«Адырна» республикалық әдеби журналының тұсаукесері өтті

«Адырна» республикалық әдеби журналының тұсаукесері өтті
Фото: massaget.kz

Әдебиет әлемінен хабардар етер тағы бір басылым қатарға қосылды. Ақтөбе қаласының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен «Адырна» атты республикалық әдеби журнал жарыққа шықты. Бастапқыда 2000 данамен жарыққа шыққан журналдың тұсаукесері Қазақстан Жазушылар Одағында өтті. Тұсаукесерге Нұрлан Оразалин алдын-ала келіп, ақ тілегін білдірді. Сонымен қатар, Ұлықбек Есдәулет, Байбота Серікбаев, Жарас Сәрсек, Бақыт Беделхан, Ғалым Жайлыбай сынды ақын-жазушылар да әдеби журналдың оқырманға берері жөнінен сөз қозғады. 240 беттен тұратын журналдың бас редакторы – ақын Мейірхан Ақдәулетұлы. Ақын өз сөзінде: 

«Үзіліп адырнасы тұр садағым...» депті бір налығанда Мұқағали. Ұлттық рухтың садағы да сол халде шығар деген оймен, жұртқа, әсіресе, жас, есті кісілерге, жаңа, өршіл әдебиетке серпін берер деген үмітпен журналды «Адырна» деп атадық. Халықтың, қазақтың Адырнасына тек үздік туындыларды жариялаймыз,– деді. 

Шын мәнінде журнал әшекей, қызылды-жасылды беттерімен емес, ішіндегі мәнді де мазмұнды жазбасымен баурағаны дұрыс. Журналдың редакциялық алқасы қатарында Мейірхан Ақдәулетұлы, Бауыржан Бабажанұлы, Ертай Ашықбаев, Сәтжан Дәрібай, Индира Өтеміс секілді халықтың тұлғалары бар. 

Адырнаның алғашқы нөмірі Әділ Ботпанов, Серік Ақсұңқарұлы, Ертай Ашықбаевтың поэзиясынан сыр шерткен. Нәзік жандылардың қатарында Жанна Елеусіз бен Аягүл Мантайдың шығармалары да бой көрсетеді. Светқали Нұржанның «Хан кегі» поэмасының үзіндісін, Құдияр Біләл мен Мақсат Тәж-Мұраттың ойлы шығармаларын да журнал бетінен таба аласыз. Ерекшелігі, Андрей Вознесенский мен Хуан Рамон Хименестің де өлеңдері қазақ тілінде сөйлеген. Сонымен қатар, әдебиетке қатысты бірқатар мақалалар жарияланған. 

Тұсаукесерге келген әдебиетсүйер қауымға Адырнаның алғашқы нөмірі сый ретінде жол тартты.

Бұл – сіздің Адырнаңыз. Ең үздік, ең үлгілі шығармаларды, ойлы да шынайы мақалаларды бірге оқиық, ендеше.

Ә. Жутаева