Нобель лауреаты Кадзуо Исигуро рыцарь атанды

Нобель лауреаты Кадзуо Исигуро рыцарь атанды
Фото: vk.com

Жапон текті британиялық жазушы Кадзуо Исигуро рыцарь титулын алды. Бізге оның есімі әдебиет саласы бойынша Нобель лауреаты ретінде таныс. Марапаттау рәсімі Букингем сарайында болды. Титулды Чарльз ханзада табыстады.

Болашақ литератор Кадзуо Исигуро 1954 жылы Нагасаки қаласында океанограф Сидзуо Исигуроның отбасында дүниеге келген. Алты жылдан кейін Британияға эмиграция жасапты. Кадзуо Исигуроның әдеби мансабы 1981 жылы басталған. Ол жалпы саны 8 роман жазған. Солардың бірі The Remains of the Day (Күнжарым) туындысы үшін автор Букер премиясын иеленді. Аталған роман туралы сыншылар «XX ғасырдағы үздік ағылшын романын жапон жазды» – деп мойындаған.

Естеріңізге сала кетейік, мәртебелі сыйлыққа таласта Кадзуо Исигуро басты үміткерлер қатарында болған жапон жазушысы Харуки Мураками мен сириялық ақын Адонистен озық шықты.

Осындай мойындаудан кейін Кадзуо Исигуроның шығармашылығына деген қызығушылық та кілт арта түсті. Әсіресе, жазушының тарихи Отаны, яғни, Жапония еліндегі кітап баспалары Исигуро романдарын жаппай қайта басып шығарды.

Жаңалық жария болған сәттен кейінгі 3 күн ішінде Hayakawa Publishing баспасы жазушының 8 романын 950 мың данамен басып шығарған. Одан кейін де 200 мың данасы шығарылды.

Осы оқиғадан кейін Кадзуо Исигуро шығармаларына деген сұраныс тек Жапонияда ғана емес, барша әлем бойынша артты. Америкалық Amazon интернет-дүкенінде лауреат есімі белгілі болған бір сағаттың ішінде Исигуро романдары сатылым бойынша бірінші сатыға секірген.  

Сол жылы Нобель сыйлығы иегерінің есімін жариялаған әдебиет профессоры Сара Даниус жеңімпаз Исигуроның жазу стилі Остин мен Кафканың қоспасына келетінін айтты: «Бұл микске Марсель Прустты қосуды да ұмытпау керек. Остин, Кафка, Прустты жақсылап араластырыңыз, сонда Кадзуо Исигуро туындылары шығады».

Болашақ Нобель лауреаты жасөспірім кезінде музыкант болуды қалаған көрінеді. Гитарада ойнап, клуб сахналарында өнер көрсеткенімен қоса, ол өз туындыларының деможазбаларын продюсерлерге  жіберуді әдетке айналдырған. Исигуроның досы Тони Бигли: «Ол тыңдарман көңілін аулай білетін», - дейді. Біреулер оны былтырғы жеңімпаз Боб Диланнан да мықты музыкант деседі.

Кадзуо Исигуроның  Нобель сыйлығын алуына қатысты көптеген жазушылар өз пікірлерін білдірген-ді. Мысалы, Салман Рушди: «Мен өзімнің көнекөз досым Исигуроны шын жүректен құттықтаймын. Оның шығармашылығын «Түтін будақтаған төбелер» аталатын алғашқы романынан бастап сүйіп оқимын. Сондай-ақ, ол гитарада ойнап, ән де жазады. Тіпті, Боб Диланға есе бермейді» - деді. Ұлыбританиялық ақын Эндрю Мошен «Исигуро шығармашылығы – бейнелерге бай әлем» деген оң пікірін айтып, Нобель комитеті еш қателеспегенін атап өтті.

Кадзуо Исигуро өз жетістігі туралы BBC арнасына мынадай мазмұндағы сұхбат берді: «Бұл – мен үшін үлкен абырой. Бұл – менің ұлы жазушылар ізімен келе жатқандығымның белгісі. Әлемнің бүгінгі хәлі қайшылықтарға толы. Осы орайда Нобель сыйлығы жақсы дүниелердің туындауына басты себеп болар деп үміттенемін. Егер осыған менің қандай да бір пайдам тисе, менен бақытты жан болмас еді».

А. Оралқызы