Бала сыны

Бала сыны

Бала сыны жайлы осыдан бұрын да жазған болатынбыз. Қазақ халқы адамның адамгершілігін, кісілік мәдениетін оның іс-қимылына қарап біле қоятын болған. Емеурініне қарап, әр адамның жүріс-тұрысы, бет-бейнесі, сөз-қимылы, әдеп-ибасы, аман-сәлемі, кісі қабылдап, қонақ күтуі т.б жақтарына қарап, қандай адам, қандай мақсат, қандай ниеттегі жан екенін аңғара білген. Тіпті бесікте жатқан сәбилерін де сынап, болашақта қандай мінезді адам болатындықтарына дейін алдын ала жорамалдап, өз бағаларын беріп отырған. Мысалы, анасының емшегін тас қып құшақтап алып емген баланы есейгенде сыған болады десе, нарау емген баланың қолы ашық, жомарт болады деп жорамалдайды. Ал ұйықтағанда көзін ашып ұйықтайтын ер бала есейгенде сұлу жар құшады десе, көзін ашып ұйықтайтын қыз баланың серігі сері болады деп қарайды. Үнемі жастықтың үстін басып ұйықтайтын баланы есейгенде ел бастайтын көсем болады десе, басын бүркеп ұйықтайтын баланы ынжық болады деп топшылайды. Бүк түсіп жатып ұйықтайтын балаларды уайымшыл болады десе, шалқасынан жатып ұйықтайтын баланы ақ көңіл, ашық-жарқын болады дейді. Етпетінен жатып ұйықтаса қызғаншақ немесе ойшыл болады десе, қол-аяғын жан-жаққа керіп тастап ұйықтаған баланы төрт түлігі сай адам, кемеңгер болады деп тұжырымдайды. Кей сыншылар "Кісі болар баланың кісесінен белгілі, жүйрік болар құлынның мүшесінен белгілі" деп балаларды сыртқы кескін-келбетіне қарап, сынай білген. Мысалы, бала дөң жауырын, сом денелі, шоқпар тұмсық келсе, батыр, балуан, маңдайы кең болса, білімді, жайдары, құлағы үлкен, әрі қалқиған болса, домбырашы, саусақтары нәзік болса, биші, маңдайы тар болса, қызғаншақ, ашушаң, құлағы мен аузының арасы жақын болса, өсекші, алыс болса, сөзге сараң, іске шөгел жан болады деп, желкесі шұқыр болса, жалқау, сылбыр, бас бармағы үлкен болса, сері, мінезді болады деп топшылап, мінездеме берген.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: nipic.com

M. Auelkhan