«Мен қайта оянам...»

«Мен қайта оянам...»

(Бибол Жұмағалиұлының өмірі мен ақындығы туралы)

Өзіміз құралпы жігіттердің ішінде көпшілігіміз бір-бір үйдің жалғызы, не жалғыз ұлы едік. Аналардың алтын құрсағына да өз саясатын жүргізген Қытай үкіметі бізді осылай жалқы өсірген-ді. Құдайға шүкір, ұрпағым азбасын, тұқымым тозбасын деген көкірегі ояу әкелер тәуелсіз елдің ортасында еркін өссін деп өмірінің өзегіндей ұлдарына қоса, көкірегін жарып шыққан армандарын арқалатып «тарихи отанымызға» жіберіп жатты. Тарихи отан дегенде, бағзыдан бүгінге дейінгі бар қазақтың өксігі мен өкініші бір-ақ еске түседі. Күлтегіннен Хан-Абылайға дейінгі батыр бабаларымыздың тұлпарының тұяғы жеткен, жерім деп жүрегін жарып өлген есіл ерлердің басы қалған киелі топыраққа осылай қош айтып аттанғамыз. Осының бәрі де күллі қазақтың тарихи отаны. Біздің буын әдебиетке осылай жырлап кірді.

Дәл сондай үйірін тапқан құнандай қайта түлеп келе жатқан жасында қыршын кеткен ақын досым Бибол Жұмағалиұлы еді. Туған жері, кіндік қаны тамған киелі топырағы еске түскенде, көкірегіне сыймаған сағынышы ыстық жасқа айналып, жанарынан моншақтаған ақын:

«Қашайын ба екен Ілеге,

Қарагерімді қамшылап,

Жанардан жасым тамшылап,

Даңғаза мынау тірліктен

Өзімді түгел аршып ап.

 

Қашайын ба екен Ілеге,

Ессіз күнімді пышақтап,

Қасіретімді құшақтап,

Иығыма қондырып,

Сағыныш дейтін құс әппақ.

 

Қашайын ба екен Ілеге,

Арғымақтардың өртін ап,

Аймадет ұлдың сертін ап.

Санай алмайтын сансыз көп

Армандарымды ертіп ап», - деп жырлады.

Мұрат Шаймаранұлы Шығыс Түркістаннан бір жола қоныс аударып, ата жұртқа аттанғанда, артында қалған құлындай кісінеп, шайыр ағасын бала жырымен қимастықпен ұзатып салған ақынның бірі осы Бибол болды. «Мұрат Шаймаранұлына» деген өлеңінде:

Отыр едім аспанымды күзетіп,

Кеттің ұшып жыл құсына ілесіп.

Күзгі боран лашығыңды ұшырып,

Кетті-ау әттең жүрегіңнен сыз өтіп, - дейді.

...            ...            ...

 

Ойға салып қояды әр сәт күз мені,

Бетімді өпті көңілсіздеу күз лебі.

Қиял құшам алып ұшып кетсе деп,

Тырналардың тізбегі.

Ағасы кеткен ата жұртқа үлкен сағынышпен, құстардың легіне, тырналардың тізбегіне үлкен арманмен, үмітпен үзіле қараған ақынның бұл шын жүрекжарды лебізі, шын арманы еді.

Тағы бір өлеңінде:

Ұшсам - ау, шіркін, сендердей болып ұшсам - ау,

Қаз болып барып Қазақстанды құшсам - ау.

Ақ мамығымен сағыныш орап жүректі,

Қиын-ақ екен аспанға қарап құс санау. (2007 жыл, күз)

Бұл Биболдың ата жұртты, баба топырағын аңсаған сағынышқа толы жүрегінің дүрсілі болатын. Баба мекенге аттанған достарына қайтқан қаздардан жолдаған сәлемі болатын.

Алла қолдап, Алматыға да жеттік. Өлең десе, кеудемізге нан пісердей болып келген біздің буын поэзияның аласапыран майданын көріп, әдебиетке дендеп ене алмаған жасымызбен абдырап қалғанымыз бар. Дегенмен, көз қырын салған, үңілген адамға бұл буын өзіндік ерекшеліктен кенде емес екенін ұғындыратын. Бізде кеудеміз көкті тіреген астамшылық жоқ. Керісінше, әр сөйлемінен сағыныш, зарығу, аңсау, қимастық танылатын. Атамыз, әкеміз көрмеген, тек көкірегіне түйген арманның исі аңқып тұратын. Бізден бұрын жеткен алдыңғы аға буынға деген жалтақтық та жоқ емес.

Бүгінде әлде кімдер жазып жүргендей құнарсыз сөз, құрғақ сөйлемге, логикасыз жыр жолдарына, әлде тұман, әлде күмәнға толы астарсыз сұлулыққа алданбаған ақынның кеудесінің көрігінде алтын еріп жатқандай әрі сұлу, әрі ауыр мұңды жыр тамшылап тұратын. Оның өлеңдерінен Мұқағалидың мұңын, Төлегеннің сағынышын, Жұматайдың махаббатын, өзіне ғана тән тым-тым биіктерге құлаш ұрған асқақ арманын көргендей болатынбыз.

Бибол Жұмағалиұлы, міне солай, өлең өлкесінде өзгеше қырымен, қайта танылам, әдебиетке деген балалық әуестікке қош айтып, поэзияға шын беріліп кірермін деген шағында, әлі аға буын мен замандас жас толқынға өз қолтаңбасын танытып үлгермей үзіліп кете барды.

Ахмет ата,

Көшеңе келді бір қонақ,

Сары жапырақтай сағыныштарын мұңға орап.

Сенің көшеңде менің тағдырым барады,

Көзіңнен аққан ып-ыстық жастай сырғанап.

...            ...             ...

Жол жүрдім тағы бозарып ұшы бетімнің,

Жетім күшік боп бұлаңдап жетті жетім мұң.

Қағазға сызар қасіретімді жер таппай,

Бұқармен сенің қиылысыңа кеп отырмын.

Алматыға келіп, ең алғашқы жазған өлеңдерінің бірі «Алматы. Ахмет Байтұрсынұлы көшесінде» деген өлеңінде ол осылай жырлап еді. Туған-туыс, дос-бауырды тастап, Алматыға келген қай-қай ақынның басынан осы тағдыр өтер еді. (Егер ол шын ақын болса). Алматыда жүріп, Биболмен өткен көңіл бүтін, көйлегіміз жыртық, қалта тесік болса да қайғысыз күндеріміз көп болып еді. Қарынның тоқтығын ойлап, арқамызды жауыр қып жұмыс іздеп, алды-алдымызға кеткен, жалғызсыраған, сағынған күндеріміз де аз емес-тін. Мұндай сәттерге куә болар өлеңдер Биболда көп болатын.

Өлеңге деген ғашықтығы шексіз ақын бір өлеңінде:

«Кетіп жатыр кір дүние кінә артып,

Өтіп жатыр мұң дүние мұнартып.

Мейлі, қойшы,

маған мынау жалғанда,

Барлығынан жалғыз шумақ жыр артық, – деп жазыпты. Сөйткен қыршын ақын ғұмырының соңғы сәтін сезгендей, білгендей жыры да, мұңы да ауырлап, өлеңдерінде өлім, ғайып, кебін, кету жайлы көп айтыпты. «Әке» деген өлеңінде:

Көрінетін болса ұлыңа соңғы нұр,

Құлағыңа естіледі мол дүбір.

Пырағыңның тұяғынан сен жайлы,

Жалғыз шумақ оқылады ...

                     соңғы жыр.

Десе, тағы бір өлеңінде:

Мен солай тірлікке жерлендім,

Ғаламға тәнімді көмген күн.

Кебінім базардың бұлы емес

Шешемнен қап қойған шер мен мұң.

...        ...       ...

Ылғи да түс көрем түндерде,

Дұшпаным күлсе де іргемде.

қып-қызыл қанымнан нәр алып,

бәйшешек қаулайды іргемде.

 Немесе:

Кеш сөйтіп, сәулем, батады,

Атайды ел мені жынды деп.

Ол кезде өліп жатады,

Жай езу тартып бір жүрек.

...        ...         ...

Тірліктен жалықтым, жалықтым,

Анамның сүтіне зарықтым.

Нан тауып жеп жүрмін,

Ішінде шаң басқан табыттың.

...        ...         ...

Мейірім ап мейірлі мекенімнен,

Көк аспанға шуақ боп көтерілем.

Аппақ нұр боп қайтадан ағып төмен,

Мұхиттардың шу асау толқынына,

Айналып кетемін мен!

Өз күнделігінің бірінде: «Мен өлсем, әкеме менің жоқтығымды білдірмейтін достарымның барлығына қуандым» депті.

Әлде Борис Пастернак айтқандай өзі жырлаған осы қасіреттер солай қарай жетелеп кетті ме екен?!

Өмірінің соңғы күндерінде тірліктің, мынау пәни дүниенің ақиқатына бой ұсына бастады. Алдымен намазға жығылды. Дегенмен, ол бұл туралы бұрыннан-ақ ойлап жүретін еді. Пәни мен бақи, күнә мен сауап жайлы бір жыл бұрын өз күнделіктерінде көп толғанған екен:

«Тағы бір сөз АЛЛА жолына түсу. Біз бұрыннан Алланың құлымыз. Алла жолына көп-көп қиянат істеген болармыз» 2008ж. ақпан.

«Шексіз адалдық, шексіз ізгілік біздің жүрегімізді жаулап алғаны жөн еді. Өзімнің пенделік ойларымнан қашып жүрмін. Пенделік сайтан ғой, қыр соңыңнан қалмайды. Мен адалдықты алғашында анамнан үйрендім. Әр адам анасын сүйері хақ. Бірақ, білетін адамдардың шешемді мақтамайтыны аз. Кейін достарым, дос ағаларым маған көп үлгі болды.

Кейде өз пенделігімді сезіп қалам. Сайтанға жеткізбейтін шақ қашан туар. Тұяғымнан ұшқан шаң ібілістің көзіне түсер шақ болар ма екен, Аллам!» 2008 ж. 17 сәуір.

Алматыда жүрген күндерімізде таныс-біліске, кейде бір-бірімізге де қарыздар боп жүретін сәттеріміз көп. Бір ғажабы, Тараз қаласында жүрген Бибол қайтыс болардан бір ай бұрын Алматыға келіпті де, қарыздар адамдарына берешегін беріп, өкпелескен бірді-екілі дос жаранымен қайта қауышып, кешірісіп, енді өмірде ештеңе қалмады-ау дегендей Талғар өзеніне бет бұрып кетіпті. Онда да әдейілеп емес, дос-бауырымен бірге сергіп қайтуға барған екен. Содан қайтып екеуі оралған жоқ.

Бүгінде Талдықорған қаласы Жетісу ауылының шетіндегі табиғаты көркем, өз мінезіндей сұлу, сылдырап аққан өзені бар беткейде мәңгілікке дамыл алып жатыр.

Мен қайта оянам!

Шолпанын туғанда таңғы аспан,

Бәсірем жер тарпып таңды асқан.

Бөрілі байрағым желбіреп,

Қолымда жарқылдап алдаспан.

Мен қайта оянам!

Бұл оның құлпытасына қашалған өз өлеңінің үзіндісі еді.

 

Ауылдан Алматыға дейін (суреттер)

(Биболдың әкесі Жұмағали мен марқұм анасы)

Әке,

Шешем кетіп дүниеден тым ерте,

Тамұқ болып кетті білем гүл өлкең...

...Сонда ғана анашым тіріліп кеп,

Бала биге тағы бір айналамын.

(Бала Бибол)

Ей,адам,маған қабағың түйме!!!

(оқушы кез. Құлжа қаласы)

Есеңгіреп, бірге жылар кемсеңдеп, 

Сағындым ғой, момын ауыл - Жырғалаң!

(солдан: Ақылбай, Еркін, Бибол, Әсет)

Айтам ән, Ақылбай дос, күндер келсе,

Қайтадан қауышатын бұрынғыдай.

Санай алмайтын сансыз көп,

Армандарымды ертіп ап...

(Іленің жағасында достармен бірге)

Сағынушы ем, жүрсеңдер де жанымда,

(ақын достармен)

 

(Бибол, Манап, Ізтілеу, Ербол. Ықылас, Әлім)

Ешкім мені қаға алмайды тіземнен,

Себебі, мен достарыма сенемін.

(Ақын дос - Алаш Тұрсыналімен)

Жұбататын бір жырыңды баста енді!

 

(Алматыға алғаш қадам басқан сәттер)

Ұшсам-ау, шіркін, сендердей болып ұшсам- ау,

Қаз болып барып Қазақстанды құшсам-ау.

Ақ мамығымен сағыныш орап жүректі,

Қиын­-ақ екен аспанға қарап құс санау.

Басымды тауға ұрдым, тасқа ұрдым,

Жұбатар дейсің бұл жас кімді.

Қасым хан жұртына қарап ап,

Ұлыған жаралы қасқырмын.

Мейлі, қойшы,

                  маған мынау жалғанда,

Барлығынан жалғыз шумақ жыр артық.

Сағындым ғой достарымды - кіл "Қазақ"!!!

(Биболмен бірге қазақ тапқан бауыры Қалмұрат отбасымен)

Дайындаған: Қайсар Қауымбекұлы

Сурет: жеке мұрағаттан

Қ. Қауымбек