Фридрих Ницше шайқасқа шақырады

Фридрих Ницше шайқасқа шақырады

Құрметті оқырман, Фридрих Ницшенің тұлғалық қырын, пәлсапашылық сырын ашып жазған әдебиеттанушы Игорь Эбаноидзенің мақаласын аударуды жөн көрдік. Неміс данагөйінің адамзатқа қалдырған мұрасы не деген сұраққа жауап іздеген оқырман осы аударманы оқу арқылы білімін жетілдіре алар деп үміттенеміз.

Бір досым «Маған жастайымнан ауру-сырқау болса – жаза, бейнет болса – жаза, түптің түбінде өмірдің өзі – жаза деп үйреткен» деп еді. Енді Ницшені оқып, ауру-сырқау – шайқас, бейнет – шайқас, тіпті өмірдің өзі – шайқас деп түсінетін болдым.

Ницше өмір сүруді үйрететін философ ретінде қызықтырады. «Заратустра» немесе «Ecce homo» деген кітаптардан басқа, философиялық ақыл-кеңес айтатын тағы қандай кітап бар? Тіпті арықтау үшін қандай диета қабылдау керек немесе қандай климатқа бейімделу керектігі жайлы да оқып білуге болады. Бірақ Ницшенің ақыл-кеңестері тыныш әрі оңтайлы өмір сүруге шақырмайды. «Өмірдің ұлы жемістерін жинау мен ұлы рахат алу – қауіпті өмір сүру деп аталады! Өз қалаларыңды Везувий етегіне салыңдар! Кемелеріңді белгісіз теңіздерге жіберіңдер! Өздеріңмен тең адамдармен және өздеріңмен шайқасып өмір сүріңдер!»

Ницше үшін өмір сүру – ыңғаймен жайғасып алатын өмір емес, адам қалыптасуының құрылымы мен танымы, онымен қоса  – ынтық махаббат ойыны мен шайқастың нысаны. «Өмір мені мұңайтпады! Керісінше, жылдан жылға мен оның ақиқатын танып келемін, оны қалаймын, өмірдің парыз бен жазым емес, танымын жетілдіргісі келген адамға тәжірибе болуы керек деген келген күні-ақ өмір құпия бола түседі». Десе де, өмір ел айтқандай жомарт бола қоймады. Ницше жалғыздықпен дос болды, ол туған-туысқандарынан қашықта өмір сүрді, көп ауырды, қатты ауырды, өз қаржысына кітап бастырып шығарды, бірақ оған сол кезде маңыз берілген жоқ. Ал ел-жұрт оны мойындаған сәтте Ницше мұны аңғара да алған жоқ, соңғы он жылда ол ессіз күйде жатты. Оның ұзақ жолы «танымын жетілдіргісі келген адамға тәжірибе» болды. Тіпті сол тәжірибесінің нәтижесі трагедияға айналды. Бірақ дәл осы тәжірибесімен ол адамзат үшін көптеген жаңа жол тауып берді. Оның интуицияларының өзі психологияның қазіргі постулаттарынан асып түсті. Мысалы, біздің «МЕН»-іміздің толық әрі монолитті емес екенін, оның орнына біздің «МЕН»-іміз қарама-қайшы жүрек соғуларының жекпе-жек алаңы екенін ұқтырды. Оның аты Ницшенің адамзатты шайқасқа шақыруымен байланысты болды. Жоғары санатты адамның идеяларымен және «барлық құнды дүниелердің жоғары қойылған бағаларымен» байланысты. Жоғары санатты адам – комикстердегі супермен де емес, жоғары каста мен адамдардың жоғары нәсілді өкілі де емес. Жоғары санатты адам – құдайдың өлімін өткерген соң нигилизмге түспеген, бірақ өмірлік құндылықтардың жасаушысы бола алған азат адам. Тұжырымдай келсек, Ницшенің «өмірі» – қалыптасу жолында қауіпті өмір сүру.

«Адам бұл – құз үстіндегі жыртқыш пен жоғары санатты адам арасындағы арқан. Өту де қауіпті, жол жүру де қауіпті, артқа қарау да қауіпті, қорқыныш пен тоқтау да қауіпті. Адамның ұлылығы сол – ол нысан емес, көпір».

Автор: Игорь Эбаноидзе

Әдебиеттанушы, эссеист, аудармашы,

Фридрих Ницше шығармаларының баспагері

Орыс тілінен аударған: Ардақ Құлтай

Сурет: Эдвард Мунк. «Фридрих Ницше», 1906 жыл

А. Құлтай