Аққу емес... Бөтен...

Аққу емес... Бөтен...

Әңгімемізге арқау болғалы отырған құс ағылшын жеріндегі Дорсет графтығында орналасқан аққулар саябағына таяуда ғана ұшып келген. Кім білсін, "үн-түнсіз келіп, қосыла кетермін, ешкім байқамас" деген болар, алайда, аппақ бауырларының арасында оның сұлбасы бірден байқалады. Назар аудармау мүмкін емес.

600-дей жаны да, ары да сұлу айдынның сүмбе қанат, аппақ еркелерінің арасындағы қара құсты қалай байқамауға болады? Қара мен ақты айыра алмау мүмкін бе? Қара мен ақты бірдей көруге бола ма?

Қара аққу – үйректектестер отбасына жататын құс. Аустралиялықтардың ең сәнді, ең сүйікті құстарының бірі саналады. Оларды бізге жақын таныс ақ қанатын сабалап, асыр салатын аққулармен салыстыруға болмайды. Қара аққу өзінің басқыншылдық мінезімен ерекшеленеді. Олар тіпті жаңадан туған балапандарды өлтіреді екен. Отаны – Аустралия мен Тасмания. ХІХ ғасырдың орта тұсында оларды Жаңа Зеландия жеріне жерсіндіреді. Ал Солтүстік Америка мен Еуропада олар қорықтар мен саябақтарда өсіріледі екен. Қара аққулардың тағы да бір ерекшелігі - жыл құстарының қатарына жатпайды. Олар өздерінің дүниеге келген жерлерінде өсіп-өніп, сол жерде қартаяды.

Ересектерінің ұзындығы – 110 және 140 сантиметр аралығында болса, салмақтары – 4-8 келі болып келеді.

Қара аққудың мойнының ұзындығы басқаларға қарағанда ұзынырақ келеді. Олар 31-ге жуық мойыномыртқасының арқасында су астына терең бойлап, өзіне қажетті қорегін оп-оңай таба алады. Қызығы, олардың қанаттарының астындағы жүні бұйра болып келеді екен. Тұмсығы қызыл түсті және оның айналасы ақ сақинамен безендірілген. Көздерінің түсі – ашық қоңыр, сарғылт келеді. 

Суреттер:vk.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева