Жақсылық пен жамандық (ертегі)

Жақсылық пен жамандық (ертегі)
Фото: vk.com

Бұрынғы өткен заманда Жақсылық, Жамандық атты екі адам болыпты. Бір күні Жамандық жаяу жүріп келе жатса, артынан бір атты кісі жетіпті. Екеуі жөн сұрасып, қайда бара жатқанын білісіпті. Ол келген Жақсылық екен. Сонда Жамандық тұрып:

– Жақсылық, сен мені артыңа мінгестіре кетші, – депті. Жақсылық:

– Олай болса, сен қазір мына атқа мін де, біраз жер жүріп барып, түсіп, атыңды байла даөзің жаяу кете бер. Содан соң мен жетіп, атпен біраз жерге жүріп, саған тағы байлап кетермін. Сөйтіп, баратын жерімізге кезек мініп жетейік. Екеуміз мінгессек, атқа қиын соғар, – депті. Содан соң Жамандық атқа мініп алып, сол кеткеннен Жақсылықты есіне алмастан, кете беріпті. Жақсылық шаршап, арып-ашып, кешке жақын бір күркезге келеді. Ішіне кірсе, жан жоқ. Бірақ ортада бір үлкен қазан асулы тұр екен. «Айдалада қайнап тұрған не қылған тамақ? Дәм татайын», – деп, (бір саусағының ұшын батырып, дәм татады да, күрке төбесіне шығып жатады. Бір уақытта қасқыр, түлкі, арыстан – үшеуі келіп, күркеге кіріпті. Түлкі тамақты көре сала:

– Ойбай, мына тамақтан біреу жепті! – деп, байбалам салады. Қасқыр мен арыстан екеуі: – Кім жеуші еді? Адам келетін жер ме, бұл жер? – деп кейіген соң, түлкі сөзді доғарып, үшеуі отырып тамақ ішіп, әңгімеге кіріседі. Арыстан, қасқыр, түлкі – үшеуі көрген-білгендерін айтысады. Арыстан мен қасқыр түлкіге:

– Түлкі, сен не көрдің, не естіп, не білдің? – дейді. Сонда түлкі түрып:

– Мен бір жерден бір алтын көрдім. Пәлен деген байдың қыстауының қасындағы жаман қыстаудың ортасында, бір сүйем жердің астында жатқан бір құмыра алтынды күнде қарауылдап, қарап келемін, – дейді. Сонда қасқыр тұрып:

– Мен күнде пәлен деген байдың қойының арасында үлкен ала тоқтыны қарауылдап келемін. Себебі: ол байдың ауырып жатқан бойжеткен қызы бар, қандай ем қылса да жазылмайды және оның емін ешкім білмейді. Бірақ мен білемін: ол қызды жазатын ала тоқты. Ала тоқтыны сойып, өкпесін жегізсе, жазылады. Тағы да ол бай жар салған: «Кімде-кім осы қызымды емдеп жазса, соған осы қызымды беремін», – деп. Бірақ оның емін әлі ешкім тауып айтқан жоқ, тауып айта алмайды да, – дейді. Кезек келген соң, арыстан тұрып:

– Мен де түнде барып, түген байдың жылқысының біреуін жеп келіп жүрмін. Ол бай мені еш уақытта ұстай алмайды және маған оның ешбір жылқысы қуып жете алмайды. Жететін бір-ақ тайы бар. Ол тай пәлен тоғайдағы жылқының ішінде. Сол тайдан басқасынан мен құтылып кетемін және ол байдың жар салғаны бар: «Кімде-кім менің жылқымды жеп жүрген арыстанды ұстап берсе, соған бір үйір жылқымды беремін», – деп. Олар әңгімелерін аяқтап, ұйықтап қалады да, таңнан тұрып, бет-бетіне кетеді. Жақсылық олардың барлық әңгімелерін естіп алып, адам емдеуші боп, байдікіне келеді. Бай оның түріне қарап: «Осы емші шығар», – деп ойлап:

– Жоғары шық! – дейді. Жақсылық отырған соң, бай:

–  Қызыма бал ашып бер! – дейді. Жақсылық: «Мақұл», – дейді де, қызды қарап:

– Баланы емдетпей, босқа қинапсыңдар ғой! Әкел анау үлкен ала тоқтыны. Мұның ауруы соның өкпесінде, – дейді. Бай дереу, қойшыларды жіберіп, тоқтыны алдыртады. Жақсылық қызға тоқтының өкпесін жегізіп, емдейді. Жазылған соң, қызды өзі алады. Бұдан кейін Жақсылық бағанағы жаман қыстауға келеді. Қораның ортасын бір сүйемдей қазса, бір құмыра алтын шығады. Оны алып, арыстанның айтқан жеріне барады. Барса, бай бір арыстанды ұстай алмай жүр екен. Мұны білген соң Жақсылық байға:

– Мен сол арыстанды ұстап берсем, сен маған не бересің? – дейді. Бай:

– Егер ұстап берсең, саған бір үйір жылқы беремін, – дейді. Жақсылық: «Жарар», – деп, тоғайдағы жылқылардың ішінен ала тайды ұстап алып, арыстанды күтіп тұрады. Арыстан келіп, жылқыны алып қаша бергенде, Жақсылық әлгі ала таймен қуып жетіп, арыстанды ұрып жығып, байдың бір үйір жылқысын алып, келген жолына түседі. Неше ай, неше жылдар өткенде, бір күні бұған Жамандық келіпті. Жақсылық Жамандыққа қараса, үсті-басында түк жоқ, қайыршы, дуана секілді екен. Ол Жақсылықты көріп:

– Жақсылықжан! Мен саған жамандық қыламын деп, мұндай күйге ұшырадым. Енді сен мені адам қыл. Сен бұл мал-мүліктерді қай жақтан таптың? – дейді. Сонда Жақсылық:

– Не де болса, адамзатсың ғой! Сен жамандық істегенмен, мен саған жақсылық істейін, – деп, өзінің бастан кешкен оқиғасын айтыпты. Содан соң тұрып:

– Пәлен төбеде бір үй бар. Сен қазір соған жет. Оның ішінде асулы бір қазан ет бар. Бірақ оның ішіндегі еттен тек бір саусағыңды батырып, дәмін көр де үйдің төбесіне шығып жат. Сонда түлкі, қасқыр, арыстан келеді. Сен олардың әңгімесін тыңдай бер. Олар кеткеннен кейін естіген сөздеріңді істесең, сен осындай боласың, – дейді. Жамандық: «Жарайды,» – дейді де, баяғы күркеге барып кіреді. Жақсылық айтқандай, қазан толы ет асулы тұр екен, қызығып кетіп, шыдай алмай: «Мына бір жілігін жейінші» – деп, еттен жеп, сорпасынан да, бес-алты рет ұрттап алыпты. Сөйтіпті де, үйдің төбесіне шығып жатыпты. Бір уақытта түлкі, арыстан, қасқыр – үшеуі күркеге кіреді. Түлкі тамақты көре сала:

– Ойбай, мына еттің тоқпан жілігі жоқ, омыртқасы жоқ, сорпасы жоқ, біреу жепті! – дейді. Оған арыстан мен қасқыр:

– Кім жеуші еді? Бұл жерге адам келуші ме еді? – деп көнбейді.

– Жоқ! Бір бәле бар! Мен түс көрейінші, – деп, түлікі жата қалыпты да, аздан соңқайта тұрып: – Осы күрке үстіне шығайықшы, сонда бір пәле бар секілді, – депті. Бұл сөзін қасқыр мен арыстан да мақұл көріп, түлкі төбеге шықса, Жамандық жатыр екен. Үшеуі Жамандықты бас салып жеп қойыпты. Сөйтіп, Жақсылық жақсылығынан өмір сүріп, мұрат-мақсатына жетіпті. Жамандық жамандығынан ит-құсқа жем болыпты.

А. Оралқызы