Екі жалқау. Жапон ертегісі

Екі жалқау. Жапон ертегісі
Фото: www.youtube.com

Аптап жаздың бір күні екен. Таң сәріден шығыс жақтағы ауылдан батыс жақтағы ауылға қарай бір жалқау келе жатады. Оның белдігінде жолда ашығып қалмасын деп, байлап жіберген түйіншегі бар еді.

Ал оған қарсы нақ осы кезде батыстағы ауыл жақтан шығыстағы ауылға қарай екінші бір жалқау келе жатады. Оның басына қамыс қалпақ кигізіп, онысы түсіп қалмасын деп, алқымының астынан баумен байлап қойған көрінеді.

Екеуі де ілби жүріп отырып, бір кезде жол ортасына жетеді. Бұл – екі ауылдың дәл ортасы еді. Осы кезде күн де ысып кетеді.

Бұл шақта шығыстағы ауылдан шыққан жалқаудың қарны ашқаны сонша, көзі қарауытып кетеді. Бірақ тамақ жеу үшін түйіншекті шешіп, одан соң нанды алып, одан кейін ауызға салу керек қой. Жалқау еріксіз ойланады: "Машақаты көп жұмыс екен. Оған қарағанда аш жүре бергенімнің өзі артық шығар".

Кенет өзіне қарсы басында қамыс қалпағы бар бір адам келе жатқанын көреді. Ол аяғын санап басып, зорға келеді екен. Аузы аңқая ашылып кетіпті.

"Еһе, түріне қарағанда, мынау да ашығып келе жатқан сияқты ғой! – деп ойлайды келе жатқан жалқау. – Аузын қара аңқиған, тіпті сілекейі шұбырып кетіпті".

Солай ойлаған бұл:

– Ей, достым, егер сен ашығып келе жатқан болсаң, мен нанымның жартысын берейін. Тек тәңір жарылқасын, қол ұшыңды беріп, менің белдігімдегі түйіншек ішінен нанды алып, жартысын менің аузыма салшы, – дейді.

Сонда батыстағы ауылдан келе жатқан жалқау былай дейді, – Сен менің алқымымның астындағы бауды қаттырақ байлап бер. Әйтпесе қалпағым басымнан түсе береді. Сол себепті де аузымды ашып, әрең ілбіп келемін, – депті.

@. @assel_assanova