Жазмыштан озмыш жоқ

Жазмыштан озмыш жоқ

Өмірді түсіну сірә, мүмкін емес болар, шындығында «Жазмыштан озмыш жоқ» деген рас шығар.

Түрмеге ауыр қылмыспен сотталған әйел кірді. Ол сұлу, әрі жас еді. Осы жастық көктемін түрме ішінде өткізгісі келмеді. Қалай да, бір амалын тауып қашып шығуды ойлады.

Ортаға үйрене келе, түрме күзетшісімен сырласып жүрді. Онымен жақын дос та болып алды. Сөйлесіп жүрген күзетшінің басты міндеті - түрмеде өлген қылмыскерлерді алып шығып, жерлеу болатын. Әр рет адам өлген кезде күзетші бүкіл түрменің қоңырауын шылдырлатып, дыбыс беретін. Іле-шала екі сақшы кіріп, мүрдені көтеріп апарып, табытқа салатын да, аузын шегелеп, құжаттарын реттей бастайтын-ды. Сосын арнайы көлік келеді, оны қақпа күзетіндегілер де тексере қоймайды. Осы жұмыс тәртібіне әбден қанық болған әйел бір жоба ойлап шықты. Ол сырттағы таныстары арқылы әлгі сырлас күзетшісін сатып алды. Жоспар бойынша келесі жолы бір қылмыскер о дүниелік болғанда әйел мәйіт сақтайтын үйге баспалап кіреді де, өлікпен бірге табытқа орналасады. Табытты түрмеден алып шыққан күзетші оны жерлейді. Сосын түн ортасында қайта келіп, өзін құтқарып алады. Ол табыттағы ауаның жарты күн тыныс алуға жететіндігін де есептеп қойды.

Әйел қылмыскер түрмеден қашуға жан-жақты дайындық жасады, әрі орайдың келуін тағатсыздана күтті. Бірнеше аптадан кейін биік дуал ішін қоңырау шырылы кернеді. Бұл дауыс өте үрейлі еді. Түрмедегі әрбір қылмыскердің жанын түршіктіретін. Бірақ, ол үшін бұл қуаныш еді. Еркіндік әлемінен келген шақырудай сезілді. Бір қылмыскердің өлуі әйел қылмыскер үшін еркіндік алудың ең тамаша орайы еді.

Ол қорқуға да үлгермеді. Сипалап жүріп табыттың ішіне енді. Жан дәрменімен қақпағын жапты. Қанша уақыт жатқаны белгісіз, сыртылдаған аяқ дыбысы естілді. Бәрі ойлағанындай. «Тарс-тарс» еткізіп шеге қағылды. Оның жүрегі атша тулады. Тебіренді.

Ұзақ уақыт үнсіздіктен кейін табыттың теңселгенін сезді. Зиратқа жеткізілгенін, шұңқырға түсіріліп бара жатқанын, топырақпен көміліп жатқанын білді.

Сыртқы дауыс бірте-бірте әлсіреді. Табыт іші үрейлі тыныштық. Ол ақыры емін-еркін керіліп-созылды. Тек табыт іші ауасының сирей бастағанын сезді. Ол өзін осы еркіндікке жеткізген «досының» кім екенін білгісі келіп, сіріңке тамызып, өліктің бетіне жақындатты.

Дәл осы сәтте әйел қылмыскердің жүрегі тас төбесіне шықты. Оның қасында жатқан өлік - дәл сол күзетшінің өзі еді...

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: bet.com

M. Auelkhan