Барлық бақытты отбасы бір-біріне ұқсайды

Барлық бақытты отбасы бір-біріне ұқсайды

Әлемдік әдеби әлем таңғаларлық қызықты оқиғаларға толы. Солардың бірнешеуінен сіздерді сусындатсақ деп едік...

Қазақ әдебиетінің ірі тұлғалары Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтың жұлдыздары бір-біріне қарсы болған. Өз замандарында екі алыптың шиеленісі әдебиеттегі ең ірі шиеленістердің бірі болып, халық екеуінің қадамдарын аңдып отырған деседі. Мұхаң мен Сәбең бір-бірінің ұлылығын, дарынын, шығармашылығын жеткілікті түрде мойындамаған екен...

Лев Толстойдың «Анна Каренина» романы былай басталады: "Барлық бақытты отбасы бір-біріне ұқсайды, ал барлық бақытсыз отбасының әрқайсысы өздерінше бақытсыз". Жазушының осы сөзі түрлі ғылымдағы түрлі ұстанымдарды түсіндіруге қолданылды. Экономистер Анна Каренинаның бұл ұстанымын адамның қоршаған ортаға бейімделуі мен оның дағдарыс кезінде өз-өзін ұстауына орай қолданған:  барлық бейімделген жүйе бірыңғай қасиеттерге ие болса, бейімделмеген жүйелердің әрқайсысы өзінше бейімделеді.

Джоан Роулинг өзінің «Гарри Поттер мен философиялық тас» атты бірінші кітабын 1995 жылы аяқтайды. Кітапты таратумен айналысатын агент қолжазбаны 12 баспаға жібергенімен, барлық баспа жазбаны қабылдамай қояды. Тек бір жылдан соң, қолжазбаны лондондық Bloomsbury атты кішкене ғана баспа қабылдаса да, баспаның бас редакторы бұл кітаптың пайда әкелетініне күмәнмен қараған. 

Артур Конан Дойль детектив жанрының классикасы саналатын атақты Шерлок Холмс туралы әңгімесінде криминалистиканың полицияларға беймәлім әдістерін жазған көрінеді. Полициялар Холмстың қолданған тәсілдерін өз жұмыстарына пайдалану үшін кітапты жата-жастана оқыпты-мыс. 

Франц Кафка тірі жүргенде тек бірнеше әңгімелерін жариялаған. Өлер алдында досынан оның бүкіл жазбасын өртеп тастауын сұраған. Досы Макс Брод бұл өтінішін әлбетте орындамады. Ал Бродтың әрекеті Кафкаға әлемдік атақ-даңқ сыйлады.

Елсіз аралға өзіңізбен бірге қандай бес кітапты алып кетер едіңіз деген сұраққа Бернард Шоу былай деп жауап беріпті: "Парақтары жазылмаған 5 кітап алар едім". Бұл концепцияны американдық Harmony Books баспасы іліп алып, 1974 жылы "Ештеңесіз кітап" деген атпен 192 беті де тап-таза кітап басып шығарды. Және бұл кітапты жұрт сатып алған көрінеді. 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: rumenews.com, christiannewage.ru, ru.freepik.com, filmmasterjournal.com, aphorism.ru, proza.ru

М. Оңғарова