"Тұманбайдың тұма жырлары" атты кеш өтті

"Тұманбайдың тұма жырлары" атты кеш өтті
Фото: massaget.kz

20 наурыз күні сағат 19.00-де Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Үлкен залында көрнекті ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Тұманбай Молдағалиевті еске алуға арналған "Тұманбайдың тұма жырлары" атты кеш өтті. 

Еске алу кешіне, Қазақстан Жазушылар Одағының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, Нұр-Мұқасан әнсамблі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова т.б әншілер, зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Кештің шымылдығын ашқан ақын Ұлықбек Есдаулет Тұманбай Молдағалиевтің жырларына тоқтала келе, ақынға арналған өлеңін оқып берді. 

Нұрғали Нүсіпжанов: "Тұманбайдың поэзиясы біздің өміріміздің қалыптасуына, қазақ әнінің өркендеуіне үлес қосты. Тұмағаңның 30-шақты сөзінің кіндігін кесу маған бұйырыпты. Өнер адамы ретінде біз соған бақыттымыз", – дей келе Тұманбай Молдағалиев сөзін жазған "Келе жатыр құс қайтып" әнін орындап берді. 

Бұдан кейін сахнаға әншілер кезекпен шығып ақынның сөзіне жазылған әндерді орындады. Еске алу кешіне келген оқырман қауымға Тұманбай Молдағалиевтің көп томдығы ұсынылды.

Т. Раушанұлы