Иіс шығаратын экран

Иіс шығаратын экран

Токио ауыл шаруашылығы және технология университетінің (TUAT) зерттеушілері экран арқылы иісті сезуге болатын технологияны жасап шықты.

Аталған өнертабыс Орландо, АҚШ-та өткен Виртуалды шындық конференциясында таныстырылды.

Жасап шығарушылар Smell-o-vision деп атаған дисплейдің моделі экран бұрыштарында орналасқан төрт желдеткішпен жабдықталған. Дәл сол желдеткіштердің көмегімен адам иісті сезе алады.

Бағдарлама бойынша иіс шығарушы бейне экранның қай бөлігінде орналасса, иіс сол жерден пайда болады. Мәселен, егер қуырылған тауық еті экранның төменгі бұрышында орналасса, оның иісі экранның осы бөлігінде қаттырақ шығады.  

Ал иістің қалай пайда болатынына тоқтала кетсек, иісті экран бұрыштарында орналасқан арнайы гель капсулалары шығарада екен. Дисплейде белгілі бір бейне пайда болған кезде, гель капсулалары, сосын ауаны экранның қажетті бөлігіне бағыттайтын желдеткіштер іске қосылады.

Айта кетсек, осындай өнертабыс прототипі тек бір ғана иіс түрін шығара алады. Жұмыстың келесі кезеңінде ғалымдар түрлі иістермен толтыруға болатын және «иіс шығаратын» экранның қолдану мерзімін ұзартуға болатын арнайы картридждер жасауды жоспарлап отыр.

Болжам бойынша, Smell-o-vision атты экрандар болашақ жайлы жарнамаларда кеңінен қолданылатын болады. Әсіресе, ас жарнамаларында.

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: ann.az

Ж. FM