Аягүл Мантаева: "Біздің қазіргі қоғамда ақын-жазушыны "өлтіру ойыны" жүріп жатыр..."

Аягүл Мантаева: "Біздің қазіргі қоғамда ақын-жазушыны "өлтіру ойыны" жүріп жатыр..."

Жас жазушы Аягүл Мантаеваны Мassaget.kz оқырмандары "Интуиция", "Мен", "Бөрте", "Жалғыздық биі", "Депрессия", "Жауһар", "Меланхолия" атты әңгімелері арқылы жақсы таниды. Аягүл бүгінде Ресей Халықтар Достығы университеті (РУДН) әдебиеттану факультетінің магистратурасында білім алуда. Жазушының "Рейтинг" газетіне берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

- Әдебиетке, әдеби ортаға басқа кеңістіктен қарап жүрсің. Жалпы қазіргі қазақ әдебиеті, оның дамуы, оның мәселелері Мәскеуден қалай көрінеді екен?

– Осы сұрағыңызға қарапайым жауап берейінші. Мен қазір Ресей Халықтар Достығы университетінің (РУДН) әдебиеттану мамандығында магистратурада оқып жатырмын. Біздің топта тоғыз ресейлік болса, соның сегізі мәскеулік. Мәскеуде туып-өскен жастар. Университетке көбісі өзінің машинасымен келеді. Ал біздің елде Алматы мен Астана секілді үлкен қалада туып-өскен жастар әдебиеттану мамандығына түсе бермейді, олар көбіне халықаралық қатынастар, экономика мамандықтарын таңдайды. Мен мұны не үшін айтып отырмын? Демек, мұнда әдебиетке мемлекет тарапынан құндылық деп қарап, бағалау бар, жазушыға деген құрмет жоғары. Басқасын айтпағанда, биылғы жылды  Ресей «Әдебиет жылы» деп жариялады. Жаңа жылдық демалыстан кейін-ақ биліктің ұйымдастыруымен үлкен сарайларда мықты әдебиеттанушылар лекция оқуды, жазушылар оқырманмен кездесу өткізуді бастап кетті. Горький атындағы Әдебиет институтының ректорының лекциясына тіпті орын болмай, профессорлар кіре алмады. Мұнда біздегідей кейбір мәдени шараға студенттерді қинап апару, олардың ішкі құқығына қолсұғу жоқ. Мысалы, Жаңа жылдың алдында  РУДН-де бізге сабақ беретін Владимир Мескин атты кафедрадағы ең қатал профессордың ашық лекциясы өтті. Мен жатақханада тұрамын, жатақхана университетке жақын. В.Мескиннің Ресей жазушыларының соңғы екі-үш жылда жазылған роман, повестеріне талдау жасайтынын білдім де, өзім үшін бардым. Себебі, әдебиетте жүрген маған бұл лекция өте қажет. Конференция залында қырық шақты адам отырдық. «Зал неге толмады, студенттер неге келмеді?» деп әңгіме айтқан Мескин де, басқа оқытушылар да болмады. Себебі, лекцияны тыңдап отырған қырық адамның бәрі де өз еркімен келген.

Біздің тағы да бір профессор, кафедра меңгерушісі монографиясының жартысын  жазушы Виктор Пелевинге арнаған. Бірінші курста бірнеше рет Пелевиннің шығармашылығы туралы лекция оқыды. Пелевинді бірнеше рет РУДН-ге кездесуге шақырып, келтіре алмапты. Мұны өзі айтты. Пелевинді қатардағы жай оқытушы емес, Ресейге белгілі әдебиетші, беделді университеттің кафедра меңгерушісі шақырып тұр ғой. «Пелевин жақсылығымды білмеді, шақырғаныма келмеді» деп ренжіп жатқан профессор жоқ, Пелевиннің шығармашылығы туралы лекциясын әлі оқып жүр.  Ал біздің әдебиетшілер еркіндікті сүйетін жазушы байғұспен ұстасып шыға келуі мүмкін ғой.

Қазақстанда ақын көп болса, Ресейде жазушы көп. Поэзия – Шығыс халқының, қазақ халқының табиғатына жақын жанр.Мысалы, университеттегі профессорлардың оқыған лекциясының 99 пайызы жазушылардың шығармалары болды. Әр апта сайын оқытушылар бізге әлемнің әйгілі жазушыларының кітабын оқуға тапсырып, сабақта бірге талдадық. Мысалы, оқытушы кітаптың кез келген жерінен логикалық сұрақ қояды. Кітаптың интернеттегі қысқа мазмұнын оқып алып, қулық жасаймын десеңіз, оңбай қателесесіз.

- Жалпы Мәскеуге қалай жолың түсіп жүр? Алматыда жалғызсырап, өгейсіп жүрген күндерің көп болып кеткен жоқ па?

– Жасырып қайтем, Алматыда тұрған соңғы жылдары жұмыстан жолым болмай кетті. Менің қателігім сол, өзіме «Менің талантым, білімім, потенциалым кімге қажет? Қазір қай ғасырда, қай қоғамда, қандай құндылықтар алға шыққан заманда өмір сүріп жатырсың?» деген сұрақты қоймадым. Бірақ... уақыттың, әлемнің тым өзгеріп кеткенін, өзімнің болмысымның мына қоғаммен ымыраға келмейтінін жан-дүниеммен сезіндім. Сезіндім де, сілкіну керектігін түйсіндім. Өзімнің өмірім өзіме ғана қымбат екенін, менің өмірімнің басқа ешкімге қажет емес екенін түсіндім. Қазір қандай да бір маңызды шешім қабылдамасам, бәрі де кеш болатынын,  жолайрықта тұрғанымды, өз өмірімді менен басқа ешкім өзгерте алмайтынын білдім. Әдебиетке мен саналы түрде келдім бе, әлде менің басқа еш таңдауым болмады ма, тағдырым әкелді ме, ол арасын нақты айта алмаймын. Бірақ бір нәрсе ақиқат: менің әдебиеттегі жолым басталып кетіп еді. Сол себепті, ендігі жасамақ қадамым, шешімім бәрі де осы салаға байланысты болуы тиіс еді. Мәскеуде жақын құрбым аспирантурада оқып жатқан. Мәскеуге келіп, үш ай емтиханға дайындалдым. Емтиханды ресейліктермен бірдей тапсырдым. Комиссия мүшесі емтихан билеттерін таратқанда «шынау шетелдік қой, бұған жеңілдеу сұрақ берейік» деген жоқ. Ресейліктерге дайындаған билетінің біреуін маған да берді. Содан әдебиеттану (негізгі мамандығым), орыс тілі, тіл білімі, яғни үш пәннен емтихан тапсырдым. Нәтижесінде грантты жеңіп алдым. Демек, мен өз өмірімді өзгерттім. 

Жоғарыда «Алматыда тұрған соңғы жылдары жұмыссыз жүрдім» дедім ғой, оның да бір пайдасы тиді. «Өзімді мақтағандай болмайын» деп бұл туралы еш жерде айтпап едім.Сол уақытта қазақтың мықты актері, тағдыры ауыр, өзім жақын араласқан Қасым Жәкібаевтың кітабын жазып, мемлекеттік тапсырыспен шығарып бердім. Кітапты жазу, суреттерін жинау және баспа тауып, мемлекеттік тапсырысқа енгізу бір адамға оңай емес. Бір қызығы, Қасым Жәкібаев та, басқа адам да  маған «Қасым Жәкібаевтың кітабын жазып, шығарып бер» деген жоқ. Тағдырлы, бірақ тым талантты актерді қуантқым келді. «Өнер» баспасының директоры Әшірбек аға Көпішке барып, өтініш айттым. Ол кісі Қасым Жәкібаевтың өнерін өте жоғары бағалайды екен, бір жағынан менің жүгіріп жүргеніме де жаны ашыған шығар... Әшірбек аға: «Аягүл, кітапты жазып, суреттерін жинап, дайындап отыр, егер қандай да мемлекеттік тапсырыспен шығаруға мүмкіндік болса, қосып жіберем» деді. Мемлекеттік тапсырыспен шығуға тиіс бір атақты тұлғаның кітабының қолжазбасы дер кезінде дайын болмай қалды да, баспа Қасым Жәкібаевтың кітабын шығарды. Кітап қырық баспа табақ. Кітабын көріп қуанған науқас актердің жүзі әлі көз алдымда. Қуаныштан көзіне жас алды. Қасым атаның үйіндегі апа айтады: «Атаңның бөлмесіне кірсем, кітапты қолына алып, жылап отыр екен. Көз жасы кітапқа тырс-тырс тамып жатыр...» Шынымды айтсам, қазір өзім таңғалам. Өзім болсам, жұмыссыз жүргем, бір газеттен қаламақы алып тұрғаныммен, тұрақты жалақым жоқ, басымда баспанам да жоқ, баспаның басшысы «қолымнан келгенше, көмектесем» дегенімен,  нақты уәде берген жоқ, ал мен болсам, сонда да кітапты жазып, актердің суреттерін театрдан, сосын телеарналардан сурет үшін актер түскен ескі фильмдердің кассеталарын араға адамдар салып алдым... Менің басымда «қарт актерді қуанту керек» деген ой ғана тұрды.  Қасым Жәкібаев туралы естелік айтқан кейбір мықты актерлер: «Уақытым аз, тез такси ұстап, келе ғой» дейді... Табиғатым оптимист емес, пессимизмге жақын. Бірақ жақындарым үшін, шын бағалайтын адамдарым үшін оптимист адамға айналып кетеді екенмін.

Кітабы шыққаннан кейін Қасым Жәкібаев сегіз айдан кейін өмірден өтті. Әшірбек Сығай: «Жанна д’Арк  (неге екенін білмеймін,  ол кісі мені осылай атайтын),  сен жап-жас болып, үлкендердің көпшілігінің қолынан келмейтін іс бітірдің. Қу тірлік деп жүріп, сондай дара актерді біз қуанта алдық па?»дегені бар. Бәлкім, бұл – менің өмірдегі жасауға тиіс міндетімнің, парызымның бірі шығар? Сол кезде жұмыс істеп жүргенде, менің де қу тірліктен, журналистиканың қара жұмысынан дара дарынның кітабын жазуға уақытым болмас еді, бұл кітап шықпас еді. 

Кейіннен осы кітап шыққаннан кейін, бір актерлер, режиссерлер хабарласып, тапсырыспен кітаптарын жаздырды.

Белгілі ақын-жазушылардың Мәскеудегі, жалпы Ресейдегі үйлерін аралап көріп жүргеніңді әлеуметтік желілердегі жазбаларыңнан оқып жүрміз. Аралап жүріп, не ой түйдің? Олар қандай жолдармен жүріпті? Олар әдебиетті қалай жасапты?

– Мәскеу – музейімен мақтанатын қала. Толстойдың Ясная Полянадағы үйіне барғанымда, Ресейдің ғана емес, әлемнің де түкпір-түкпірінен саяхатшылар келіп жатқанын байқадым.Толстойдың үйіне кіргеннен-ақ ақсүйектік салтанатты байқайсыз. Толстойдың үйін аралап жүргенде ұлы жазушы бақта серуендеп жүргендей, қазір кіріп келетіндей сезімде болғаным бар. Жазушының өз өтінішімен мүрдесі Ясная Полянада, яғни, өз ауласындағы орманда жерленген. Жазушының қабірі қоршалмаған...

Ясная Поляна бір ауылдың жерін алып жатыр. «Мынандай сұлу табиғатта өскен Толстойдың жазушы болмауға қақысы жоқ еді» деді бақта, орманда серуендеп жүргенде жастар. Бірақ мен бұлай ойламаймын. Толстой – өмірге жазушы болып келген, жазушылық арқылы үлкен миссияны орындауға тиіс тұлға еді. «Ясная Поляна Толстойға нағашы атасынан мұра болып қалды» деп жазылған өмірбаянында. Шын мәнінде, Алла Толстойдың атасына бұл жерді Лев Толстой үшін беруі мүмкін ғой. Толстой шығармаларында Құдайды іздейді және оқырманды Құдайға жақындатады.

Толстойдың Мәскеудегі тұрған үйіне де, қолжазбалары сақталған музейге де жолым түсті. Жазушының «Соғыс және бейбітшілік» және «Анна Каренина» атты романдарының қолжазбасын көзіммен көрдім. Достоевскийдің балалық шағы өткен үйде болдым. Гоголь, Есенин, Марина Цветаева, Булгаков, Андрей Белый және Чеховтың тұрған үйлерін аралап көрдім. Орыстар Пушкиннің үйленгеннен кейін бал айын өткізген үйді де музейге айналдырып тастаған.

Есениннің, Булгаковтың үйінен кедейліктің исі шығады. Марина Цветаеваның шетелге кетпес бұрын тұрған үйінде болдым. Музейді аралап жүріп, бір кезде осы екі қабатты, еңселі үйде тұрған талантты ақынның бір тілім нанға зар болып, аштықтан бұратылып жатқанына сене алмадым. Мәскеу университетінің профессоры, музей директоры, беделді тұлғаның қызы аштықтан азап шекті дегенге кім сенеді? Бірақ бұл рас. Өзіңнен таланты төмен әдебиеттегі шенеуніктерге өтініш айту, өтініш болғанда да асханада ыдыс жуушы болуды сұрап хат жазу оңай деп кім айтты?... Марина жазды, бірақ көп ұзамай өзіне қолжұмсады. Қоғам сұлулықты өлтіріп тастады.Біздің қазіргі қоғамда ақын-жазушыны «өлтіру ойыны»  жүріп жатыр... Бір әдебиет институтының жұмысын жалғыз өзі атқарған Әмірхан Балқыбектің өлімі – әдебиетті қажет етпеген билікке деген қарсылық.

Қадыр Мырза Әлі ағамыз «Иірім» кітабында жұмыссыз жүрген кезінде отбасын газет-журналдардан алған қаламақысымен асырағанын айтады ғой. Қазір газет-журналдар ақын-жазушыға қаламақы төлемейді. Төлесе де, тиын-тебен. Жұмыссыз қалған талантты ақын-жазушының тағдырына алаңдап, қорқам...

Шығармашылыққа қандай еркіндік керек екен? Біздің қоғам мен Ресей қоғамы қаламгерлерге қандай еркіндік беріп отыр?

– Пушкиннің айтқаны бар: «Өмірде бақыт жоқ, бірақ, тыныштық пен еркіндік бар». Үнемі өзгемен емес, өзімен өзі алысып жүретін адамдарға сол тыныштық пен еркіндікті табу оңай болмаса керек-ті. Өмір – олар үшін кейде бостандық, кейде бұғау. Блок «Шығарма­шылықтың қалауы – құпия еркіндік» деген. Сол құпия еркіндікті шығармашылық адамдары бірде тапса, бірде жоғалтып алады…

Біздің елде қазір кітап шығару сондай қиын емес. Талантты, танымал жастардың ғана емес, әдебиеттің  «терезесінен» енді сығалап жүргендердің де кітабы шығып жатыр. Мемлекеттік тапсырыспен 2 мың данамен шығып жатқан талантты жастардың кітабы республиканың кітапханаларынан артылмайды. Мойындау керек, бізде жақсы жобалар бар, оны қолға алу да бар, бірақ орындалуы ылғи да шала-жансар. Мысалы, биылғы мемлекеттік тапсырыспен отыз жастың кітабы шығу керек болса, баспалар отыз қаламгердің орнын толтыру үшін тақпақ жазып жүргендердің де кітабын шығарып жатыр. Әдебиетті көтеру үшін, таза әдебиетті халыққа жеткізу үшін, насихаттау үшін неге сол отыз адамның орнына талантты он жастың кітабын алты мың данамен шығармасқа?! Бізде «Жас ақын-жазушыларды қолдап жатырмыз, кітабын шығарып жатырмыз» дейді. Рас, кітабын шығарып жатыр, бұл – қолдау, әрине. Баяғыда кеңестік кезеңде біздің колхоз бір телешкі мақтаның астына тас, құм салып, аудандағы басшылардың «аузын майлап», тиісті жоспарды «орындайтын». Қазіргі мемлекеттік тапсырыспен кітап шығарып, «жастарды қолдап жатырмыз» деген әрекет те осыған ұқсайды. Халыққа «әдеби талғамың болса, мұрныңа әдебиеттің исі барса, жақсы шығарма мен нашар шығарманы өзің таразылап ал» дейтін секілді. Ал бюджеттің, халықтың ақшасы желге ұшып жатыр... Қазір қазақ әдебиеті өте күрделі процестерді бастан кешіп жатыр. Басқасын айтпағанда,  халықтың әдеби талғамын қалыптастыру да керек секілді.

Ресейде де әртүрлі әдеби байқаулар бар. Жасырып қайтеміз, біздің елде  әдеби байқаудатіпті байқау қорытындысы шықпас бұрын кімдердің жүлде алатынын сезіп отырамыз ғой. Кімнің жүлдені қалай алғанын, кім арқылы алғанын, танысының кім екенін білеміз. Өзінің ары мен ұятын сатқан, саудалаған ақын, жазушыдан не күтуге болады? Ештеңе. Ресейде байқағаным, біздің елмен салыстырғанда әдеби байқаулар әлдеқайда әділ өтеді.

Әдеби байқаулардағы «қазақбайшылық» ақын-жазушының еркіндігін шектеп, «сындырып»,  талантына тұсау, шабытына тежеу салады.

- Жалпы қазіргі қоғамда, қазіргідей заманда қаламгер болу, ой сауу керек пе? Қаламгер «көп ішіндегі жалғыз» болып қалған жоқ па?

– Қиын сұрақ... Жазушы, шын жазушы – табиғатынан жалғыз ғой. Марқұм Әмірхан Балқыбек екеуміз әдебиет туралы жиі пікірлесетінбіз. Сонда ол кісі: «Осы біз қоғамға қажетпіз пе, айтшы, қажетпіз бе?» деп менен жиі сұрайтын. Ал мен жауап бере алмай, жанарымды алып қашатынмын.

Он жеті миллионнан сәл-ақ асатын халқы бар, оның біразы қазақ тілін қақпайтын халқы бар қоғамда жазушы болу оңай ма? «Қазақ тілімен әлемдік әдебиет жасаймын» дейтін арманы мен үміті бар жастарды қатты аяймын. Әлемдік әдебиетте аты бар, көпшілік «Театр» романын «шедевр» деп бағалайтын (менің жеке пікірімше, бұл – ортақол шығарма) Сомерсет Моэмнің мынандай пікірі бар: «Францияда жазушы көп, бірақ оқырман аз. Француз жазушылары әдебиетпен айналысып қана нанын тауып жей алмайды. Сіз кейбір ағылшын жазушыларының есімін өмір бойы естімеген болуыңыз мүмкін, бірақ сіздің оны білмеуіңіз – оның әдебиеттен нан тауып жеуіне еш кедергі келтірмейді. Себебі, ағылшын тілінде кітап оқитын оқырман көп». Бірақ... Моэм бұл пікірін айтқанда да француз тілі әлемде «мода» еді. Кезінде XYIII-XIX ғасырда орыс халқының, орыс ақын-жазушыларының француз тілінде сөйлеуді мәртебе көргенін тарих жақсы біледі. Қазір де француз тілі – әлемдік тіл. Десе де, әлемге Бальзакты, Виктор Гюгоны, Александр Дюманы, Камюді, Сартрды, Флоберді «берген» француз әдебиетінде де бір қорқыныш бар еді. «Француз әдебиеті қанша мықты болса да, аудиториясы кең, жарнамасы күшті ағылшын әдебиетінің көлеңкесінде қалып қоймай ма?» деген қорқыныш еді. Қазақ жазушысы дәл қазіргі қазақ қоғамында әдебиет арқылы нан тауып, баюға мүмкіндігі бар деп айта алмаймын. Ал халқының саны 140 миллионнан асатын Ресейде (оған орыс тілінде сөйлейтін, оқитын ТМД халқын қосыңыз) әдебиетті бизнеске айналдыруға болады.  

- Шығармашылығыңдағы жаңалықтар қандай? Оқырман «Қабір гүлі», «Бөрте» сияқты әңгімелеріңді жақсы бағалап жатыр. Қазір не жазып жүрсің?

– Мен орта өзгерттім, кеше қазақ қоғамында өмір сүрсем, бүгін орыс қоғамында өмір сүріп жатырмын, араласатын адамдарым да, олардың тілі, түсінігі, дүниетанымы да мүлдем бөлек. Демек, менің де санамда өзгерістер жүріп жатыр. Бұл өзгерістер менің қазіргі жазған әңгімелеріме сөзсіз әсер етеді. Мәскеуге келгелі екі-үш дүние жаздым. Бірақ «ішкі сыным» бұл әңгімелерімді жақсы қабылдамады. Бірақ «ішкі сыным» қашан жазған әңгімелерімді жақсы қабылдағаны да есімде жоқ. «Қабір гүлі», «Бөрте» – менің өмірім. Іздеген оқырман мені әңгімелерімнен тауып алады. «Қабір гүлі» мен «Бөртені» бес-алты жыл бұрын жаздым ғой. Бір қарағанда, бес-алты жыл көп уақыт емес, дегенмен аз уақытта емес. Бір нәрсені мойындаймын: дәл қазір «Бөрте» мен «Қабір гүлі» секілді әңгімені жазғым келсе де, жаза алмаймын және солай жазуға тырыспаймын. Себебі, қоғамдағы құндылықтар жиі өзгеріп жатқан уақытта, кешегі жаңалық бүгін ескіріп жатқан уақытта әдебиеттегі өзімді табу үшін, тану үшін, жоғалтпау үшін, шыңдау үшін стильдік, формалық ізденістерге, эксперименттерге баруға тиіспін.

- Елге қашан ораласың? Не ала келесің?

– Алла қаласа, осы жазда магистрлік дипломымды аламын. Оқуымды әрі қарай жалғастыру туралы ұсыныстар болды, сондықтан мүмкіндігім бар кезде Мәскеуде оқуымды әрі қарай жалғастырғым келеді. Сол себепті, елге түбегейлі қашан оралатынымды нақты айта алмаймын. Егер елге оралып жатсам, университетте әлем әдебиетінен лекция оқығым келеді. Мәскеудегі ұстаздарымнан алған білімімді қазаққа, қазақтың жастарының қажетіне жаратсам деймін. Біздің елдегідей Мәскеудегі университет оқытушыларының «қағазбастылығын» байқамадым. Мұнда оқытушыларға шығармашылықпен айналысуға еркіндік берілген. Ал біздің елде оқытушылардың бәрін «бір қалыпқа» салғысы келеді. Өзін тұлға сезінбеген оқытушы тұлғаны қалай қалыптастыра алады? Мәскеуде аспирантурада оқып жатқан құрбым: «Елге барып, университетте сабақ беремін. Осыны ойласам, бойымда бір үрей пайда болады. Мендегі үрей – біздің оқу орындарындағы жүйеге байланысты туатын үрей» дейді.  Жасырмаймын, менде де сондай үрей бар... Бірақ біздің жалғыз Отанымыз бар ғой. Отан деген – Біз! Біз әрқайсымыз өзімізді өзгерткенде ғана, біздің қоғам автоматты түрде өзгереді.

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

Сурет: жеке мұрағат

Ш. Талап