Киім атаулары қазақ әдебиетінде қалай қолданылды?

Киім атаулары қазақ әдебиетінде қалай қолданылды?

Қазақтың ұшан-теңіз тіл байлығының бір қайырымы ретінде киім атаулары да өз алдына бір төбе. Халық мәдениетінің аса мәнді құрамдас бөлігі ретінде оның салты мен дәстүрін қарастырсақ, ал оған тікелей сабақтаса жатқан саланың бірі дәл осы киім үлгілері мен атаулары. Біз назарларыңызға киім атауларының қазақ ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетіндегі қолданыстарын жинақтап көрдік.

Алтынды сауыт көбе – алтынды зерлеген сауыт.

                                                        Үстіңе баса киіп ал,

                                                        Алтынды сауыт көбені.

                                                                           «Қыз Жібек»

Ат арыды, тон тозды – шаршап, шалдықты, қалжырады, ұзақ жүрді.

                  Ат арыды, тон тозды.   

                 Талма-тал түс болғандай.

                 Талықсығанғға ұқсаймыз,

                  Дүние – киік, адам – ит,

                  Қуа-қуа ізденіп.

                                                Бұқар жырау

Бұрынғы ағайынға ат арытып, тон тоздырып қона, түстене жететін алыс ауылдардың арасына ұшқыр ұшақтар қатынап, оқтай түзу тас жолдар тартылды.

                                                                         «Қазақ әдебиеті»

Ат мінгізіп, тон кигізді (шапан жапты) – риза етті, қадір-құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады. Елін басу үшін Қалғұттының жоғары жағындағы ауылдардың ақсақалдарына ат мінгізіп, шапан жауып, сый-құрмет көрсеттім. (Қ. Исабаев).

Ат-тонын ала қашты. Азар да безер болды, басын алып қашты. Менің жолдасым жаман әдеттен ат-тонын ала қашып, безек қағатын.

                                                                         «Ауызекі тіл»

Ат-шапан (ат-тон) айып – ескі дәстүр бойынша төленетін айып түрі. Менен түйе ғана үлкен, - деді шал, - босағамды рұқсатсыз аттағаның үшін ат-шапан айыбың бар, атымды аруаққа кештім, шапаным мойныңда, төрге шық. (С.Мұқанов).

Белбеуі шешілді. Бұл жерде егілді, ынтыға елжіреді деген ұғымда. 

                Шыққанда мен үйімнен бесін еді,

                Астымда шайтан торы есінеді.

                Есіме беу қарағым түскен кезде

                Белбеуім бес ораған шешіледі.

                                                           Жаяу Мұса

Бөркін аспанға лақтырды. Қатты қуанды. Біреуі көкке бөркін лақтырса-ақ болғаны оның артынан сары ала қаздай тақиялар, бүркіттей тымақтар, аққудай айырқалпақтар аспанға ұшады. (Ж.Арыстанов).

Бөрікпен ұрып алатын. Оп-оңай, жан қинамайтын. Сәлем Нұртайдың бұл өрескел әрекетіне пәлендей  мән  бере  қоймады.  Оларды  бөрікпен  ұрып алатын оңай жауға санайды екен. (С.Омаров).                                        

Бөрікті тастап, бөріден құтылды. Бас амалдады, жансауғалады, қара басын құтқарды. Ең болмаса, миномет батарясын көмекке қалдырмай, бөрікті тастап, бөріден құтылып кеткен екен ғой, комбатың,– деді Саларханов.  (Ж.Тілеков).

Желегі желкілдеді. Көбіне жаңа түскен келінге қатысты айтылады. Желегіміз желкілдеген жас та емеспіз, дегенмен өзіңмен кездесуді кәдімгідей аңсап тұрмын, – деді Бибі. (Р.Әбутәлімов).

Көйлегіне сыймады. Ісіп кетті, мақтанды. Алдаберген сопы төрде көлбеп жатыр... Жамал, балықшылар бес-алты қап астық әкелдім деп, көйлегіне сыймады. Қоңырат шаһарын шауып әкелгендей, түге, – деп ішінен боқтап қояды. (Ә.Нұрпейісов).

Көйлегің күйрек, жаның берік болсын! Тілек. Жаңа киім кигенде айтылады (Көйлегің тозса да, жаның тозбасын деген мағынада).

Көйлек көк, тамақ тоқ. Не ішемін, не жеймін демейді, ауқатты, тұрмыс жақсы. Алуаның күйеуі саудамен ауылдан базарға, жәрмеңкеге, ел аралауға жиі кетіп жүреді. Сонда бұл көйлегі көк, тамағы тоқ, жалғыз келіншек тек отыра ма деп, шалдың әрбір соққысы мен сөгулерін ұдайы қостап отырған қазымыр, қартаң әйелдер аз болған жоқ. (М.Әуезов).

Көгала жамшы жамылды. Ертеде батыр киген киімді қастерлеп айтып тұр. («Жамшы» – лыпа, киім-кешек. Қырғызда «жамыншы», кейде «киелі күш», «аруақ» мағынасында да айтылады).

                    Тең тең үшін, тең үшін,

                    Көк кептер ұшар жем үшін.  

                    Көгала жамшы жамылып,

                    Ерлер ұшады ел үшін.

                                                        Халық әндері

Көн етікке құрыш шұлғау. Әр нәрсе өзіне лайығымен, әркім өз теңімен.

Көн етікті. Кедей деген мағынада.

                       Көн етікті демесең,

                       Көпті бұзар сөзім бар.

                                            Шешендік сөздер

Қанды көйлек жолдас. Айрылмас, майдандас дос.

Қанды көйлек жау. (Қарақшы). Жақын адамын өлтірген дұшпан.

Қанды қалпақ киді. Көрместей боп араздасты.

Қара шапан. Жібектен басқа матадан тігілген бас киім.

Қардан кебіс, мұздан құрсау. Қатты тарығу, үлкен кемтарлыққа ұшырау туралы айтылады.

Малма тымақ. Иі түскен, ынжық тартқан кісі туралы. Есенейдің қолына қарап, бағынышты болып, малма тымақтанып, ынта-жігерінен айрылып бара жатқан еркекті жек көреді. (Ғ.Мүсірепов).

Оймен тон пішті.  Сыртынан шешім айтты. Кеңшілік сүтін ішем деп, ойменен тон пішем деп. (Д.Бабатайұлы).

 

Дайындаған: Мөлдір Бекжан, Сұңқар Ақбоз

Сурет: Жеке мұрағаттан

M. Auelkhan