Ілияс Есенберлиннің ұрпақтары туралы не білеміз?

Ілияс Есенберлиннің ұрпақтары туралы не білеміз?

Қазақтың белгілі жазушысы, «Көшпенділер» триологиясының авторы Ілияс Есенберлинге биыл 100 жыл.

Ілияс Есенберлин  1915 жылы Ақмола облысы Атбасар қаласында дүниеге келген.   

1945 жылы "Сұлтан", "Айша" дастандары, "Адамгершілік туралы жыр" өлеңдер жинағы (1949), революционер, большевик Ә. Майкөтовке арналған "Большевик туралы поэмасы" (1957), "Біржан сал трагедиясы" (1959) дастандары жарияланды. 1960 жылдары проза жанрына қалам тарта бастады. "Өзен жағасында" (1960), "Толқиды Есіл" (1965), орыс тілінде жазылған "Адам туралы ән" (1957) атты повестері жарық көрді. "Айқас" (1966), "Қатерлі өткел" (1967), "Ғашықтар" (1968), "Қаһар" (1969), "Алмас қылыш" (1971), "Алтын құс" (1972), "Жанталас" (1973), тың туралы "Көлеңкеңмен қорғай жүр" (1974) романдары, "Көшпенділер" трилогиясы (1976), Алтын Орда трилогиясы (1982-1983), "Махаббат мейрамы", "Алыстағы аралдар" (1983), Аққу құстың қуанышы" (1984) романдары, шығармаларының онтомдық жинағы (1984-1990) жарияланды.

Заңғар жазушының ұрпақтары туралы білмек боп немересі Мағжан Қозыкөрпешұлы Есенберлинге қолқа салған едік. Мағжан барлығын тізіп шығыпты. Ендеше зер салып, қарап шығайық. 

Немересі Мағжан Қозыкөрпешұлы Есенберлин
 
Немересі Мағжан Қозыкөрпешұлы Есенберлин

Ілия Есенберлиннің ұрпақтары:

Заңғар жазушының үш қызы және бір ұлы бар.

1) Ең үлкен қызы Раушан Есенберлина қазір Алматы қаласында тұрады, зейнеткер. Күйеуі Мұрат Басшықов осыдан бес жыл бұрын дүниеден озды. Мұрат пен Раушанның үш ұл, бір қызы бар. Үлкені Еркебұлан қазір АҚШ-та тұрады, екі ұлы бар. Дәурен есімді ұлы Астанада тұрады, 2 ұлы бар. Молдажан есімді ұлы да Астанада тұрады, бір ұл, бір қызы бар. Гүлниса есімді қызы Алматыда тұрады. Тұрмыста, екі ұлы бар.

2) Ортаншы қызы Қарлығаш Есенберлина Тимур Давлетчинге (ұлты татар) күйеуге шыққан. Бүгінде Бельгияның Брюссель қаласында тұрады. Тимур мен Қарлығаштың екі қызы бар. Әлия есімді қызы бельгиялық азаматқа тұрмысқа шыққан, екі ұлы бар. Қазір сол Бельгияда тұрады. Жәмилә есімді қызы да Бельгияда тұрады. Бір қызы бар, ажырасқан.

3) Үшінші қызы Дильфруза Есенберлина. Бір қызы бар, ажырасқан. Бүгінде Алматыда әкесі Ілияс Есенберлин тұрған үйде тұрады. Қызы Әсел Әжібаева да Алматыда тұрады. Тұрмыста, үй шаруасындағы әйел. Екі ұл, бір қызы бар. Тәшен Тасшыбай есімді тағы бір ұлы болған, 2004 жылы қайтыс болды.

4) Ұлы Қозыкөрпеш Есенберлин екі мәрте үйленген. Жұбайы Мира Орынбекова. Алматыда тұрады. «Кочевники» баспа үйінің директоры. Бірінші некесінен Мағжан есімді бір ұлы бар, екінші некесінен бір ұл, бір қызы бар. Мағжан үйленген, екі ұлы бар. Астанада тұрады. "KazPromEx" ЖШС директорының орынбасары. Қызы Дәмелі Алматыда тұрады. Әлі тұрмыс құрмаған. Ағылшын тілінен аудармашы. Ұлы Мәди де Алматыда тұрады, әлі үйленбеген. Ағылшын тілінен аудармашысы.

Ілия Есенберлиннің Раунақ Есенберлин атты інісі болған. Қайтыс болып кетті. Мәскеуде тұрған, әскери маман болған. Соңында екі қызы қалды. Бірақ олармен қазір қатынас үзілген, арғы жағынан хабарымыз жоқ. 

Әзірлеген – Жандос Байділда.

Материал el.kz сайтынан алынды

cурет: www.aikyn.kz

Е. Қайрахан