Арман Әлменбет: «Мен әлі жазушы емеспін...»

Арман Әлменбет: «Мен әлі жазушы емеспін...»

Жазушылар Одағында жас жазушы Арман Әлменбетпен сұхбаттасудың сәті түсті. Жас та болса, қазақ прозасына өзіндік өрнегімен, бөлек болмысымен келе жатқан азаматтың бұдан бұрын да сайтымызда «Аңшы», «Құрбан», «Алғашқы қар» атты үш әңгімесін жариялаған болатынбыз. Бүгінде «Қазақ әдебиеті» гәзетінің тілшісі боп қызмет атқаратын жас жазушыны өз шығармашылығы жайлы, қазақ әдебиеті жайлы біраз әңгімеге тартқан болдық та, "Бес жас - бел құрдас" деп әңгімені төтесінен бастадық.

***

– Ассалаумағалейкум. Арман, өзіңді жазушымын деп есептейсің бе? Жалпы прозаға баруыңа не себеп болды?

– Уағалейкумассалам. Менің «Қазақ әдебиеті» газетіне жұмысқа алынуыма да, жаза бастауыма да себеп болған бірден бір адам, ол – Жұмабай Шаштайұлы. Басқаша айтқанда, қазір нан тауып отырған кәсібіме әуелі Алланың қалауымен, одан соң сол кісінің ықпалымен келдім. Небәрі екінші курс студенті болып жүрген кезімде шағын әңгімемді газетке басып, ақжол тіледі.

Ал енді жазушысың ба деген сұраққа келетін болсақ, мен әлі жазушы емеспін. Бірақ өзімді алып жазушы бола алатын адаммын деп ойлаймын. Алайда ол үшін әлі қалыптасу керек. Қалыптасу үшін үлкен қажыр мен ниет керек. Және де адалдық та қажет-ақ. Өйткені, проза деген бір қарағанда шығармаға ұқсайтын мәтінді ерінбей жазып шығу емес, бар мүмкіндігіңді салып, азаптанып отырып жазу ма деймін.

– Осы уақытқа дейін бәйгелерге қатысып көрдің бе? Жүлделі болған кездерің болды ма?

– Павлодарда өткен жас әдебиетшілер форумына барып қайтқаным бар. Одан бөлек, «Дарабоз» бәйгесіне екі рет қатысып көрдім. Ештеңе бұйырмады. Бірақ өкпем жоқ, өйткені, ұсынған шығармаларым да онша шекесі қызған дүниелер емес еді. Одан соң тағы бір бәйгеге қатысып көргем. Қай бәйге екенін айтпай-ақ қояйын. Кейін естідім, жолдаған шығармам сол күйінде ашылмай қалыпты. Хаттарды қабылдаған кісіні танушы едім, сол кісі айтып берді. «Хаттарды алмайсыз ба?» дегенде, бәйгеге жауапты, алаштың арқалы ақыны атанып жүрген ағамыз қолын бір-ақ сілтепті.

– Бүгінге дейін жазғаныңның көлемі қанша? Қазір не жазып жатсың? Және кітабың қашан шығады?

– Биыл «Жас толқын» сериясымен кітабым шығатын боп жатыр, бұйыртса. Бұл жаңалықты естіген соң, өзім біраз уақыт көндіге алмай жүрдім. Кітап шығару деген бұйырмас бақыт секілді көрінетін. Бірақ ұсыныс түсіп тұрған соң, пендешілігім ұстап, келісіп қойдым. Ал жазғаным онша көп емес. Он шақты әңгімем өзіме ұнайды, ұнамайтын он шақты әңгімем бар. Бір көлемділеу дүние жазып жатырмын, әзірге не екенін айтпай-ақ қояйын.

– Көлемді дүние жазуға жиырма екі жылдық өмірің аздық етпей ме? Ол үшін тәжірбие керек емес пе дегенім ғой?

– Өзім де соны ойлап, қорқақтап, екі жылдай жүргенмін. Жүрексініп, бастай алмай жүрдім. Киносценарий етіп те жазып көрдім. Бір рет бастап, лақтырып жібердім. Одан қайта жазып, қайта өшірдім. Әйтеуір не керек, бастадым ғой.

– Өзіңе не жетіспейтінін сезесің бе? Қай жағынан толыса алмай жатсың?

– Қазақ тілін бір кісідей-ақ білемін деп ойлаймын. Әже тәрбиесін көрдім. Бірақ сол әжем секілді сөйлей алмаймын. Ол кісі ұрысқан кезде сөзінің қуатынан кез келген адам кірерге тесік таппай қалатын. Жай әңгіме айтса да, солай шешен сөйлейтін. Қазір де ауылда үлкен кісілер бар, төгіліп сөйлейді. Бірақ өзінің төгіліп сөйлеп тұрғанын өзі түсінбейді. Шіркін-ай деймін сол кісілерге қарап. Деймін де, өз жазғанымды қораш көріп қаламын.

– Қазір қазаққа жазушы керек пе?

– Жазушыны білмеймін, асаба мен сайқымазақтар, әншілер ауадай қажет.

– Оның себебі неде?

– «Қазақ әдебиеті» газетінде істеп келе жатқаныма екі жылдан асты. Осы уақыт аралығында газетіміз қазақтың жаны мен табиғаты туралы, қазіргі психологиялық ахуалы туралы жүздеген материалдар ұйымдастырды. Содан түсінгенім, қазақ той жасау үшін өмір сүреді. Өмірін сомен өлшейді. Балам туса, шілдехана жасасам, сүндетке отырғызсам, мектепке барса, бітірсе, той жасасам, өссе, үйлендірсем, немерем туса, шілдехана жасасам, одан ол өсіп, оны үйлендірсем... Бұл бір баласына ғана қатысты жоспары. Одан бөлек басқа балалары бар, бәйбішесі мен өзінің алтын күміс тойлары бар дегендей. Осылай кете береді. Әр той қандай рәсуамен өтетін өздеріңіз білесіздер. Өзінің тапқан ақшасы сол тойды көтеруге жетіп тұрса, мейлі ғой. Бірақ жетпейді ғой сол. «Ат аунаса, түк қалатыны» сияқты, той өтсе, несие қалады.

– Сонда той дегенді тоқтату керек пе?

– Той тоқтамай-ақ қойсын. Бірақ әркім көрпесіне қарай көсілсе. Кедейдің кердеңінен сақта деген, кедейлігін жұрт білмейтіндей, тойға келгенде бай көріне қалуды доғару керек. Өмір деген жылына үш жүз алпыс бес күннен тұрады, той болса бір күннің бес-алты сағатын ғана қамтиды...

– Әдебиет соңғы тұрағың ба? Әлде бірлі-жарым сәтті дүние жазған соң, жан бағуға жайлырақ бір орынға қарай ығысасың ба?

– Ондай дүние жазу қолдан келсе жарар еді. Ал кәсіп ауыстыруға келетін болсақ, кім біледі не боларын... Бірақ ауыстырып жатсам, мені ол үшін ешкім кінәлай алмас еді деп ойлаймын. Өйткені, ер адам әуелі отбасын асырауы керек. Мұқағали Әнуар Әлімжановқа жазған хатында айтады: «Өлеңі де құрысын, алдыман отбасымды асырап алуым қажет» дейді. Сөзбе сөз есімде жоқ, бірақ мазмұны осы.

– Сұхбатыңа рақмет.

– Өзіңе де рақмет, Қайсеке.

Сұхбаттасқан: Қайсар Қауымбек

Сурет: жеке мұрағаттан

Қ. Қауымбек