Рух әлсіздігі

Рух әлсіздігі

Ағылшынның атақты қаламгері Оскар Уайльд 46 жыл ғана өмір сүрген.

Әрі философ, әрі ақын, әрі драматург Уайльдтың қаламынан шыққан жалғыз роман «Дориан Грей­дің портреті» деп аталады. 1890 жылы алғаш рет журналға басы­лып шыққанда ағылшын сыншыла­ры роман авторын сотқа бермек бо­лады. Қоғамдағы ірі қай­раткерлер, солардың маңайында жүр­ген атқосшылары жазушы шы­ғар­масынан өз-өздерін танып, қо­ғам­да дүрбелең туады. Неге бұлай бол­ды десеңіз, жазушы бетперденің арғы жағындағы адамдардың шынайы бет-бейнесін көрсетіп еді. Сән-салтанаты келіскен сарайларда өмір сүретін олардың нағыз болмыстарын жайып салған болатын. 

Бір адамның бойында қарама-қайшылықты ойлар мен сезімдердің арпалысып жататынын, бір-біріне тізгін бермей, кейде бірі жеңіп, кейде екіншісінің мерейі үстем болатынын жазушы осы шығармасында жақсы бейнелейді. Адам болмысының кереғарлығы, оның екіжүзділікке құрылған өмірі, бірақ сол өмірдің қы­зы­ғы мен шыжығынан безе алмас­тай пенденің күйі шығарма бағасын арт­тыра түскен-ді. Роман баяндау әді­сінде жазылғанымен, оқиғалары соншама көп болмаса да, көбінде лорд Генридің пәлсапаларына орын берілгенімен өте тартымды. Тар­тым­ды болатыны, мұнда адамзат­ты толғандыратын мәңгілік сау­ал­дар қойылады. Адамзатты мәңгі толғандырған өмір мен өлім, жақ­сылық пен жамандық, ақ пен қара, жарық пен қараңғы, күштілік пен әлсіздік, макро әлем мен микро әлем мәселесі бар мұнда. Осылардың адам табиғатында қалай көрінетіні, тағ­дырында қалай өрілетіні көрініс тап­қан. 

Романдағы басты кейіпкер – Дориан Грей шығарма басталғанда бозбала еді. Оның суретін салған, көркіне ерекше тамсанып, өнер тіліне көшіре білген суретші Бэзил ізгілікті бейнелегеніне сенімді болатын. Ал жас Дорианды ақылымен арбап, тіршіліктегі күрделі қарым-қатынастарды жетесіне жеткізе білген лорд өмірге тым кекесінді көзбен қарайтын. 

Портрет салынды. Өмірдегі көркем бейненің өнердегі көркем бейнеге айналуы бозбаланы шаттандырды. Жүрегінде қуаныш пайда болды. Ол қуаныш нәпсіні семіртті. Семірген нәпсі мәңгілік жастық шақта қалғысы келетін, мәң­гілік көркем бейнеден ауыт­қы­мауды қалайтын бозбаланы көкейімізге ұялатты. Оның әрбір жаман ісінен кейін портрет бетінің өзгеріп, бозбаланың бет-жүзінде ешқандай да жаманшылықтың ізі қалмайтыны ғаламат. Сүйгенінің өз-өзіне қол жұмсауына жол берген, есірткі шегіп, түнгі клубтарда сайран салған, притондарда әр­дай­ым «түнгі көбелектермен» кө­ңіл көтеріп, қаланың ең бір лас аудан­дар­ында мас күйінде әркіммен тә­жікелесіп, жұдырықтасып, тонаумен, қарақшылықпен айналысып, әбден былығып, күнәға белшеден бата жүріп, өзінің сүйкімді кел­бетіне күнәнің қара таңбасын тү­сірмей, жоғары қауым арасында жадырай күліп, биязы сөйлеп, сы­пайылықтан бір қадам да аттамай екіжүзділікпен өмір сүру үшін қан­шалықты аяр болу керек екенін, мәр­тебелі оқырман, сіз білерсіз деп шама­лаймыз. 

Қаншама жылдардан соң да бозбала қалпын сақтаған, есесіне өз үйіндегі ешкім кірмейтін түкпі бөлмеде тұрған портреттің беті айғыздалып, ең соңында портреттен қан тамшылағанда да Дорианның адамгершілік сезімінің селт етпеуі, есесіне өшпенділіктің өрши беруі өзін бейнелеген суретшіні өз қолы­мен пышақ салып өлтіруге дейін алып барды. Ал ертесінде жылы жүз­ді сүйкімді кейіптегі кейіпкер жо­ғары қауым өкілінің бірінің үйін­де қоғамның ардақтыларымен бас қосты. Суретші турасында қай­ғыға берілмек түгілі, оның өлі де­не­сін химик досының көмегімен күл­ге айналдырып жіберуі жау­ыз­­­дықтың ең бір ­шы­ңы болып көрінеді. Бірақ, кейіп­кер­дің жүрегінде тыныштық жоқ. Сырт­тай дүрдигенмен, іші қуыс. Өйт­кені, өз нәпсісіне семіріп, үлкен кү­нәлар жасауға дейін барған Дориан әлсіз адамның образы. 

Жал­пы, романдағы негізгі күр­делі мәселелер – әлеуметтік орта­да­ғы адам болмысы, оның қоғамға кі­ріп­тарлығы, рухтың әлсіздігі, жал­ғыздық пен имансыздық дер­ті. Мұсылмандық танымымызбен осылардың ең соңғы нүктесі Дориан­ның абыройсыз өлімі еді деп қос­қы­мыз келеді. Дориан өлген соң порт­рет­тің бастапқы қалпына түсуі, одан нұр жүзді бозбаланың қарап тұруы – жазушының шын мәніндегі шеберлігі дер едік. 

А. Оралқызы