Қасқыр мен ит қалай бөлінді?

Қасқыр мен ит қалай бөлінді?

Ерте, ерте, ертеде, кəдімгі ит пен қасқыр дос болып, тату-тəтті өмір сүріпті. Олар біреуге зорлық жасауды білмепті. Ұрлыққа үйір болмапты. Екеуі таңертеңнен кешке дейін сүйек кеміріп күн көріпті. Екі достың осындай жарасымды əрекетіне өзге аңдар сырттай қызығады екен. «Əттең, біз де сондай болсақ қой» деп армандапты.

Күндердің күнінде бұлар тұрған жерден сүйек табу қиынға түседі. Екеуі күнұзақ дала кезіп, түк таба алмай қайтады. Бір күн солай болады, екі күн солай болады. Үшінші күні шыдамы таусылған қасқыр:

– Мына түрімізбен аштан өлеміз. Енді екеуіміз жеке-жеке сүйек іздеп көрсек қайтеді, – деп досына өз ойын жеткізеді. – Бəлки, сонда біріміз болмасақ біріміз майлы сүйекке тап болармыз.

Ит келіседі. Бұдан былай қасқыр мен екеуі екі бағытқа кетіп, кешке бір-ақ жолығысып жүреді. Ит сонда да олжалы орала қоймайды. Ал қасқыр досы майы шылқып тұрған сүйек алып келіп жүреді. Кеміре қалсаң, дəмі аузыңнан кетпейді-ау. Əуелгіде ит оған жете мəн бермеген. Əкелгенін кеміріп, досына рақметін айтуды ғана біледі. Бір жолы қасқыр шала-жансар қозыны арқасына салып əкеледі. Олжасын жерге атып ұрып:

– Ал, бауырым, мынаның сүйегі екеуімізге көп уақытқа жетеді, – дейді масайрап.– Бəрінен де мұның жұп-жұмсақ етін айтсаңшы!

Өмірі тірі нəрсеге қиянат жасап көрмеген иттің денесі тітіркенеді.

– Сен… бұны қайдан əкелдің?..

– Е, қайдан болушы еді, қойшының ауылынан. Өрісте мұндай қозылар қаптап жүр. Шетінен əкете бер.

Ит онан бетер шошынды.

– Сен… сен барып тұрған жауызсың. Кішкентай қозыны қалайша аямайсың?!

– Фи! Аямайсың дейді. Немене, сонда біз аштан өлуіміз керек пе?

– Аштан өлгің келмесе сүйек ізде.

Екеуі ұзақ таласады. Қасқыр өз əрекетін дұрыс дейді. Ит оның бұрыс екенін түсіндіргісі келеді. Əйтеуір не керек, екеуі де бір тоқтамға келе алмай, екі жаққа кетеді.

Қасқыр сол кəсібіне біржола ойысады. Ал ит болса ой мен қырды шарлап, сүйектерді іздеп, сонымен күн көреді.

Бір жолы ит малды ауылдың етегіндегі сайда қураған ақ сүйекті кеміріп жатса, жайылып жүрген қоралы қойға қарай жер бауырлап  келе жатқан ескі досын көреді.  Осы кезде мұның бойын əлдебір жанашырлық сезімі билейді. Сүйегін тастай салып, момақан қозыны сүйрей жөнелген қасқырмен алыса кетеді. Құлағынан тістеп алады. Анау да қарап қалмайды. Мұның аяғына өткір азу тістерін батырады. Олар алысып-жұлысып жатқанда қотан жақтан қойшының мылтығы атылады. Қасқырдың зəресі ұшып, қаша жөнеледі.  Қойшы иттің бұл əрекетін байқап қалған еді, енді оны үйіне əкеліп, жаралы аяғын таңады. Сосын тамақ беріп, біраз күн бағады. Ит болса күннен-күнге жақсарып, тез арада айығып кетеді. Осыдан соң қойшы оны мал қораны күзетуге пайдаланады. Ит тамақ берген кісіге адал қызмет етеді. Сенімді көмекшісі болады.

Міне, сол күннен бері қарай қасқыр мен ит бір-бірімен өштесіп кетіпті. Қойлар итті өздеріне дос санап, қасқырды көрсе қашады екен. Осылайша ұрлықпен күн көремін деп қасқыр иесіз қалып, айдалада оқта-текте іші удай ашып ұлитын көрінеді.

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

А. Оралқызы