика, медицина, драма, комедия, боевик  Жыл: 2016  Режиссер: Ли Ын Бок Басты рөлдерде: Чжин Гу, Сон Хе Ге, Сон Джун...