Чехов. Сиқыршы (әңгіме)

Чехов. Сиқыршы (әңгіме)

Көрерменге лық толған кең зал ішіндегі самаладай самсаған алуан түсті шырақтар көздің жауын алады. Осы залдағы бас адам – сиқыршы. Бойының тапал, келбетінің сиықсыз болғанына қарамастан, қастарын ойнатып, жүзін жайнатып басқаша адам болып шыға келгенде, өз көзіңізге өзіңіз сенбей, таң-тамаша боласыз.

Оның бойында ғажайып бір хикмет күш бар. Сахнаға шыққан адамдардың бірін маужыратып ұйықтатып тастаса, енді бірін жансыздандырып тастайды. Міне, тағы бір талдырмаш денелі бойжеткен оның тылсым хикметті арбауына түсіп, ұйықтап кетті...

Біз оның бұл кереметтерді қалайдан қалай жаратқанынан бейхабармыз. Тек көз көргеннен кейін ғана сенбеске амалсыз қалып, таңданысымызды жасыра алмадық. Әсіресе, оның қыз-келіншектерге болған дуасының әсері өте күшті. Олардың жанары сиқыршының жанарына тоғысқанда, бейне ұрып түсірген шыбын сияқты сылқ етіп, ұйқыға кете барады.

Сиқыршы бірнеше адамға өзінің сиқырын әйгілегеннен кейін, менің алдыма келді.

- Меніңше, сіздің жаратылысыңыз сыртқы күштің әсеріне оңай ұшырайтын сыңайлы. Менің ұйықтату сиқырымды сынап көргіңіз келе ме? – деді.

- Жарайды, сүйіктім, ұйықтағанда не тұр, қане, сынап көрелік, - дедім де, зал орталығындағы орындыққа барып отырдым. Өңменімнен өтетін суық көзін көзіме қадады.

Көрермендер бізді қаумалап қоршап алды.

- Үш!.. Ханымдар, мырзалар! Үш... Дабырламаңыздар!

Көпшілік тынышталып қалды.

Екеуміз әлі де бір-бірімізден көз айырмай, қарасып отырмыз. Бір минут өтті... Екі минут өтті...Үш минут өтті. Ұйқым келер емес. Бес минут өтті... Жеті минут...

- Қараңдар, оған ештеңе болған жоқ, жарайды керемет екен! – деді тамашалап тұрғандардың бірі.

Ешқандай әсері болмады. Әлі сол қалпы отырмын. Тіпті, қалғып-шұлғу да жоқ. Егер мен қаладағы бір мәжілісте немесе жергілікті орынның мәжілісін естелікке алып отырған болсам, әлдеқашан тәтті түс көріп кеткен болар едім. Көрермендердің арасында күбір-сыбыр молайып, сиқыршыны келеке ете бастады. Сиқыршы әбіржіп, сасқалақтап кетті. Мұндай жағдайға ұшырағанда, кімде-кім болса, әрине, қобалжиды ғой. Оның сасқалақтаған бейнесін көріп, қарадай жаным ашып кетті. Оны құтқара көр жын-перілері! Қасиетті Морпус мені тезден ұйықтатсаңдаршы!

Оның бұл сөзін естігенде, орнымнан тұрмақшы болдым. Дәл осы кезде оң жақ қолымның алақанында бір зат пайда болды.

Мен алақанымның жанасу түйсіктері арқылы мұның ақша екенін білдім. Менің әкем шипагер болғандықтан, бір сипап-ақ қолындағы қанша ақша екенін біле қоятын. Дарвинның пәлсапасына негізделсек, мен қазір дәл әкемнің сол қасиетінен пайдаланумен қатар, осы өнерге жалғасты мұрагер етуші боламын. Алақанымдағы ақшаның бес рубль екенін білген сәтте, дереу сұлқ түсіп, ұйқыға кеттім.

- Қараңдар, ол ұйықтап кетті, сиқыршы керемет екен!

Майдандағы бірнеше шипагер жаныма келіп, бажайлап қараған соң:

- Солай, ұйықтап кетіпті, - деді.

Сиқыршы өзінің табысқа жеткеніне масайрап, екі қолын кезек-кезек көтеріп, әрлі-берлі бұлғап, мені айнала жүгірді.

- Оның қолын күшпен тұрғыза аласың ба? – деді отырғандардың бірі ұсыныс тастап.

- Істей аласың ба? Оның қолын тік тұрғызып, жансыздандырып таста! – деді тағы бірі.

Сиқыршы (қоянжүрек емес сияқты) менің оң білегімді тартып ұстап, біресе уқалап, біресе қағып-сілікіп, сиқыр дұғасын оқи жөнелді. Бірақ менің қолым сіресіп қатып қалғысы келмейтін сыңайлы, оның дұғасын елер емес.

- Болды, әуре болма, оятып жібер, өйтпегенде, оны зақымдайсың, денесі де өте әлжуаз екен, - деді отырғандардың бірі. Осы кезде, сол қолыма тағы бес рубль пайда болды да, қолым тыныш тапты.

- Жарайды-ақ екен, қараңдаршы қандай түзу, денесі мұздай суық мүрде сияқты.

- Қазір ол ауырғанын мүлде сезбейді, дене температурасы төмендеп, тамырларының соғуы баяулады, - деді сиқыршы басқаларға мәлімет беріп.

Шипагер менің тамырымды ұстап көріп:

- Солай, тамырлары соғуын баяулатыпты.

- Тұтас денесі сіресіп қатып қалыпты, температурасы төмендеуде.

- Десе де, бұл істі қалай түсіндіресіңдер? – деп сұрап қалды бір ханым.

- Бұл нақтылы жағдай, түсіндірудің қажеті шамалы.

Сендердің айтқандарың ғой шын-ақ болсын, бірақ, менде бес рубльден екеуі бар. Бұл үшін мен, әрине, сиқыршыға рақмет айтуым керек. Сондықтан бұл басқаларға «әсілі былай екен» деп ауыз ауыртып, түсіндіріп жатуымның не қажеті.

Бейшара сиқыршы-ай! Бүйтіп шығындар болып нең бар еді-ау!

Мен жаңа ғана мұның анық-қанығын білдім. Әлгі екі бес рубльді сиқыршы бермепті, қайта менің бастығым Петр Феодосси әдейі осылай істеген екен.

- Менің бұлай істеуім сенің адамгершілігіңді сынау үшін болатын, - деді ол.

- О, Тәңірім!

- Бұл неткен масқаралық, барып тұрған арсыздық қой бұл, бүйтсең болмайды, ойламаған екенмін.

- Бірақ мен де үйлі-баранды адаммын ғой, басеке. Балам бар, әйелім бар, тағы қартайған анам бар. Оның үстіне қарыз, базардағы зат бағасын айтып сұрамаңыз, күйіп тұр.

-Мейлі, қандай жағдай болса да, бұлай істемеуің керек еді, өзің тәп-тәуір газетхананың қызметкерісің, дастархан басында мұндайға қарсымын деп кеудеңді қағушы едің ғой. Неткен масқаралық. Мен сені түзу жан екен деп жүрсем, ойламаған екенмін. Ақшаны жаныңдай жақсы көреді екенсің!

Амалсыз манағы екі жапырақ бес рублімді бастығыма тапсырып бердім. Не амал? Ақшаға қызыққанмен, абыройым айрандай төгіледі ғой!

- Мен саған өкпелемеймін, - деді басекең, - Болды, бұл қасиетіңді өзгерту қиын, бірақ, ол ше?  Оған таң қаламын. Өте биязы, сондай кіршіксіз жан еді. Ол да ақшаның арбауынан аса алмай, ұйықтап кетті ғой.

Басекеңнің меңзеп тұрғаны ханымы – Матианна Николаева еді.

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: nipic.com

M. Auelkhan