Хемингуэйдің Марлен Дитрихке жазған ғашықтық хаты 30 мың АҚШ долларына бағаланды

Хемингуэйдің Марлен Дитрихке жазған ғашықтық хаты 30 мың АҚШ долларына бағаланды
Фото: vk.com

Америкалық жазушы Эрнест Хемингуэйдің неміс сахнасының жарық жұлдызы болған Марлен Дитрихке жазған ғашықтық хаты бәссаудаға түседі.

Лот 30 мың АҚШ долларына бағаланып отыр. Аталған хатты Хемингуэй 1952 жылы тамыз айының 12-жұлдызында жіберген.

Хатта: «Мен сені сүйемін және үнемі таңданумен келемін, саған қатысты түсініксіз сезімдерімді ұғына алмаймын»,- деген жолдар бар.

Жазушы, сондай-ақ, Дитрихтің қандай сұлу екенін айта келіп, «Ал, мен болсам сұрықсызбын», - дейді. Соңында «Махаббетпен, мистер Папа» деп қол қойған.

Swann галереясының бәссаудасы Нью-Йорк қаласында мамыр айының 4-інде өтеді деп жоспарланып отыр.  

Хемингуэй мен Дитрих 1934 жылы танысқан. Бір-біріне деген жылы сезім пайда болса да, олар ешқашан ғашық жұптардай бірге жүрмеген. Жазушының айтуына қарағанда, олардың бірінің басы бос болғанда екіншісінің сүйгені пайда болып, екеуінің жолы тоғыспай өткен.

Марлен Дитрих талантты жазушы Эрих Мария Ремаркпен жақын қатынаста болған, кейін актрисаның жүргін Жан Габен есімді француз актері жаулап алған. Хемингуэй 4 рет үйленген екен. 

А. Оралқызы