Бүгін – Лев Толстой дүниеге келген күн

Бүгін – Лев Толстой дүниеге келген күн
Фото: samboslava.ru

Адамгершілікке ұмтылмаған өмір ұйқымен өтеді. (Л. Н. Толстой)

Бүгін  Лев Толстойдың дүниеге келген күні. Осыған орай, әлем әдебиетіне өлшеусіз үлес қосып, адамзатқа өшпес мұра қалдырған ұлы жазушының өмір деректерін ұсынамыз. 

Толстойлар әулеті 1351 жылдары құрылған. Лев Николаевичтің атасы Петр Андреевич Толстой Бірінші Петрдің билігі кезінде құпия канцелярияның басшысы болған. Ол Ресей империясында жақсы қызметі үшін граф лауазымын алғандардың алғашқысы екен.

Анасы екі жасқа толмай жатып қайтыс болады.

Лев Толстой жас кезінде құмар ойындарға әуес болған. Бір күні өзінің көршісі Гороховпен карта ойнап, бәске тіккен үйінен айырылып қалады. Ол үйде Лев туып-өскен болатын.

Лев Толстой танымалдылықты және шығармаларына өзін арқау етуді ұнатпаған. Ол 1871 жылы Фетке жазған хатында былай деген: "Соғыс" секілді түкке тұрғысыз көп сөзді дүниелерді енді жазбайтыныма бақыттымын...".

Кавказ соғысына қатысып, Севастополь қорғанысында болған. Ерлігі үшін бірнеше орденьдермен, медальдармен марапатталады.

Толстойдың "Тәңір патшалығы өз ішіңізде" ("Царство Божие внутри вас") сынды еңбектерінде көрсетілген басқыншылыққа қарсы идеялары Үндістандағы ұлттық қозғалысты басқарып, 1947 жылдары Англиядан бейбіт бөлінуге қол жеткізген жас Махатма Гандиге өте қатты әсер еткен.

Халыққа жақын болу үшін (басқа деректерде денсаулықты нығайту үшін делінеді) қартайған шағында Лев Толстой жалаң аяқ жүрген екен.

Толстойдың жанұясында 13 бала туған. Оның бесеуі жас кезінде қайтыс болады. Әйелі өзінен 16 жас кіші, яғни, олар шаңырақ көтергенде София 18-де, граф 34-те еді.

Толстой өзінің болашақ әйелі София Андреевна Берстің анасымен достық қатынаста болады да, Берстің үш қызының қайсысына үйленетінін білмей, біраз уақыт таңдап жүрген.

Әйелі жазушының наным-сенімдерімен келіспеген, сондықтан, олардың аралары суып кетеді.

Ең танымал үш шығармасы – "Соғыс және Бейбітшілік" ("Война и Мир"), "Анна Каренина", "Жексенбі" ("Воскресение").

Лев Николаевич Толстой ет жемейтін адам болды. Ол өмірінің соңғы жылында, яғни 1910 жылы "сексен жылдан кейін барлық адамдар вегетариан болады, олар ет жеуге адам жеген секілді жиіркенішпен қарайды" дегенді айтып, сөзінің ақиқатқа айналатынына үміттенген.

Жазушы тек қана "салмақты" шығармаларды емес, «Әліппе», «Жаңа әліппе» сынды бірнеше буын оқып келе жатқан балаларға арналған еңбектер жазды.

Лев Толстой Тургеневпен таныс болған. Алайда, олар достық қатынаста бола алмады. Арадағы кикілжіңнен кейін бірнеше жыл сөйлеспейді, тіпті, дуэльге дейін баруға шақ қалған.

1857 жылдары Толстой шетелге аттанады. Ол Германия, Франция, Швейцария, Италия сынды көптеген еуропалық елдерге саяхаттайды да, күзде Мәскеуге оралады. 1859 жылдары өзінің туған жерінде балаларға арналған мектептер ашады. Ол жаңа мектептерге Еуропалық білім жүйесін енгізуді жөн деп табады.

Толстой қартайған шағында әйелімен айырылысып, саяхатқа шығады да, сапарда қайтыс болады. Жер ауыстырып жүргенде Толстой қабынумен ауырып қалады. 1910 жылдың 7 қарашасында Астапово станциясында (станция бастығының үйінде) көз жұмады.

Е. Жұмабайұлы