Нағыз ақын кім?

Нағыз ақын кім?
Фото: vk.com

Бір сұлтан бас уәзірін шақырып алып:
-Менің мемлекетімде қанша ақын бар?-деп сұрапты.

-Жүз ақын бар,-деп жауап беріпті бас уәзір.
-Олар не жазып жүр?

-Өмір, махаббат, ғылым-білім, жорықтар туралы. Көпшілігі Сізді мадақтап, біразы ғайбаттап жазып қояды.
-Олардың ішіндегі нағыз ақыны нешеу?

-Әлбетте, Сіздің атақ-даңқыңызды келістіріп жырлағандары нағыз ақын болады да! Жартысынан көбі!..
-Мен осы тұрғанда мақтағанға жақсы боп, даттағанға жаман болып кетпеспін. Сондықтан, бүгіннен бастап, бүкіл ақынды бірін қалдырмастан зынданға таста!- деп әмір беріпті сұлтан. Айтты – бітті! Оның пәрмені қолма-қол орындалады. Бір жыл өткенде сұлтан уәзірінен тағы сұрапты:

-Қане, менің ақындарымның жағдайы қалай екен? Отыр ма? Қаншасы жазып жатыр?
-Бәрі отыр. Іштерінде қыңыр-қырсық он әпенді ғана жазуын әлі қояр емес. Қалғандары қысымға, қапас пен қамауға шыдамай жазуды доғарды,- депті уәзір.

-Ендеше, солардың бәрін босатып жібер, ал ішіндегі жазуын қоймаған әлгі он ақынды алып қалып, әрқайсысына сый-сияпат көрсетіп, жеке-жеке салтанатты сарайға орналастырып, барлық жағдайын жаса!- деп әмір етіпті сұлтан. Айтты – бітті! Оның пәрмені қолма-қол орындалады. Тағы бір жыл өткенде ол бас уәзірінен:

-Менің ақындарым қалай? Енді қаншасы өлең жазуын жалғастырып жатыр екен?– деп сұрапты.
-Үш-ақ ақын қалды. Қалғаны жақсы тұрмыстан тоғайып, масайрап, жазбай кетті,- деп жауап беріпті уәзір.

-Ендеше, міне — нағыз Ақын сол үшеуі. Тауқыметке жасымаған, марапатқа тасымаған сол үш ақынды ардақтап, жазғаны мен айтқанына құлақ асыңдар! -деген екен сонда сұлтан.

Ж. Жұмағұлов