Көңіл-күй һәм айнала

Көңіл-күй һәм айнала

(Есенғали Раушановтың бір өлеңі мен Есбол Нұрахметтің бір әңгімесі негізінде)

Жазушы, драматург Әкім Тарази: «Біздің көп жазушылар қажеті болсын, болмасын көркем табиғатты жеріне жеткізе суреттеп отырып алады. Ол жәй ғана шығармадағы орта ғой. Ал, ортаны қажетіне қарай ғана пайдалану керек емес пе? Таусылмайды. Кейде тіпті оқиға неше парақты аударғанда доңғалағы құр айналған арбадай баяғы орнында тұрып алады. Табиғат көбіне кейіпкердің көңіл-күйіне қарай суреттелінеді. Мысалы, көңіл-күйің керемет болса «шіркін, мына желдің кереметі-ай!» дейсің. Жүнжіп, сіркең су көтермей тұрса, «мынау недеген сүреңсіз жел» дейсің. Тіпті, көңілді шағыңда «қандай ғажап жарқыраған ашық аспан», салың суға кеткен күні «тас төбеден шақырайып» тұрады», дейді.

Бұл кәсіби прозаның кәнігі тарланы, ұстаз Әкім Таразидың студенттерге оқитын дәрістерінің бір парасы. Ары қарай салмақты бізге аударады. Табиғатты кейіпкердің көңіл-күйімен, өмірімен астастыра суреттеген қай шығарманы оқығанымызды, қалай түйсінгенімізді сұрайды.

Сонда бірден ойымызға қазақ поэзиясының хас жүйрігі Есенғали Раушановтың «осы ауылда бір құдаша бар-ды» деп басталатын құшағы құпияға толы өлеңі оралып еді. Алдымен асықпай, аптықпай өлеңнің буын-буынына түсіп жатқа оқимын:

Осы ауылда бір құдаша бар-ды,
Құдаша барды қылығы балдай.
Тарақ қып, айхай бұла самалды,
Тарқатылатын бұрымы қандай.

Сүйеді тауды, сүйеді желді,
Шырқайды кілең қағынған әнді.
Күміс пияламен жиегі зерлі,
Боза ұсынғаны жадымда қалды.

Шолпан да еді өзі үркер де еді өзі,
Қиялдап соны кешкен ем елес.
Екі-үш жас менен үлкен де еді өзі,
Екі-үш жас, не ол ештеңе де емес.

Оянам ылғи түс көріп тәтті,
Айгөлек ойнап періштелермен.
Құдағи біздің тістеніп бақты,
Салқын бас изеп көріскен елмен.

Алағайлы шақ, бұлағайлы шақ,
Күрсінем ылғи күлемін дағы.
Тау біздің кәрі құдағи құсап,
Түнеріп алған, бұ не ғылғаны?

Айнала жым-жырт, қараңғы мүлде,
Ай тұр ілініп тыныш қияда.
Тынған болды ғой самал бүгінде,
Сынған болды ғой күміс пияла...

Аудитория сілтідей тынады. «Ал, ары қарай сөйле!» дегенді көзбен айтып, үздіге қарайды үнсіздік.

Шіркін өлең, бәрін айтып тұр-ау! Шыны керек, мұндай өлеңнен кейін қара сөз сөйлеу ауыздық басып арындап келе жатқан атыңнан түсіп жұқа табан бәтіңкеңмен тыпың-тыпың жер басып жаяу жүргендей жайсыз сезіледі. Бірақ, оның да қажеті һәм қызығы бар...

Қараңыз, өлеңдегі «алағайлы шақ, бұлағайлы шаққа» дейінгі табиғат қандай ғажап! Қандай сұлу! Қандай керемет! Бұл өңірдің бұла самалы да бұрала басып, бұлқынып өсіп келе жатқан ерке қыздың бұрымымен ойнау үшін есетіндей, бұл өңірдің желі де ерке қыз кейде ерігіп, кейде елігіп шырқайтын қағынған әндерді қағып әкетіп жартастан жартасқа жеткізіп жаңғырықтыру үшін соғатындай, оған бойын жастықтың жалын лебі шарпып өткендей кәрі денесі балқып тау да қуанатындай, бұл өңірге телміре қараған шолпан мен үркер аспанда тұрып «анау қыз – менмін, анау қыз – менмін» деп таласатындай, тіпті оны мынау бір боз жігітке онан да балғын, онан да уыз, онан да жас көрсету үшін екі-үш жасы ел көзінен аулаққа қашқандай, ел де оны қузалап, ере қумайтындай...

Міне! Сұлу, пәк, ерке, қылықты қыздың айналасы! Енді мұндай қызы бар ана қайтпек? Оған да айнала жұрттың көзімен қарап көрелік. Анау бір жәттә кеп жалпылдап амандасқан кемпірге, шалға салқын бас изеп, «е-е-е, бұл да қызымнан дәмелі бір бейшара да» деп самарқау қарап қояды. Сөйтпегенде қайтеді, оның ұлы мұның қызының теңі ме еді?.. Көңіл жарытпайды. Қайда әлгі беделінен бел қайысқан бай-бағлан, би мен бектер?!.

Әттең! Анау бір ойнақтап жүріп от басып алған «алағайлы шақ, бұлағайлы шақ...» болмағанда ғой, құдағидың осы бір отырысының соңы сондайда бір салтанатқа ұласар ма еді. Енді не болды? Құдағидың ендігі (сыртқы) бейнесін көрсетіп табаламай-ақ қоялық. Ішкі әлемін көргіңіз келсе тауға қараңыз, әне: «Тау біздің кәрі құдағи құсап, түнеріп алған, бұ не ғылғаны?». Түнеріп алған. Енді әлгі бір сәлемін алмай қойған анау бір кемпір «шоқ, шоқ!» деп табалап жатқандай, анау бір шүйіркелесіп отырған топ қатын осының қызын өсектеп жатқандай, қызы туралы тәтті түс көріп оянатын, қолы жетпей жүрген анау бір боз жігіт күліп отырғандай... Бірақ оның басында да екіұдай хал: «Күрсінем ылғи күлемін дағы». Осы қызды сонша бір қол жетпеске балаған қандай ақымақ едім деп күледі, осы қыздың мүмкін алданып, мүмкін арбалып «алағайлы шаққа» ұрынған алаңғасарлығына күрсінеді.

Ендігі табиғат: «Айнала жым-жырт, қараңғы мүлде, Ай тұр ілініп тыныш қияда». Қызық қайшылық. Ай тұр, бірақ айнала қараңғы. Өйткені, ол өлі. Өлі зат солай ініліп тұрады. Ол – өкінген, опынған, өлі, нұрсыз қыз жанары немесе осындай көңіл-күйдегі қыз көзіне түскен ай. Мүмкін ол өлі қыздың өзі ме?..

Не десек те енді ол шолпан, үркер түгілі айдың нұрын сезіне алмайды. «Тынған болды ғой самал бүгінде». Тіпті, баяғы бұрымын сыйпап, сылаңдай қашатын самалды сезбейді. Осы қыз осындай бір күйге түсіп қалды-ау деп, сол қыздың көңіліне бола табиғат ағысын өзгертпейтіні, самалы тоқтап қалмайтыны түсінікті ғой, тынған самалды біз айдан биік ары «алағайлы шақта» аяқ астына құлаған қыз көңілінің қаяуы, ауыр халі екенін қапысыз ұғамыз. «Сынған болды ғой күміс пияла...», деп күрсініп, үнсіз қаламыз...

Төлегенмен өткен түннің баянын үнсіз, тілсіз ұғындырған Қызжібектің уысынан шашыраған маржан сынды күміс пияла... «Сынған болды ғой...». Әлемде жоқ сөз әдебі. Қазақтан өзге ешбір жұрт сезіне алмас сырлы поэзия – ұлттық поэзия! Ол енді бұл өлеңнің өз алдына бөлек әңгімесі, бөлек қыры!..

***

Көңіл-күймен де айнала өзгереді. Тіпті әннің ырғағы мен әтірдің иісі де өзгеретін секілді. Жас жазушы Есбол Нұрахметтің «әтір» дейтін бір әңгімесінен соны аңғарып, Есенғали өлеңіндегі көңіл-күй һәм айналамен үндестіріп едік.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

А. Оралқызы