Жазушы, жас буын және сыйлық

Жазушы, жас буын және сыйлық

"Менің жазушылардан ұнататыным – Уаң Шо. Ол қытай жазушыларының ішіндегі көрім жаза алады деуге татитындардың бірі. Уаң Шо үнемі өзін «Қарадүрсінмін» дейді, онысы алысты көздегені. Өйткені, сақтықта қорлық жоқ деген, алда-жалда көптің сөгісіне қалар күн туса, өзгеден гөрі істікке азырақ шаншылуды ойлағаны. Бір қызығы, бәз біреулер сол сөзіне бола оны расында «ақымақ, қара дүрсін» деп ойлайды. Жеке басынан алып айтар болсақ, Уаң Шоның қытай кино саласына қосқан үлесі мен төккен тері елден ерен. Оның барлығын жіпке тізіп отырмайық. Біз қытайлықтар өзімізді «кішіпейілміз» десеміз ғой, кішіпейілдіктің шегінен асып кеткен кездері шындықтың шырайын бұзып қоятыны бар! Уаң Шо өзгелермен пікір таласына түскенде, өзінің шығармаларын мүлде ауызға алмайды. Тіршілік қамы үшін әкелген азын-аулақ шимайларын көлденең тартып, қызыл кеңірдек болатын кейбіреулер құсап шығармаларын алдыға салып, елдің ауызын жапқысы келмейді. Шындығына келгенде, Уаң Шо өзінде бармен өзгені басқа ұрмайды. Ал тілімен тың айырып, қара батпақтан қаймақ сүзердей-ақ есіретіндер ортамызда толып жүр. Біле білсек, Уаң Шоның өзін «қарадүрсін» атауы өзгені қан шығармай бауыздағаны. Ол бізді сылап-сипап отырып-ақ іремей сойып салып отыр. Уаң Шоның бетке ұстар шығармалары толып жатыр. Жоңгода, елді тәнті қылған  еңбегі болса да, есімін ел мойындағысы келмейтін жазушылар да бар. Оларды жамандар қатарына жатқызуға болмайды. Келешектегі берерінің қандай боларына көзіміз жетпесе де, оның бізге беріп болғандарының өзі жетерлік. Десе де, 80 жылдың төлдері саналатын жас жазушылар Уаң Шоны «әдебиетте өз бетімен лаға бергенше, бізге серке болып, соңынан ертіп жүргені жөн еді» деп сөгіп жүр. Бұл білетін жастың жасамысқа айтар сөзі емес. Жастар өздерін үкіметтің мәжілісіне қатысып отырмын деп ойлай ма екен, кім білсін?! Өз ойлағанын ірікпей айта алу – нағыз жазушыда болуға тиісті маңызды бір ерекшелік. Ауыздарынан ана сүті кеппеген жас буындар жөнінен алғанда, алдымен бойда жігер, ойда қайрат болуы қажет. Қазірше қоғам оларды тым қатал сынға ала қойған жоқ. Әдебиеттегі тәй-тәй басып, қарындашты қалай ұстауды енді үйреніп келе жатқан ақүрпек жас буындар, дүлей дауыл шықса, жермен жексен болып, жатқан жерлерінен тұра алмай қалары мұнда тұр. Өз басым олардың айтқандарын естімеске салып жүре берсем де жетеді, сойылын соғып нем бар. «Бір дәуірдің жастарымыз» деп топ құруымыз жарамас, «заманы бірдің талабыр бір» дегенді естуші едім, «дәуірі бірдің дауы бір» дегенді естімеген екенмін. Жас буындарға мынаны айта кеткім келеді: «Әдебиет жөнінен алғанда, сыйлық деген түкке тұрғысыз дүние. Әдебиет пірінің өзі де әлде бір әділқазылар алқасының бас изеуімен дүниеге келе қалатын адам емес. Қала берді, ол мәлім бір сыйлыққа қол жеткізу үшін өз ана тілінен безетін ақымақтыққа әркез баспайды. Осы күндегі «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарып» жүрген бір қанша жазушыларға бола, Жоңго әдебиетінің баурау қуатын жоққа шығаруға болмайды. Шындығына келгенде, біздікі бардың бағасын білмегендік. Мен сендерге мәлім хабардан көрген құпия шындықтың шетін шығарайын. Естуге қарағанда, бір-екі жылдан бері Нобель сыйлығының экономикалық құны құлдырай бастаған көрінеді. Қайдан білесің? Алда-жалда Нобель сыйлығына қолың жетіп қалса, өзгенің тілімен айтқанда жасампаздық жаратуды ұнататын, өзі үшін де, оқырман үшін де емес, тек сыйлық үшін ғана шығарма жазумен албарынды болып жүрген Жоңголық бір егей жазушы, сенің дүниеге және өмірге деген көзқарасыңның күл-талқаны шығып жер құшпасына кім кепіл?! Ондай күн туса Ағылшын әдебиетіне ашылап жүрген сенің «А, Құдай, сорлаттың ғой» дегеннен басқаға шамаң келмес! «Әдебиетте баптаушы бар, үйретуші жоқ» деген жөн сөз. Бәзбір өзін пір санайтын зымияндар соңынан ергендерге «маған “маған ұстазым бол” деп бас ұрғаның жөн. Әйтпесе, өміріңде әдебиет дегеннің не екенін білмей өтесің» дегенді айтып бұлданғысы келеді. Ондайдың тіліне ергенің – өз түбіңе жеткенің".

Хан Ханның қытай тіліндегі «Шөп» атты мақалалар жинағынан аударған: Қадила Нұрғалиқызы.                                                      

Бұл мақаланың авторы қытайдың осы заман жазушысы және сыншысы – Хан Хан. Мақаланы оқығанымда қазіргі қазақ әдебиетінің хал күйі көз алдыма келе қалды. Әр ұлтта төл әдебиеті, ана тілі үшін шырылдап, жанын шүперекке түйіп жүретін тұлғалар болады. Маған сондай әсер қалдырды. Автор «Ағылшын әдебиетіне ашылап жүрген жастар» дейді мақала соңында. Және соларға ұлттық әдебиетінің қаншалықты маңызды орында екенін ескертеді. Хан Хан мысал етіп алған Уаң Шо секілді бізде де қаншама алдыңғы буын аға жазушыларымыз бар?! Біз соларды ұлықтай алмадық. Шынын айтқанда, «ағылшын әдебиетіне ашылап жүрген біз» оларға қорашсына қарадық. Сан ғасырлық қазақ философиясында онсыз да бар – Ой мен идея, әлде басқа стиль іздейміз деп, Баба тілімізді, төл әдебиетімізді кірлетіп алдық. Бабалар аманатын ескі кітаптай сөреге тізіп қойып, аласұрып өзге дүние іздеп кеткен жоқпыз ба?..   

Дайындаған: Қайсар Қауымбекұлы

Сурет: kinderlibrary.wordpress.com

Қ. Қауымбек