Оқыған кітапты есте сақтау үшін...

Оқыған кітапты есте сақтау үшін...
Фото: Ернар Алмабек

Кезінде Қаныш Сәтбаев физика маманымен физика туралы, тарих маманымен тарих туралы, әдебиетшімен әдебиет туралы мүдірмей сөйлесетінін, тереңіне дейін талқылауға қабілетті болғанын Мұхтар Әуезов тамсана жазады. Сол кездегі ақындардың соңғы шығарған өлеңдерінен де хабардар болып, сын айтқан деседі. Қазір осындай барлық саланың бірдей жілігін шағып, майын ішетін тұлғалар бар ма? Болса да, сирек. Себебі ақпарат ағыны тым көп. Ал осы толассыз мәлімет ғасырында оқығанымызды есте сақтап, санаға тоқып алудың оңай жолы бар ма? 

Оқуға кіріспес бұрын жақсылап дайындалыңыз. Білімді қабылдауға сананы даярлаңыз. Тыныштық күйге өтіп, миды тазартыңыз. Қолға алған кітабыңыз қызықтыра бастағанда, одан барынша көп ақпарат алуға дайын боласыз. 

Жаңа мәліметті игеру кезінде, әсіресе дауыстап оқысаңыз, көп қуат жұмсалады. Сондықтан тыныс жүйесімен де дұрыс жұмыс істей біліңіз. 20-30 рет терең тыныс алыңыз. Мұны таза ауада орындасаңыз, жақсы әсері молая түспек. 

Кітапты 20-25 минут оқыған соң, жаңадан ұққан 3 ақпаратыңызды ойлаңыз. Басыңызға келген үш идеяны жазып қойыңыз. 

Енді мұны кімге айтуға болатынын ойланыңыз. Зейін қойып тыңдай алатын, ой бөлісе алатын адамды еске түсіріп, дереу барып айтып беруге асығыңыз. Біреуге үйрету арқылы өзің үйрене түсесің демекші, оқығаныңыз мықтап тоқыла түседі. 

Осындай үйренуге күніне 25 минут бөлсеңіз, жеткілікті: оқисыз, түсіндіресіз, орындайсыз! Дәл осы дағдыдан таймасаңыз, 1-3 аптада бір кітап, жылына 20-30 кітап игеруге болады. Оқыңыз! Іске кірісіңіз! Бұл сіздің қолыңыздан келеді.

@. @assel_assanova