Ғабем қайтып келгенде...

Ғабем қайтып келгенде...

Оқу залдары мен кітапханаларда тұрған қазақтың біртуар ұлдарының бірі – шешен сөз, шебер ойдың пірі, академик, жазушы, Ғабит Мүсіреповтің «Күнделік» атты еңбегінде өзекті мәселелер көтеріліпті. Оқырманымыздың көкейінде жүрген біраз мәселенің шешімін таба біледі деген ойда, алдарыңызға сұхбат ретінде ұсынғым келді.

Әсіресе, жастар құлақ түрсе, дананың өз заманында шертілген тылсым сырларға кенеледі деген сенімдемін. Әлқисса!

– «Әуелі келісіп алайық: сіз ешнәрсе жасырмаңыз, мен ешнәрсе қоспайын.
– Жоқ, сіз ешнәрсе қоспаңыз, мен ешнәрсені жасырмаймын...
Уәдеміз осы болды...»

Сұрақ: Ғабит ата, елу мың сан-белесті асып, бүгінде, көріп отырсыз, дамушы елу елдің қатарына қосылғалы тұрмыз. Тәубе делік, кезінде сіздер армандаған, жасаған еңбектеріңіздің нәтижесі шығып, ұлтымыздың ұлылығын көксейтін жағдайға да жеттік. Он сегіз жылда бозбала атқа бекем отырып, бойжеткен етегін жинайтын кезіндей Қазақстанның бүгінгісі кешегісінен озық келіп, ертеңгісі бүгінгіден де жоғары деңгейге көтеріліп отырған шағымыз осы. Әрине, «Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, самарқау кеткен тұстар: әдебиет пен дінімізге, сонымен қатар теңдессіз бай салт-дәстүріміз бен мәдениетімізге келген ауыртпалықтардың әсерінен ұлттық құндылықтарымыз кейіндеп қалғандай көрініс алғаны тағы бар. Әсіресе, ащы тілдің ызасынан шығатын ақтаңылдақ жылдардағы қазақ ұлтының өз зиялыларынан айырылуы – ұлттың қалыптасуындағы теңдесі жоқ зардаптар болып қала береді. Бүгінгі жағдайдағы жас Қазақстанның әлі де жетіліп, дамуына қанша жылдар немесе қанша ғасырлар керек деп ойлайсыз?

Жауап: Жаңа қазақ мемлекетінің биік туы менің көз алдымда көтерілді. Бүгінде күллі әлем назары ауған іргелі елге айналдық, бірақ әдебиет пен өнер ұлы болмаған жағдайда ұлт ұлы болып есептелмейтінін ұмытпайықшы. Адам ойының ер жетуі жас баланың ер жетуінен анағұрлым ұзаққа созылады. Ал енді тұтас бір қоғамның, не болмаса, ұлт ойының ер жетуі ғасырларға кетеді. 

Сұрақ: Рас айтасыз, ұлт  дамуы үдерісінің кезеңдерге бөлініп, екшелеп, әбден сауыты мен сайманы бекемделіп, төрт құбыласы тең болған жағдайда ғана дамушы елдердің моделімен теңесе аламыз. Десе де, мынау, ғаламдық яки болмаса, жеке бір ұлттық деңгейдегі проблемалардың қаншалықты дәрежеде еліміздің даму үдерісін табандап, артқа қарай шегіндетеді?

Жауап: Ұсақ ұлттарды ықтата берсең, иықтай берсең жүн болып кетеді. Өзіндік тоқсан тоғыз жақсы қасиетінен айырылып, өзгенің тоқсан тоғыз түрлі кемшілігін үйреніп, оның биік ойларына өресі жетпей, ит әуре болады. Ендігі ол халықтың беті «хош, есен болғай».

Сұрақ: Отанымыздың болашағы, жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне, рухани біліктілігіне, адами қасиетіне селқос қарай алмайтын рухы жоғары жастардың қолында екені мәлім. Көкірегінен от тербеп, сөзінен нұр бойлаған жас ұрпақ өкілінен қандай үмітіңіз бар? Немесе жастардың қазіргі тәрбиесінің барынша көрініс табуы, талданып, тарамдарға бөлінуі нендей нәтижелерді күттіреді?

Жауап: Жастарда тұмау бар, түшкіру керек. Жастарда қарсылық емес, бір кезде үлкендердің өз басынан өткен, бірақ қазір тиылған (Лоре Шпукені еске алу керек!) қалыптарына, жастарды ерте қартайтуға себеп боларлыққа наразылық бар.

Айыру болса ішке түсірмеу керек! Ішке, ішке! Жастарда тұмау бар, үшкіру емес, түшкіру керек. Барлық бактерия атып шығатын болсын! Кеңсірікке сіңбірік жиналмасын. Сіңбірік – сірә да, оған қорланып жинала берген бактерия үлкен ауруға шалдықтырады. Ақыл айтып, Алламен қорқытып үшкіру керек емес, оларға түшкіру керек. Ойдағысын айтатын болсын. 
Күн күркіреді. Дүние бұға қойғандай болады. Мысық шыға келеді, тышқан жыма жөнеледі. Әкімдер келеді, ауыл тыншыға қояды.
Айтқың келген ойың мен айтқан ойыңның арасында айырма бар, айтқың келген ойың мен қалай айтқаныңның арасында да сол айырма. 

Сұрақ: Сіз шерткен әңгіменің қыры беймәлім сырды алға ой етіп жетелейді. Қазірде жас буын өкілінің жолы, бағыт бағдары қандай болуы керек? Шымылдығы ашылмай жатып, шаңырағы шайқалатын жас отбасыларының соңы осы іспеттес қасіретті жағдаятқа әкеліп отырғанының себебі неде деп ойлайсыз? 

Жауап: Адамда «совесть» (ар-ұят) деген болады шырағым... Ол қазір көзіңе көрсете қоятын, қолыңа ұстата салатын жайда емес, бірақ өседі, сонда көресің де білесің... «Басқа бәле тілден».

Тізесін тым ашып қойған қыздың өзі көрінбей қалады. Бұдан екі түрлі қайшылық шығады:

1) Тізеге қызыққан жігіттің ойына үйлену келмейді, тізенің төңірегі ғана келеді. 
2) Қыздың ойы – сол тізесімен ғана барлық өмірлігін шешіп алмақшы. Бұл екеуінен өрбитін көңілсіздіктердің ұшы-қиырына көз жетпесе керек. Ар жағы белгілі – екеуі де сорлы болады.

Сұрақ: Тәрбиенің қай тұсында қателік көресіз?   

Жауап: Адамның көзі, құлағы, мұрны, тілі, терісі арқылы сезінетін құбылыстардың бәрі де адам тәрбиесіне жатады. 
Болашақтың адамын тәрбиелейміз дегенде адамның барлық мүшелері арқылы сезілетін, танылатын, білінетін, көрінетін, естілетін дүниенің бәрі де адам тәрбиесіне кіреді, бірде-бірін ескермеуге болмайды деп есептеу керек.

Біз ақыл-ой, сана-сезім, материалдық жаңару, тәрбие дегенде жоғарыда айтылғандарды түгел осы екі элементке жатқызамыз да, жіктемейміз, сараламаймыз, көрнекті бір қате осында.

Сұрақ: Расында, болашақ ұрпақтың танымы, ұлттық ділге деген көзқарасы, тәрбиесі қалыптанбаған. Сай-салада тарам-тарам болған игі қасиеттер бір шоқ болып түзіле алмайтынын ескеру керек. Айтылған сөз жүзеге асуы керек. Талпыныс болуы керек. Сонда ғана келешектің кереметіне қол жеткізуіміз әбден мүмкін деген ойдамыз. Әр кезде де сырыңызға тағай салар оқырманыңыз бар бұл өмірмен, жастармен нендей сөздеріңізбен қош айтысасыз?

Жауап: Ал қасиетті елім, қиыспас дос-жаран, ағайын-туыс, сәулелі жас ұрпақ, хош, хош болыңдар!

Сұхбатыңызға көп рақмет, Ғабе! 

Дайындаған: Ардақ ҚҰЛТАЙ

Сурет: turklib.ru

А. Құлтай