Жауқазын буынға хат

Жауқазын буынға хат
Фото: twitter.com

Адамды адам етіп келе жатқа бір ұлы қасиет бар. Оның аты – ұят. Сабыр, ынсап, ар, ұят, әдеп – бірінсіз-бірінің күні жоқ. Бәрі жиылып махаббатты құрайды. Бірін жоғалтсаң, бәрін жоғалтасың. Жаман қылық – жұқпалы аурудан да қиын, бірден бірге ауыса ұрпағыңа да кетуі мүмкін. Сондықтан «Ұлың өссе ұлықтымен, қызың өссе қылықтымен ауыл бол» дегенді қазақ тегін айтпаған.

Жұрт көбіне ұсақ құмарлықты махаббатпен шатастырады. Жалаң нәпсі билеген кеудеде махаббатқа орын жоқ.

Киім-басы мұнтаздай көрікті әйелдің мосқал тартқан ер кісіні қол арбаға отырғызып көшеде жүргенін жиі көрем. Бірде арбасыз кездесті. Әңгімеге тарттым. 

– Сүйіп қосылған күйеуіміз еді. Соғыстан осылай кәріп боп оралды, - деді ол. –Енді қалған ғұмырда жанына дақ салмай аялап өткім келеді. Міне, махаббатқа адалдықтың, ар, намыс,тазалығының бір көрінісі. 

Бір күні автобуста келе жатып қатар отырған екі әйелге көзім түсті. Бірінің жасы жиырма-отыз аралығында, ерні қызыл бояу, көзінің үсті көк бояу, ұзартылған кірпіктері қара бояу, башмағынан шығып тұрған башмайының тырнақтарын да қызылмен бояп тастаған, омырауы ашық, көйлегі жетпейді, жеткен жерінің өзін жапқаны шамалы – сүзгідей сирек матадан денесі көрінгендей. Қасындағының жасы отыз-қырық аралығында. Мұның құмары алтын екен. Он саусақтың алтынсызы бірен-сараң, қайсы біріне тіпті екі жүзіктен киіпті: білезік, сырғалар да алтын, алтындары асыл тастармен безенген. Осы екі әйел көркемдіктің, мәдениеттің шегіне жеткендей көңілдері көтеріңкі. Орыс-қазақ сөздерін араластырып шатты-бұтты сөйлесіп отыр. Осы сәтте автобусқа бір кемпір кірді. Көтерген себеті бар, жөтеледі, ентігеді, жан-жағына қаранып орын іздейді. Әлгі екі әйел қасында қалтаңдап әзер тұрған кемпірді елемейді. 

Сол мезет соңғы жақта отырған қарақат көз қыз орнынан атып тұрып, жүгіре басып барды да кейуананы қолтықтап әкеліп, өз орнына отырғызды.

–  Бұл кісі шешең бе, әжең бе, шырағым? –деп сұрадым қыздан.
– Екеуі де емес, танымаймын,-деді қыз. Сөйлеген кезде екі беті қызарып кетеді екен. Ибалық деген осы. Сірә, мені таныды ғой деймін, сәлден кейін:

– Сізді автобуста көрем деп кім ойлаған. Қандай тамаша болды, - деді батылсыздау үнмен.

– Автобус –көптің көлігі. Көппен бірге болу әбес пе?

– Жо-жоқ, сонда да...

Аялдамаға келіп қалыппыз. Қыз сөзін аяқтай алмай, қош айтысып түсіп кетті. Кішкентай қылығымен-ақ бәрімізді риза ғып кетті.

Қазақта обал, рақым, иба, қанағат, борыш деген ұғымдар бар. Бұлар – ескіден келе жатса да ескірмеуге тиісті асылдарымыз. Оларды темір етікке нәл қағып кигендей әспеттеуіміз керек, қадірлеуіміз керек.

Ғабиден Мұстафин

Қазақстанның Халық жазушысы

Ж. Жұмағұлов