Жанкешті жазушылар

Жанкешті жазушылар

Кітапты, не шығарманы жазу үшін, бастысы, көңілге өзгеше бір ләззат сыйлайтын эстетикалық сезім мен шабыт керек. Дегенмен, барлық жазушының, не шығармашылық адамының іздеген "музалары" әр жерде һәм әр жағдайда алдарынан шықпайды. Жеке өмірлері бізге беймәлім ұлылардың әдебиет әлеміндегі бүгінгі алып тұрған орындары мен шоқтығы биік туындыларының жарқын тағдыры үшін қандай жанкештілікке барғандарын білеміз бе?! Ендеше, осы сұрақтың жауабын бірге іздеп көрейік!

Агата Кристидің тынымсыз шығармашылықпен айналысып, еш кедергісіз жұмыс жасауға жабдықталған жеке бөлмесі, онымен қоса, арнайы жазу үстелі болмаған. Жазушыға бұның барлығы үлкен кедергі келтіргені анық. Алайда, ол жағдайы болмаған күннің өзінде жазуын тоқтатпаған. Тіпті, жатын бөлмесіндегі жуынатын орындыққа сүйеніп, не тамақтанып отырған сәтінде де, ас үстеліне жайғаса кетіп, алаңсыз еңбектене берген. Әлемдегі бар нәрсені ұмытуы үшін, өз айналасында тыныштықтың орнағаны ғана маңызды болған.

Фрэнсис Скотт Фицджеральд әскери лагерьде жүріп, қызметінен бос уақыттың барлығында шығармашылықпен айналысқан. Жазушы әдеби ортада әр алуан пікір тудырған тұңғыш романын жазғанда(«Жұмақтың арғы бетінде»), қолына түскен бір парақ қағаздың өзін пайдаға асыратын болған. Әскерден кейінгі күндері тәртіпке бағынбай күн кешкен. Көп уақытын ұйқыға жұмсаған ол, кей кездері ғана үстелге отыратын болған. Ал шабыты келген сәттерде жазушылық әлеуеті бір түнде 8 мың сөзді толтыруға жеткен.

Эрнест Хемингуэй(1899-1961) өмір бойы таң сәріде оянуды әдет еткен. Бір күн бұрын үйіне қонақ келіп, жолдастарымен көңіл көтеріп, әңгімесі толастамайтын шулы ортада отырғанымен, ертесіне түк болмағандай таңғы алтыдан кешікпей тұрған. Жазу үстеліне сүйеніп жазатын ол, түскі уақытқа дейін ғана шығармашылықпен айналысқан. Күнде жазылған сөздердің санын ерінбей есептеп, соған орай, арнайы кесте құратын болған.   

Джеймс Джойс(1822-1941) ешқандай тәртіпке және қатаң қағидаларға бағынбаған. Сағат тілі онды көрсеткенше ұйықтайтын жазушы таңғы асына ыстық нан мен кофені қанағат тұтқан. Ресми түрде жұмысшы болып еш жерде тіркелмеген. Тек қана ағылшын тілінен жеке адамдарға сабақтар жүргізіп, пианинода ойнауды үйретумен ақша тапқан. Саналы өмірі қарызданумен өткен. Өзіне несие берушілерді төлем уақыты таяған кезде саясат туралы жалған әңгімелерімен көңілін бөліп, алдап кететін болған.

Харуки Мураками түнгі сағат төртте тұрып, жазу үстеліне отырады. Содан алты сағат бойы тоқтамай жұмыс жасайды. Шаруасын аяқтаған соң, алаңда жүгіріп, суда жүзіп, музыка тыңдап, кітап оқумен айналысқанды ұнатады. Таңмен таласып тұратын жазушы, кешкі тоғызға таяғанда ұйқыға жатады екен. Муракамидің айтуы бойынша, күнде қайталанатын темірдей тәртіп - оның трансқа түсуіне сеп болады және шығармашылығы үшін пайдалы.

Владимир Набоков өзінің романдарын кішкене карточкаларға жазып, оларды каталогқа арналған ұзын жәшік ішіне жинақтайтын болған. Содан соң карточкаларға толтырылған мәтіндерді бөлік-бөлігімен жинап, оқиға желісіне және тақырыптарға байланысты құрастырған. Ол - «Лолита» атты романын машинаның артқы жағында отырып жазған. Өйткені сол жерден ғана тыныштық тапқан.

«Астамшылық және жалған сенім», «Сезім және сезімталдық», «Эмма» атты белгілі романдардың авторы – Джейн Остин анасы, сіңілісі, жақын досы, онымен қоса, үш үй қызметкерімен бір үйде тұрған. Сол себепті оның, бір сәтке де болсын, жалғыз қалатын мүмкіндігі болмаған. Қонақтар келетін бөлмені шығармашылық тұрағына айналдырған жазушының жаны ол жерде де тыныштық таппаған. Джейн бөлмеге бөтен біреу кірген сәтте, қағаздарының барлығын лезде тығып тастап, көрсетпеуге тырысқан.

«Жоғалған уақытты іздеу» романын толық бітіруі үшін Марсель Прусттың(1871–1922) он төрт жыл уақыты кеткен. Сол шақтар аралығында ол бір жарым миллион сөз жазған екен. Өзін жан-тәнімен шығармашылыққа арнаған. Үлкен жанкештілікке барып: қоғамнан ажырап, күллі елге әйгілі еменмен қапталған жатын бөлмесінен шықпай жүрген. Марсель төсек үстіне жайғасып отырып, тізесіндегі жастықтың бетіне дәптерді қойып, жазуға кірісетін болған.

Марк Твен(1835–1910) «Том Сойердің» басынан кешкендерін фермада отырып жазған. Жазушы үшін арнайы жаппа-кабинет те әзірленіп қойған. Ол бөлменің терезесін міндетті түрде ашып қоятын болған. Ал қағаздарды жел ұшырып алып кетпесі үшін, оларды әдейі таспен басқан. Жеке кабинетіне жақындарының өзін айтпағанда, жан баласы жақындай алмаған. Қатты қажеттілігі туа қалған жағдайларда, үйдегілері кернейді барынша қатты тартып, сыртқа шығуын өтінген.

Жолдаған: Айбол Исламғали
Сурет: travelfreak.comfakt.plb.dkartearth.ru.
Ш. Талап