Хорхе Луис Борхес. «Оңтүстік»

Хорхе Луис Борхес. «Оңтүстік»

Құрметті оқырман, Хорхе Луис Борхестың "Оңтүстік" деп аталатын новелласын латын тілінен орыс тіліне В. Кулагина-Ярцева аударған екен. Қазақ оқырмандары да латын америкалық жазушының туындысымен таныс болсын деген оймен аударып бастық. Ендеше, шетел әдебиетінің көрнекті өкілі жазған шығарма сіздің де қызығушылығыңызды оятады деп ойлаймыз.

 

•••

1871 жылы Буэнос-Айресте кемеден түсіп қалған адамның аты Иоганнес Дельманн. Ол евангелиялық шіркеудің қызметшісі болатын. Оның өзін таза қанды аргентиналық санайтын Хуан Дельманн есімді немерелерінің бірі 1939 жылы Кордов көшесіндегі муниципалды кітапханада хатшылық қызметте істейтін. Буэнос-Айрес түбінде Катриэль үндістерімен болған шайқаста сүңгімен шаншылып өлтірілген екінші линиядағы батальон жауынгері атақты Франсиско Флорес оның нағашы атасы болып келеді. Осы бір тақылетсіздеу бұтағынан Хуан Дельманн (неміс тегі әсер еткен болар) романтикалық ұрпақ болуды ұйғарған екен.

Сақалды адамның дагеротипті портреті бар түсі оңып кеткен футляр, ескі сапы, бақыт пен батылдық, музыкада естілер, жалпыға жаттанды "Мартина  Фьерро" өлеңі, жылдар, сылбырлық пен тұйықтық оның өзіндік ерекше креолизмін дамытқан. Дельманн өз-өзін тежеуінің арқасында Флорестердің меншігіндегі Оңтүстіктегі үй-жайын сақтап қала алған болатын. Оның есінде балзьамдалған эвкалиптілердің қатары мен бір кездері алқызыл болған жүзім тасты қызғылт үй қалыпты. Дельманның қалада қалып қоюына бітпес істерімен бірге еріншектігі де себеп еді. Жылдан жылға ол өзінің бір айдаладағы үй-жайы бар екенін ғана санасында сақтап келген-тін. 1939 жылдың ақпан айының соңғы ширегінде күтпеген жағдай болды. Адамның айыбын кешірмес тағдыр қателіктерді тіпті де кешірмейді екен. Сол кеште Дельманның қолына Вайльдың «Мың бір түнінің» парақтары ескіріп, сарғайған бір данасы түскен. Оны тез арада оқып шығу үшін ол лифтті де күтпей, тепшекпен жоғары қарай өрлей жөнелді. Тіпті маңдайына кенет тиген әлде құс, әлде жарғанат кедергі бола алмады. Есікті ашқан әйелдің көзіндегі үрейді көре алған. Маңдайы қанға боялыпты. Сөйтсе жаңа боялып ашық қалдырылған есіктің қырына соғылған екен. Дельманн әрең дегенде үйқыға кетіп еді, таң рауандана бастаған сәттен-ақ дүние әлем-тапырыққа айналғанын сезді. Бірден ыстық қаумалап, «Мың бір түнге» деген ықыласы бастығырылып көрген түсіндей болды. Оның жағдайын білуге келген туысқандары жасанды күлкімен оның келбеті жағымды екенін айтудан ары аспады. Тозақтай азапты көріп жатқанын түсінбеген адамдарға аңтарылып қарай береді. Әлсіз халде жатқан сегіз күні сегіз ғасырға созылып кеткендей. Оны емдеп жүрген дәрігері бөгде бір емшімен келіп, рентгенге түсіру үшін Эквадор көшесінде орналасқан емханаға алып кетті.

Дельманн жалданған арбада тыныш ұйықтай алатынын ойлады. Дәл сол мезетте ол өзін бақыттырақ санап, сөзшеңдігі ұстай жөнелді: олар келіп, шешіндіріп, шашын алып, кушеткаға орап, көзіне жарық түсіріп көрген соң қолына екпе жасады. Бірде ол жүрегі айнып оянды, бинтқа оралған, құдыққа келіңкірейтін палатада жатыр екен. Бір күн мен бір түн өткен. Ол ота жасатқан соң бұған дейін тозақтың босағасында ғана болғанын сезді. Енді тозақтың нағыз өзі! Ысығаны соншалықты аузындағы мұз денесіне тарамады да. Бұл күндері Дельманн өзінің денесінің мұқтаждығына, денсаулыққа зәрулігіне жеккөрушілікпен қараған еді. Дельманн әрбір емдеу шарасын ауыр көтерді, ал дәрігердің аузынан қанның бұзылуынан мына жарық әлеммен қоштасуға аз қалғанын естігенде егіліп жылап жіберді. Денесінің ауруы мен ұзақ түндер оған өлім туралы ойлауға мұрша да бермеген. Ал кейін дәрігер келіп жағдайы жақсара бастағанын, тіпті емдік шараларды үйінде де жасай беруіне аз қалғанын айтты.

Бірақ сол күмәнді сөз шындыққа айналды.

Ақиқат симметрия мен анахронизмды ұнатады екен; Дельман жалданбалы жеңіл арбамен емханаға жеткізілген болатын, ал қазір оны сол арба Конститусьон алаңындағы бекетке алып келе жатыр. Жаздың аптабынан кейінгі күздің лебі оның ыстық пен өлімді жеңген тағдырына ұқсап кетті. Таңғы жетінің уақытында қара түнек қалаға ескі тамның кейпін беріп тұрған, ал көшелер ұзын дәліздерге, алаңдар – аулаларға ұқсап кетті. Қаланы танып келеді: қиылыстар, афишалық тумбалар, Буэнос-Айрестың қарабайыр келбеті. Күн шығып, айналаны сары түске бояғанда бәрі де таныс болып көрінді.  

Оңтүстіктің Ривадавиа көшесінің арғы бетінен басталатынын бәрі де біледі.

Дельман көшені асып өткен соң онда ежелгі әрі сенімді жерде болатынын қайталап айтқанды ұнататын. Жолда ол жаңа соғылған құрылыстарды, есік балтасын, есік үстіндегі арканы, подъездерді, тыныш ауланы көзбе тінтіп келеді. Бекет дәлізінде тұрғанда пойызға дейін әлі жарты сағат жүруі керек екенін ұқты. Кенет оның есіне Бразиль көшесіндегі (Иригойеннің үйінің жанында) кафеде алып мысық түсті. Оны сипаудың өзі қандай ғажап. Кірді. Мысық сонда ұйықтап жатыр екен. Дельман кофеге тапсырыс берді (емханада кофе ішуге рұқсат етілмейтін), асықпай қант салды, дәмін татты. Сосын мысықты сипап отырып ойға батты. Сағымдай байланыс деп ойлады ол, себебі олардың ортасында шыны бар еді. Адам уақытпен, оқиғалар тасқынымен өмір сүреді, ал ертегі жыртқышы – қасқағым сәтте ғұмыр кешеді.

Пойыз перронды ұзыннан ұзақ жауып қалды. Бірнеше вагоннан өткен соң Дельманн адам саны саябырлау бір вагонына мінді. Шабаданын торға салған. Пойыз қозғала бастаған сәтте қалбалақтаумен қолын шабаданға созып, «Мың бір түннің» бірінші томын ала алды. Бұл оның зұлымдыққа есе жіберген барлық бақытсыздықтарының белгісіндей еді. Жолдың шет жақтары қала маңына қарай ыдыраған, сосын бау-бақшалар, дәл осы көрініс Дельманға оқуға мүмкіндік бере қоймады. Ол оқуға әрекеттенсе де, магнит пен джиндардан жасалған тау, Шахризаданың үмітсіз ғажайыптарын сезінуге мүмкіндік бермеді. Дельманн кітапты жапты да өмір сүруді бастады.

Түскі ас (каникул кездерінде жылтыраған металлдан жасалған жалаңмен ұсынатын сорпа) оған керемет ләззат сыйлады.

Ертең мен үй-жайымда оянамын деп ойлады ол; ол өзін сол сәтте екіге жарылған адам ретінде сезінген: бірі туған жер мен күздің осы бір шағымен қозғалып келе жатса, екіншісі ауыр ренішті сезініп келе жатты. Оның көз алдында өткен пойыздарға мәңгі қарап тұратын сылақ тимеген көп бұрышты кірпіш үйлер өтіп жатты. Тас төселмеген жолдардағы аттылар, жыралардың ауысуы, табындар мен бөгеттер өтіп жатты. Жарқыраған, мәрмәрға ұқсас ұзын-ұзын бұлттар жоқтан пайда болып, жоққа сіңіп кетті. Ал бірде олары жапан далада көрген түстей көрінді. Атауларын білмесе де егін мен ағаштар оған таныс болды, өйткені ауылдық өмір оған ескі бір сағынышындай көрінетін. Ұйықтап кетіп отырғанда түсіне пойыздың жүрісі кіре берді.

Көзді ұялтатын аппақ күн түс ауа сары түске ауысты, ал кеш әлетінен бұрын, қызыл түске боянайын деп тұрған. Вагон да Конститусьон бекетіндегідей емес, уақыт пен дала вагонға еніп, өзге бір қалыпқа өзгертті. Пойыздың қасында онымен бірге жүріп келе жатқан көлеңке көрінген, көкжиекке қарай тартылып барады. Адамзаттың орнығуы жердің алғашқы көрінісін әлі де бұзбаған. Бәрі де өз көлемінен үлкейіп, жақын әрі сырлы болып көрінді. Қалың жыныстардан ара-тұра бұқаның кескінін көріп қалуға болады екен. Бүтін жалғыздықтан ол өзін Оңтүстікке қарай ғана емес, сонымен қатар өткен шағына оралып бара жатқандай сезінді. Осы бір қияли ойларын билет тексеруге келген бақылаушы бұзып жіберді. Бақылаушы Дельманға белгісіз бір стансыда тоқтамай өтіп кететінін, орнына басқа бір стансыға тоқтайтынын ескертті. (Бақылаушының түсіндірмесін Дельман тіпті де назарға алған жоқ, себебі бұл құбылыс оған еш қызықсыз көрінді).

Пойыз әрең дегенде алаңның ортасына таман барып тоқтады. Жолдың арғы бетінде стансы орналасқан, онда перрон, сарай тағы бір ғимараттар бар. Онда ешқандай да экипаж болмады, бірақ оны стансы басқарушысы бірнеше шақырым жердегі лашықтан жалдауға болады деп шешті.

Дельман бұл жолды кішкентай саяхат деп ойлаған. Күн ұясына кіріп кетсе де оның сәулелері тыныш әрі тіршілікке толы даланы жап-жарық етті. Дельман шаршамайтынын білсе де ақырын жүрді. Осы жүрісті ол шаттыққа толы серуенге айналдырғысы келген. Жоңышқаның иісі мұрнын жарып барады. Ол өзін осы сәтте бақытты сезінді.

Альмасен бір кездері нарттай қызыл түсті еді, бірақ жылдар оның шынайы түсін жасады, өткір түс болыпты. Сәулетімен аса бір таңғалдыра қоймайтын үйлер оған "Поль мен Виргини" сияқты ежелгі басылым сияқтанды да тұрды. Дуалға бірнеше ат байланған. Кірген сәтте Дельманн үй егесін танитын сияқты еді, кейін оны емхананың қызметшісімен шырамытқанын ұқты. Жағдайды айтқан соң үй егесі ат арба беруге уәделесті. Уақыт оздырайын деген оймен Дельманн бұл үйде кешкі асын ішуге кірісті.

Шеткі дастархандардың бірінде шуылдап отырған жігіттерге Дельманн алғашқы сәтте назар аудармаған да еді. Еденде еш қимылсыз бір шал отырды. Ұзақ жылдар оны мұжып тастағандай әсер қалдырады. Тотыққан, құрғақ бетті шал мәңгіліктегі адамға ұқсайды. Дельманн оның басына оралған жіп пен түкті пончосын, құлын терісінен жасалған етігіне қарап Солтүстік пен Энтре-Риос тұрғындарымен болған мағынасыз әңгімені еске алды. Онда мұндай гаучоларды (латын америкадағы субэтникалық топ адамдары) Оңтүстіктен басқа еш жерден кездестіре алмайтыны айтылып еді.

Дельманн терезе алдына жайғасты. Түнек жазық даланы басып қалды, бірақ оның иісі әлі де шығып, шуы басылмай жатқан.

Қожайын оған сардина мен қуырылған ет ұсынды. Дельманн түйіліп қалмас оны  үшін қызыл шараппен итеріп отырды. Ауыз қуыратын дәмді ол ынта-шынтасымен сезініп жеп-ішті. Айналаға қарауға ерініп отыр еді, көзіне арқалыққа ілінген кәресін майлы шам шалынды. Шеткі дастарханда үш адам отыр екен. Оның екеуі ферма пеондарына ұқсап қалыпты да, үшіншісі монғолойдтық нәсілдегі адам секілденді. Ол дастархан басында бас киімін шешпей, алдындағысын сарқа ішіп отыр екен. Кенет Дельманн желкесіне әлдененің тигенін сезді. Көмескі жасыл түсті шынының жанында нанның түйірі жатыр екен. Мейлі ғой, бірақ оны біреу лақтырды...

Олардың бұған ешқандай қатысы жоқ сияқты. Абыржыған Дельманн ештеме болмаған сыңай танытты да «Мың бір түннің» томдығын ашты. Біраз уақыттан кейін қоқымның қасында тағы бір нан түйірі жатты. Дельманн ештемеден қорқып тұрмағанын, бірақ толық айықпай тұрып төбелесудің ақылсыздық екенін ұқты. Ол тұруға әрекет жасап, кетіп қалуға ыңғайланғаны сол еді, оның жанына қожайын келіп сабырлық сақтауын өтіне бастады:

- Сеньор Дельманн, оларға назар аудармай-ақ қойыңыз, біраз ішіп алыпты.

Дельманға қожайынның атымен атап тұрғаны оғаш көрінген жоқ. Бірақ оған осы жұбату сөздері жағдайды ушықтырып жібергендей көрінді. Пеондардың топас қылықтары нақты ешкімнің абыройына тимеген де еді, ал дәл мына сөздер ерсі қылықтың өзіне арналып тұрғанын білдірді және көрші отырғандар да солай ойлап қалуы мүмкін еді.

Дельманн қожайынды райынан қайтарды да пеондардан не керектігін сұраған. Қысық көзді жігіт ирелеңдеп тұра бастады. Сосын екі адым жерде тұрып алып, тегінде ешкім естімей қалатындай болып боқтық сөздерді айғайлай жаудыра бастады. Ол өз жағдайынан да бетер мас болып көрінуге тырысқаны белгілі болып тұрды. Осы әрекетінде аяусыздық пен келеке бар-тын. Сол бетте ұзын пышақты аспанға мытып жіберіп дер кезінде қайтадан тосып алды да Дельманнды төбелеске шақыра бастады. Қожайын болса діріл даусымен Дельманның еш қаруы жоқ екенін айтып ақтап жатты. Дәл осында күтпеген бір жағдай болды.

Бұрышта елеусіз отырған егделеу гаучо (Дельманн оны алғашқы сәтте Оңтүстіктің символы деп ойлаған) Дельманның аяқ тұсына кинжал лақтырды. Бұдан Оңтүстіктің өзі бұл шайқасқа түс дегендей әсер қалдырып еді. Кинжалды қолға алайын деп еңкейе бастаған сәтте ол екі нәрсені ұқты. Біріншіден, бұл санасыз әрекеті оған төбелеске шығуын міндеттейді, екіншіден қолына алған қару өзінің қауіпсіздігі емес, керісінше дұшпаны алдындағы шайқасқа итермелейтін сылтау болады. Бала кезінде бұл да өзгелер секілді пышақпен ойнайтын, бірақ сол соққы жасаған сәтте өткір жағын өзіне қаратып ұстау керек дегеннен ары білімі аса алмаған. Емханада мұндай жағдайға түсуіме мүмкіндік бермес еді деп ойлады ол.

- Жүр далаға, - деді жігіт.

Олар шықты, Дельманн үмітсіз еді, бірақ қорқыныш та болмаған. Ашық аспан астында пышаққа түсіп өлу сол алғашқы екпе жасаған бірінші күні бұйырса қандай керемет, қандай бақыт болар еді деп ойлады бір сәтте. Дәл сол кезде оған таңдау берілсе ол қатты науқастанып ауырғанша осындай өлімге баруды таңдайтын еді.

Дельманн ешбір пайдасы іске аспайтынын біле тұра, пышақты қолына қыса ұстап тұрады да далаға шығады.

Орыс тілінен аударған: Ардақ Құлтай

Сурет: rusmir.in.ua

А. Құлтай