12 желтоқсан - Шыңғыс Айтматовтың туған күні

12 желтоқсан - Шыңғыс Айтматовтың туған күні

Классикалық әдебиеттің шынары...

Бүгін, 12 желтоқсан қырғыз жұртының халық жазушысы, атақты қаламгер Шыңғыс Айтматовтың дүниеге келген күні. Осыдан 84 жыл бұрын он екінші айдың он екісінде өмір есігін ашқан ағамыз осыдан төрт жыл бұрын маусым айының онында о дүниеге аттанды. Өзінің сексен жылдық ғұмырында қырғыз елін әлемге паш ететін классикалық шығармаларды дүниеге әкелді. Артына өлмес мұра қалдырған туындыларды дүниеге әкелді де, өзі дүниеден өтті. Бір ғасырды өткеруге аз қалған өмір жолында ол қырғыздың аса көрнекті жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, Қырғызстан Республикасының халық жазушысы, Қырғызстан Республикасы ҒА-ның академигі, Социолистік Еңбек Ері атақтарын алды. 

Әдебиеттегі ізі...

Шыңғыс Айтматовтың 1952 жылы «Әшім» атты тұңғыш әңгімесі жарық көрді. 1956 жылы "Аспалы көпір", 1957 жылы "Бетпе-бет" сынды шығармалары жарияланды. 1958 жылы жазылған "Жәмила" әңгімесі жазушының атын шығарды. Әдебиетке Шыңғыс Айтматовтай дарын иесінің келіп қосылғанынан хабардар болған оқырман қыр қырғызының қаламынан енді не туар екен деп бағып жүретін болды. 1960 жылы "Шынарым менің, шырайлым менің", 1962 жылы "Алғашқы ұстаз", 1963 жылы  "Құс жолы" мен "Ана-Жер ана" , 1967 жылы  "Қош бол, Гүлсары", 1970 жылы "Ертегіден соң", 1975 жылы "Ерте қайтқан тырналар", 1980 жылы "Боранды Бекет", 1986 жылы "Жан пида" сынды шығармалары бірінен соң бірі баспа бетін көріп жатты. 

Жазушының сахнадағы және көгілдір экрандағы шығармалары

Шыңғыс Айтматовтың бірсыпыра шығармасы бойынша жасалған сахналық нұсқалары ("Ана-жер ана", "Шынарым менің, шырайлым менің", "Боранды Бекет"), қазақ драматургі Қ. Мұхамеджановпен бірігіп жазған "Көктөбедегі кездесу" пьесасы Қазақстанның республикалық және облыстық театрлары сахнасынан берік орын алды. 1998 жылы Мұхтар Шаханов екеуі бірігіп жазған "Сократты еске алу түні немесе миғула терісі үстімдегі сот" пьесасы Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында қойылды.

"Қызыл орамалды шынарым"спектаклінен көрініс (Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры)

Романтикалық реализмге толы «Жәмила», «Алғашқы ұстаз», «Ана-Жер Ана», «Ақ кеме», «Боранды бекет» шығармалары бойынша кеңес уақытында кино түсірілді.

Қазақстанда 2008 жылы Ардақ Әмірқұловтың режисерлік етуімен "Қош бол, Гүлсары" көркемфильмі түсірілді.

 

"Қош бол, Гүлсары" көркемфильмінен көрініс

Ұлы қаламгер ұрпақ жадында...

Қырғызстан астанасы Бішкек қаласының орталығындағы Шыңғыс Айтматовтың тас мүсіні

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: yvision.kz, rozatai.wordpress.com, alashainasy.kz

А. Әбілхан