Ақын Ғалым Жайлыбайдың "Сұлубайдың әні" кітабының тұсаукесер рәсімі өтті

Ақын Ғалым Жайлыбайдың "Сұлубайдың әні" кітабының тұсаукесер рәсімі өтті
Фото: Жазушылар Одағы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласында "Мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі əдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы жəне бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар жəне ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет", – деген еді.

Егемен елдегі жастар санасына өткен ата-бабамыздың ерлігі мен жақсылығын сіңдіру мақсатында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылып келеді. Соның бірі кеше Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада "Ер-Жәнібек" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Оспан батырдың 120-жылдық мерейтойы аясында ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш», Абай, Махамбет сыйлықтарының лауреаты, "Жұлдыз" журналының Бас редакторы Ғалым Жайлыбайдың "Сұлубайдың әні" кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Аталған іс-шараға бірқатар зиялы қауымдар, әдебиет өкілдері, оқырмандар сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет жəне Қабдеш Жұмаділов, Марал Ысқақбай, Сəбит Досанов, Ахметжан Ашири сынды қаламгерлер қатысты.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет жиынды аша отырып, төрт тілге аударылған Ғалым Жайлыбайдың бұл шығармасы төл әдебиетімізге қосылған үлкен үлес екенін айтты. Сондай-ақ: "Ғалым Жай­лыбайдың поэзиясы онсыз да сұлу поэзия. Кітаптың атын «Сұлубайдың әні» деп атауының өзіндік мәні бар. Поэмада Оспан­ның да, Сұлтанның да, күйшінің  де тағдыры көрініс тапқан. Мұның барлығы өріліп келгенде тұтас бір панораманы құрайды. Қазақтың бөліп-жаратын тағдыры жоқ. Ақын өз поэмасында сол тұтас тағдырдың бір үлкен кесек көрінісін әдебиет әлеміне мөлдіретіп алып келді", – деді.

Халық жазушысы Қабдеш Жұмәділов:"Бұл тақырыпты талантты ақынның жазғанына қуаныштымын! Ғалым Жайлыбай өлеңді де, дастанды да жаңа жазып жүрген жоқ. Алайда, жарық көрген жаңа кітабы жөні бөлек дүние. Жарыққа шыққан жаңа кітап құтты болсын! Жолы ашық болсын! Халыққа кеңінен тарауына тілектеспіз" – деп  Оспан батыр мен оның айналасындағы ерлердің ерлігін айта келе, кітаптың тұсауын кесті.

Ақын Ғалым Жайлыбайдың бұл шығармасында Өр Алтайда Оспан батырдың ұлт-азаттық көтерілісінде мерт болған Сұлубай Сапыұлының өмірін айта отырып, бүгінгі қытай қазақтарының арман, үміттері де поэтикалық тілмен көркем жеткізілген. Жинақта сондай-ақ, Қытай қазақтарының өмірінен жазылған "Өр Алтай мен Тәңіртаудың арасы" деп аталатын жыр топтамасы бар.

Айта кетейік, Сұлубай батыр Алтайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Оспан батырдың әскерінің бас қолбасшысы болған. Сұлубай Сапыұлы 1907 жылы туып, 1944 жылғы қиян кескі соғыс кезінде қапылыста қаза табады. Бұл туралы белгілі жазушы Жәди Шәкенұлы: "...Сұлубайға қапылыста оқ тиеді. Тайлақ түйедей бурыл атының сауырын қан жуып, аттан құлайды. Сарбаздар оны дереу құтқаруға кірісіп, машинаға салып, кеңес одағының көмегімен келген арнайы дәрігерге жеткізеді. Шұғыл емдеуге кірісіп көмек көрсеткенмен өнімі болмайды. Оқ батырдың маңдайынан тиіп, оң жақ құлағының артынан шыққан екен. Қансырап екі дүние ортасында өліммен арпалысқан батыр үшінші күні шаһид болады. Бұл қазаға бүкіл қосын ғана емес, тұтас Алтай елі күңіренеді. Жер қайысқан қалың жұрт жаназасына қатынасып, көз жастарын көлдетіп, қара жердің қойнына қимастықпен аттандырады. Батырдың мүрдесі Бұлғын өзенінің құйғанының бас жағындағы Қомқарынға жерленеді", – дейді.

Т. Раушанұлы