Қаламгерлер Жанат Ахмади туралы

Қаламгерлер Жанат Ахмади туралы

Соңғы жылдары халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Жанат Ахмадидың қаламынан шыққан дүниелер оқушысын бей-жай қалдырған емес. Жазушының шешендік афоризмдерінен үзінді ала отырып мысал келтірсек, «Жығылсаң естіден жығыл, жықтым демес – күрестім дер, жеңілсең шешеннен жеңіл, жеңдім демес – тірестім дер» деген өмір философиясын ұстанған Жанат Ахмади өзі де талантты әрі талантты тани білетін кішіпейіл жан. «Жанат ағаның қасында он минут тұрсаң, он мақал үйреніп аласың» деген сөздің негізі бар. Әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың таныстыруымен әдебиет майданына бірден романмен қадам қойған қарымды жазушы қазірге дейін «Дүрбелең» (роман, 1990), «Шырғалаң» (роман, 1990), «Жүрек қартайса, ажал аңду салады» (этнографиялық әңгімелер жинағы, 2000), «Зар-Зарауха» (хикаят, әңгімелер жинағы, 2001), «Өмір өткелегі» (Хикаят–эссе, 2002), «Есенгелді би» (роман, 2004), «Бата ұлттың шырайы» (танымдық мақалалар, 2006), «Жарылғап би» (роман, 2008), «Уақыт ырғағы» (Рецензиялар, 2009), «Айтұмар» (роман, 2009), «Тектілік тұғыры» (роман, 2010), т.б. кітаптардың авторы. Бұл күндері жазушының шығармасын оқушысы іздеп оқиды.

Нұрболат Әбдіқадыр

Жанат Ахмади

Жанат Ахмадидің афоризмдік бейнелі сөзді сонша көп білетіні сол, ол кейде арнасынан асып та кетіп жатады. Бірақ, оқырман қанығып та, құнығып та оқиды.

Жанат Ахмади қолтаңбасының басты ерекшелігі – бұл жазушы шығармаларында қазыналы қазақ тілінің ағыл да тегіл тасқындап жатуы дер едік және қазақтың көне тұрмысына қатысты салт-дәстүр, жол-жоралғы, әдет-ғұрып, ойын-сауық, шешендік өнер, билер айтысы тәрізді сан қилы этнографиялық жадігерліктердің толассыз тоғытылып жатуы дер едік.

Смағұл Елубай.

***

Жанат Ахмади М. Әуезовтың жазу мәнерін, сөз саптауын, сөйлем құрылысын, тұтас синтаксисін қабылдаған және бұл жалаң еліктеу емес, Әуезов рухын бойына сіңіре отырып, өз шамасына лайық мәнер, өлшем тапқан.

Тіл көркемдігі – жазушылық өнердің ең басты белгісі екенін, Жанат Ахмади романы бұл тұрғыдан алғанда әдебиетіміздің алтын қазынасына кәусар бұлақ болып қосылары анық.

Қабдеш Жұмаділов.

***

Өн бойынан дегдарлық адалдық ескен осынау жанның тұнған бойы талант. Этнограф ғалым, зерттеуші, жазушы Жанат Ахмадидің өмір жолы оңай емес. Қандай қиындық көрсе де қайсарлықпен төтеп беріп, қазақтың өнері үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан қажырлы жігіттің туындыларын болашақ ұрпақ та іздеп жүріп оқитыны анық.

Мағира Қожахметова

***

Қиыр жайлап, шет қонған қыр қазағына тән тірлік пен мінездің қыр-сырын бедерлеу жағында Жанат Ахмади: Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов сынды заңғар суреткерлер тәліміне ден қойып, тіпті қайсыбір тұстарда өзіндік соныға тартып, әлі із түспеген тыңнан жол салады. Өте-мөте кейіпкерлердің ішкі жан дүниесі, ой әлемі шамырқана көрінетін, нысанаға шашаусыз да қылаусыз дөп тиетін, шымыр да қазылы диалогтарда, шешендік сөздерде алдына жан салмастай. Автордың суреткерлік жолдағы сүбелі олжасы шынайы халық қайнарынан нәр алған саф алтындай тіл кестесінде.

Қазақ елінің афоризмдік бейнелі сөздерінің күш-қуаты Жанаттай бір қайсар ердің рухани көлігі, жаяу қалдырмас сайгүлігі бола алатынын айтуымыз қажет.

Жанат Ахмади өзіндік айқын қолтаңбасы бар шүйгін дарын. Оның туындыларын басқа жазушылардың шығармаларымен әсте шатастыра алмайсыз. Ол ой тұжырымдарын әманда өрнекті өрімдеп, түйдек-түйдегімен қарымдай отырып, адуынды, кестелі өрбітеді. Оқырманның ой-қиялына келмеген тосын да, толағай тіркестермен бірден баурап әкетеді. Иланбасыңызға, мән бермесіңізге қоймайды.

 Сапар Байжанов

***

Кейінгі жылдары, менің ұғымымда «Дүрбелең» романының авторы ұлттық қадыр-қасиеттер, діл, тіл тағдырына қатысты әдеби ойлы толғаныстарымен оқушы көкірегіне біржолата ұялай бастаған қазақ қаламгерлерінің бірегей бір бегзаты – Жанат Ахмади.

 Зейнолла Серікқалиев

***

Жанат Ахмади шығармасының тілі мейлінше жатық, көркем, мақал-мәтелдерді нөпірлете қолданады. «Есенгелді би» романының құлақ күйі тоты құстай сайраған төрт бидің сөзімен басталуы да қызық.

Серік Негимов

***

Жанат Ахмадидің туындыларынан Әуезов бастаған шоғырдың сарыны естіледі. Қазақтың дүниетанымы оның өз сөзінде, мақал-мәтелдерінде десек, Жәкең содан бір елі ажырамай келе жатқан қаламгер. Бұл кісінің түсіндіргісі келетін нәрсесі қазақтың философиясының қандай екендігінде емес, философиядағы қазақтың дүниетанымының қаншалықты деңгейде екендігі.

Қаламгер Ж. Ахмади дәстүрлі прозаның өкілі және дәстүрлі прозадағы модернист.

 Дәурен Қуат

***

Жәкеңнің тілінде өткен ғасырдың белгісі бар секілді.

Әмірхан Балқыбек

***

Ж. Ахмади туындыларының ғибратты оқиғалық мазмұнымен, оқушыға ұсынарлық тағылымымен ғана емес, қазақ тілінің ертеде кең тараған байлығын тосын қазынадай қайта әкелуімен құнды.

Рахманқұл Бердібай

***

Жанат Ахмади біздің қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасы бар жазушы.

Тынымбай Нұрмағамбетов

***

Жазушы Жанат Ахмади әдебиетімізге бірде бір әңгіме, тіпті мақала жазбастан «Дүрбелең» және «Шырғалаң» атты роман-дилогиясымен келген жазушы екенін бәріміз білеміз. Әдеби қауым Жанатты ең алдымен тіл шешендігі, халықтық афоризмнен сусындаған қаламгер ретінде біледі.

Софы Сыматай.

***

Жанат Ахмади – қазақ прозасында өзіндік тақырыбымен, өзіндік үнімен келіп қосылған шын мәніндегі дарын иесі. Ең алдымен, оның ойлау жүйесі таза қазақша екенін баса айтар едім. Бүгінгі әдеби процеске дәл осындай ерекшелік жетісе бермейді. Қазақ тіршілігін қазақ көзімен көре білу бар да, оны сол саф таза күйінде шынайы суреткерлікпен ұқсатып бере білу бар. Жанаттың шығармашылық жетістігі, міне, осында жатыр.

 Марал Ысқақбай

***

Автор этнографиялық роман атаған «Айтұмар» романының тағы бір ерекшелігі – бұнда қазір де ұмытылып, ескіре бастаған, бүгінгі ұрпақ тек кітаптардан оқып танысып жүрген қазақтың ежелгі салттары, көне дәстүрлері өте нақты, нағыз қалыптасқан халықтық сипаттарда суреттеледі. Әрі солардың бәрі шығарманың оқиға желілері аясында жымдасып, етене кірігіп отырады. Сонымен қатар бала жасынан шырқы бұзылмаған қазақи кеңістікте өскен жазушы әзелден туа бітті бойына дарыған шешендік пен ділмарлықтың неше түрлі үлгілерін, мақал-мәтелге сұранып тұрған қанатты, бейнелі сөзуарлықты молынан пайдаланады.

Оразбек Сәрсенбай

***

Жазушының кесек-кесек айтатын ойы, жасайтын тұжырымдары бар. Олар оқырманға ой салады.

Мәмбет Қойгелдиев

***

Ж. Ахмади – жазушылық тілінің құнарлы қырымен оқырман назарын бірден аударып келе жатқан қаламгер. «Айтұмар» романында да оның осы биік өреден түсе қоймағаны, қанатты сөзге айналар сәтті тіркестерді жиі қолданып отыратындығы бұл тұжырымның дәлелі болса керек.

 Нұрдәулет Ақыш.

***

«Жарылғап би» романын мен ғана емес, мен білетін көп адамдар сирек шығарма ретінде бағалап оқығандарын білемін.

«Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының атынан шыққан «Қазақ әдебиетінің тарихы» 10 томдығының 10-томына Жанат Ахмадидің роман, хикаят, әңгімелеріне кеңінен орын берілуін де кездейсоқтық деп ешкім айта алмаса керек.

Арықбай Ағыбаев

***

Жазушы жоңғар шапқыншылығы тұсындағы қиян-кескі шытырман оқиғаларды көрсету барысында ұлтқа, ұлттық мәселемізге рухани арқау болатын қазы-билердің шешендік сөз саптауын қапысыз түрде орнымен қолданады. Төле, Қазыбек, Әйтекелер, солардың қасына ерген өзге де билер қай тұста, қандай жағдайда сөйлесе де диалог иелерінің ауызынан шыққан әрбір сөзіне қыбың қанып ілесіп отырасың. Қосалқы күретамыр кейіпкерлердің өзі оқырманды кешегі көшпенді қазаққа тән сөз мәнерімен тартады. Бастан кешіп отырған өмір тұрмыстарына сай қазақы парасатымен жетелеп отырады.

Ж. Ахмадидің «Айтұмар» этнографиялық романы бүгінгі қазақ тілі жұтаң тартып, әрі ұлттық салт-сана дәстүріміздің кейбір жақтары ұмытылып отырған кезеңде ұлт мерейі үшін қажет туынды деп жасқанбай айтуға болады.

Әзілхан Нұршайықов

***

Жалпы, Жанаттың кішкентай бір шығармасына көзі түскен оқырман, одан кейін оның басқа шығармаларын да іздеп жүріп оқитын «дертке» ұшырайды.

Бақтыбай Айнабеков

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: i-news.kz

Қ. Қауымбек