Өмірді сүйген жанымен

Өмірді сүйген жанымен

«Біздің Талаптан Ахметжан тек ар мен ұяттан жаралған сияқты көрінетін маған. Қандай қызметте болсын, қандай атақ-абыройға бөленіп жүрсін тас құдай сияқты кекірейгенін бір көрмеппін. Тек жақсылық жасауға құштар еді. Ешкім біреуге өзіндегісін бөліп беріп жатқан жоқ. Бар гәп сыйластық пен қимастықта екен. Талаптан сияқты жылы жүректі азаматтардың көңілге түсірген шуағынан ғана өмірдің тәтті екенін сезінгендейсің. Онсыз бұл тірліктің қандай мән-мағынасы болмақ?! Абзал азаматтың әз жүрегі туған жерімен бірге соқты. Атамекеннен қол үзбей, шығармаларына арқау етті. Талаптан шығармаларын оқи отыра ел мен жер тарихын жетік білетініне көз жеткізесің...»

Бұл – жазушының қаламдас ағасы, белгілі журналист Ғалым Байбатыровтың естелігінен...

Иә, Талаптан Ахметжан қазақ руханиятындағы өзіндік қарапайым, әрі тым сыпайы болмысты әсем әлемін жасап үлгерген жан еді. Қатаңдық пен қаталдықты емес, әр жүректегі аяр сезімнің отын үрлейтін нәзік лириканы жазды. Оқырман ол әлемге қалай еніп кеткенін, көңіл құсының қайтіп шартарапқа құйқылжып қалықтағанын білмей қалатын-ды. Ішіне енбесең, сыртынан бажайлағанға ондай бақытты сәт бұйырмас. «Аяз сүйген көңілімнің әйнегі, көрінбейді көмкерілген қыраудан» деген сөзі арнап айтпаса да, осыны аңғартар.

Қаламгер ортасынан ойып тұрып орын алып, оқырман тілегіне сай озық туындыларын ұсынуда да қарманып қалмады. Заманының сезімтал суретшісі бола білді. Қауырсын қаламының екпіні іштегі тоқырау мен толымсыздықтың шектеуінен емес, бес күн жалғандағы болымсыздықтың өткелінен кілт тосылды.  Жазушылар қауымы жазғанынан жазары көп болатын деді. Сонысымен биік, сонысымен асқақ еді... Қош, қысқа ғұмырын қазағының әдебиеті мен мәдениетіне арнаған тұлғаның шығармашылығы жайлы біз толғасақ, толқыныстар мен бұлқыныстар біразға барар. Ал енді бағытымыздан айнымайық.

Осындай дарынды жазушы, талантты драматург, халқының аяулы ұлы Талаптан Ахметжанның жұбайы, ошағының отын түтетіп отырған Риза Әділбекқызымен сұхбаттасудың орайы келіп, «қарашаңыраққа» ат басын тіреген едік...

Әдептен аттамаған қай қашанғы қонақжай үйдің табалдырығын аттай бере ұяң жүзді Риза апай жарқын қарсы алып, саулық айтып төрге оздырды. Жан-жағымды байыптап, жайланып отыруға ыңғайланғанымда төр жақтағы жазушының портретіне көзім түсті. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?»  Бір сәттік санадағы сілкініс. Көлденең ойлар көмескі сауал туғызғандай, сірә (пендеміз ғой). Жайдары кейіппен құптап тұрғандай сезіндім. Соны күткендей «әйбат» әңгіме тиегі ағытылып та кетті.

Жазушының отбасы 

Манас: Қазақтың «тек» деген текті ұғымын айналып өте алмаймыз. Өйткені, ол кісі өзге мамандықпен еңбек жолын бастағанын өзіңіз де айтып өттіңіз. Бойындағы игі асыл қасиеттер кімнен дарыған?

Риза апай: Атамыз сауаты ашық, танымы кең кісі болатын. Теректібұлақта молда болды. Қолына қалам алып, шығармалар жазбаса да, аузы дуалы, сөзі дүр еді. Молдалықты атқарып жүргендіктен, садақаға жиналған қаражатты дүкеннен ұсақтатып, көшеде ойнап жүрген балдырған балаларға үлестіріп береді екен...

Ескіден жеткен аңыздар мен түрлі жайттарды сыр қып шертіп отыратын. Осындай дүниелерді құлағына құйып өскендіктен де шығар деп ойлаймын. Зайнолда атамыз көпті көрген. Талаптан да талабының бар екенін мектеп қабырғасында-ақ байқатып үлгерді. Сол себепті кішкентайынан естіген есті әңгімелер елең еткізбей қоймаған сияқты. «Әке көрген оқ жонар» демекші, туа бітті зерделі зейін, парасат пен инабат отбасынан қалыптасып, сүтпен еніп, сүйекке сіңген ғой. 

Манас: Сөзіңіз аузыңызда. Жазуға талабының ерте байқатқанын айттыңыз, ал әдебиетке келген алғашқы қадамының қалай болғанын білсек?

Риза апай: Теректібұлақта әдебиеттен беретін Уәш деген апайы болды. Ол кісі айтатын: «Оқушыларға әр түрлі тақырыпта шығарма жаздырған кезінде Талаптанның айрықша ынтасы мен жазу ерекшелігі болды. Сол кезден-ақ болар баланың болашағын таныдым», – деп. Мектептен кейін құрылыс институтында жазуға уақыт бөліп жүрді. Ауыр жұмыс істеп жүрсе де, шаршағанын жазу арқылы басатындай болып көрінетін. Аудандық, облыстық газеттердің бетінде көрініп жүрді. «Дидар» газеті ол уақытта «Коммунизм туы» деп аталды қателеспесем. Көпшілік молынан оқитын басылым бетінен жылы лебіздер естілді. Дәл осы шақта облыстық телерадио комитетін  «мамандығың басқа болса да, кез келген журналистен кем жазбайсың, бізге кел» деген ұсыныс түсіп, жұмысын ауыстырды. Бұл шығармашылығына қолайлылық туғызған оқиға болды. Енді Алматыға да анда-санда жазбаларын жіберіп отырды. Сол уақыттарда жас ақын-жазушылардың республикалық «Жігер» фестиваліне қатысып, лауреат атанды. Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімхан сынды ағалармен де жүз таныс болды. Тәкеңе Өскеменде әдеби ортаның жоқтығын айтып, әлі де өсу, толысу жағын ескертіп, Алматыға келгенің жөн деп кеңес етеді ағалар. Әдебиетке басқан қадамына қуат бітіріп, етене жақын енуіне ықпалын тигізген осы оқиға шығар.

Аға жазушы Қасым Қайсеновпен бірге

Манас: Әрмен қарай сөз арқауы Алматы болатын сияқты. Алматыға қалай келдіңіздер?

Риза апай: Облыстағы телерадио комитетінде редактор болып жүргенінде өзінің жеке хабарлары да болған. Ендігі жазушылық пен журналистік еңбекке төселген-ді. Бірде Алматыдан Егемен Қазақстан газетінен қызметке шақырту келді Тәкеңе. Сөйтіп, Алматыға қарай аяңдадық. Ол жерде бір ай жұмыс істегеннен кейін, Жезқазған облысына жұмысқа жіберетін болды. Үй беріп, жағдай жасалатынын да ескертті. Бару, бармауды еркінде болғандықтан ой үстінде жүрдік. Ол жаққа да  жүреміз-ау деген кезде Дидахмет ағалар әдеби ортадан алыс кетпей Алматыда қалғанын қалады. Досы Асқар Алтай да осыны айтты. Алматыға келгеніміз, кетіп қала жаздап қайта қалғанымыз осылай болды. 

Манас: Талаптан ағаның әдебиеттегі табиғатын шығармаларынан танығандаймыз. Өмірде қандай кісі еді?

Риза апай: Жазған шығармаларындағы барлық бас кейіпкерлердің прототипі өзі деп айта алмаймын, әрине. Тәкең өмірде өзгеше, нәзік жанды еді. Қарапайымдылықтан аттап кетпеді. Барымен базар болатын. Бірде сау етіп қасына қатарлас ақын-жазушыларды үйге ертіп келе қалды. Мен болсам, табиғатымыз әйел адам болғандықтан шығар, неге ертерек айтып қоймадың, тым болмаса там-тұмдап дайындалатын едім ғой деймін. Сонда да жайдары жүзін бұзбастан, бастысы көңілің ғой деуші еді. Осындай жайлар жиі болып тұратын. Айта берсем таусылмайды.

Әзілхан Нұршайықовпен бірге

Манас: Кейін келе Талаптан аға Жазушылар одағында төраға орынбасары, «Әдебиет айдыны» газетінің бас редакторы сынды басшылық қызметтерді қатар алып жүрді. Қолына қалам ұстауы сиреп кетпеді ме?

Риза апай: Жазудан қол үзіп кетті деуге болмайды. Әрине, жауапты қызмет қашанда уақытты талап етеді. Алайда соңғы кезеңдерінде Тәкең шығармашылығын драматургия жағына қарай бағыттады. Қаламынан «Қараторғай», «Сұлу мен суретші», «Екі жүрек», «Тазша бала», «Пейіштен түскен періште» сияқты пьесалары туды. Тұңғышы «Қараторғай» талай жылдан бері Орал театрының сахнасында қойылып келеді. Пьесаны сахналаған Әсет атты жас режисер болатын. Оқиға желісі үйсіз жастардың жай-күйіне жайында болғандықтан, прьемераға қатысқан облыс әкімі Қ.Көшербаев спектакльден кейін режисерға рақметін айтып, үйінің жоқ екенін біліп, жеке пәтер сыйлаған екен. Кейін Әсет Тәкеңе хабарласып, алғысын жаудырған еді қуаныштан. Жалпы пьесаларының қай-қайсысы болсын көрермендерден өзіндік жоғары бағасын ала алды.

Манас: Нені жақсы көрді?

Риза апай: (Ойланып) Талаптанның өмірде жақсы көрмейтін нәрсесі болмаған шығар... Өмірді жанымен сүйді.

Манас: Өмірде өкінішсіз адам жоқ шығар. Жазушының «ай, қап» дейтін өкініштері көп пе еді?

Риза апай: Негізінде Тәкең өмірді сүйді. Содан кейін арамыздан тез кетем деп те ойламады. Сырқаты ауыр болғанымен, үміттеніп жүрді. Біз де сезбегендейміз соған қарап. Қуанса да, қайғырса да, сыр алдырмаушы еді. Жоспарлары көп болды. Шығармашылықта да ойлаған нәрселерінің орайы келуіне уақыт жетпеген сияқты.

Соңғы жылында отбасымызбен жаз айында ауылға, әлде бір демалыс орындарына баруды айтып отыратын. Және сол жылы үйленгенімізге 25 жыл толатын. Жақын достары хабарласып, «бір тойға барамыз ғой» деп хабарласқанында, «Е, Алла қаласа» деп айтатын...

Манас: «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген Абай ата. Бүгінгі қоғамы сүйікті жазушысын қаншалықты насихаттауда? Осы мәселе бойынша көз көрген тұлғалар жазушы отбасымен хат-хабарда болып тұра ма?

Риза апай: Бұл турасында бірнеше бастамалар мен ұсыныстар түскен. «Жалын» баспасынан Бексұлтан аға хабарласып, шықпай қалған шығармалары болса, жарық көруіне көмектесетінін айтты. Өмірден елуге де жетпей кеткені өкінішті. Бір шығармашылық кешін өткізу жайлы Жазушылар одағы бастама көтерген. Ал «Әдебиет айдыны» газетінде бірге істеген Дәулетбек Байтұрсынұлы және Дидахмет Әшімхан ағалар естелік кітабын шығаруды қолға алды. Бұйыртса, ол да шығып қалар деген үміттемін.

Өзінің ең жақын досы Асқар Алтай қашанда хабарласып, қал-жағдайымызды сұрап тұрады.

Манас: Риза апай, өзіңіздің туған жеріңіз, өскен ортаңыз жайында айта өтсеңіз?

Риза апай: Мен де сонау шығыстағы Марқакөл ауданы, Жалаңаш деген аядай ғана ауылда туғанмын. Бірақ әке-шешеміздің қызмет, шаруа ыңғайымен Күршімге көшіп келдік. Сол жерден оқыдық, өндік, өстік. Өскемендегі пединститутты орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдадым.

Манас: Бүгінде балалы-шағалы әулет болдыңыздар. Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз?

Риза апай: Отбасымызда 3 қыз, 1 ұлымыз бар. Үлкен қызым – Бұлбұл. Былтыр тұрмыс құрды, Мұрат дейтін күйеу баламыз бар. Екінші қызым – Ләззат. Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында 4 курста оқып жатыр. Одан кейін Әйгерім болса, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде шығыстану факультетінің 3 курс студенті. Кенже ұлымыз – Мағжан. Алматыдағы №173 физика-математика мектебінде 9 сыныпта оқиды. Осы балаларының қызығы мен қуанышын көре алмай кеткені өкінішті. Қашанда оларға «жазушы болу – қиын, ал жазушының баласы болу одан да қиын» деп ақылымды айтамын. Жазушының баласы деген атқа сай болғаны – әкелерінің үмітін ақтағаны емес пе?..

Манас: Әрине, солай. Ұл-қыздарыңыз жарық шашқан жұлдыздарыңыз есепті. Ендеше, әманда жұлдызыңыз жарқырағай! Әсерлі әңгімеңізге мың алғыс. Ошағыңыздың оты сөнбесін! 

Әңгімелескен: Манас Қайыртайұлы

Дайындаған: Қайсар Қауымбекұлы

Сурет: жеке мұрағаттан. 

Қ. Қауымбек