Кітап па, кино ма?

Кітап па, кино ма?

Тағы да қайталағым келіп отырғаны, кітап па, кино ма? Бүгінгі күннің бетпердесі ашылған ең өзекті мәселелерінің бірі осы. Яғни ғасырлар тоғысында туындап отырған үлкен проблема десек те болады. Олай деп айтып отырған себебіміз, қазіргі жастардың кітап орнына кино көріп, айранның орнына вино ішіп жүргендігі. Буыны қатайып үлгермеген бұл буын өкілдерінің алдағы келешегі не болмақ? Сол туралы ойланып көрелік...

Әрине, бір кітапты бір киноға сыйдыра алатын талант шеберлері жетіп артылады. Кез келген кітабыңыздың әңгіме желісі қызықты да қызғылықты болса, онда бір кино кинотеатрға шыққалы тұр деп ойлай беріңіз. Алайда, сол киноңыз бір кітаптың бар міндетін бір бойына сыйдыра алмай жатса ше? Әңгіме осы жерден туындайды. Сіз қанша әдемі, тартымды кино көріңіз, сізге кітап сыйлайтын немесе сыйлай алатын құндылық пен мәдениетті тарту ете алмайды. Бұл турасында дауласып, жаға жыртысудың да қажеті шамалы. Мәселен, өзіңіз көріп шыққан он кино мен жақсылап оқып шыққан бір кітаптың ара-қатынасын саралап, әділ бағасын беріп көріңізші?! Жо-жоқ, өз-өзіңізді алдап, әйтпесе, жеңілмеудің тасасында қалып қалу жарамайды. 

Шындығы осы, теледидар алдында шалқайып, қанша кино көріп жатсаңыз да, мейлі, отырсаңыз да сөздік құрамыңыз бен тіл-оралымыңызды жақсарта алмайсыз. Керісінше, жағымсыз кейіпкерлер мен анайы сөздер жаныңызға жақын барып алып, көп уақытқа дейін ой-санаңызды улап жүреді. Ал кітап оқып отырсаңыз, о, керемет, ғажап көріністер мен жазушы жеткізе алған оқиға желілері сізді басқа әлемге ертіп алып кетеді. Сол жақта сіз жақсы кейіпкердің істеген іс-әрекетіне бір сүйсініп, қапыда кеткен сәттерінде тісіңізді бір қайрап, кітап соңына дейін әлгі бас кейіпкермен (мейлі, ол әйел баласы болсын, ер адам болсын) тілектес болып шығасыз. Және көп уақытқа дейін өзіңізге мұңдас пен сырлас тапқандай күй кешіп жүретіңіз де өтірік емес.

Бар мінді киноға артып, қаралай беруге де болмас. Өйткені, киноның кітаптан артық бағаға ие болуы үлкен еңбектің арқасы. Және заманның ыңғайы мен арман-тілегін осы жерден көруге болады. Өздеріңіз білетіндей, адам баласына тұрақтылық жаға бермейді. Жаңаны көргісі, жақсыны білгісі келеді - адам баласының бар ғұмыры осымен өлшеніп жатады. Ең бастысы, жарнама!

Қорытынды мынау, кітап пен көркем әдебиетті қалдырмай оқып шығып, артынша шығып жатқан киносын көріңіз. Сонда барып салыстыра да, бағамдай да аласыз. Ал нағыз достың кім екенін өзіңіз де білесіз.

Сурет: religion.in.ua

Дайындаған: Фараби Бақыт

Л. Лига