Көрік – көркі және көрігі

Көрік – көркі және көрігі

Қазақта "көрік" деген омоним сөз бар.

Көрік – адамың келбеті, мүсіні, кескіні. Бұл сөзден көрікті, көріксіз деген сөздер жасалады. Көрік – ұста құралы, теміршілік, зергерлік жұмыстарында қолданылады. Бұл сөзден де теориялық тұрғыдан көрікті, көріксіз деген сөздер жасауға болады. Былай қарағанда, екі сөздің фонетикалық сапасы бірдей секілді. Бірақ, енді осы екі сөзге тәуелдік жалғауын жалғап көрейік.

Бірінші көрікке былай жалғанады: көрік+ім=көркім, көрік+ің=көркің, көрік+і=көркі.

Екінші көрікке былай: көрік+ім=көрігім, көрік+ің=көрігің, көрік+і=көрігі.

Мысалы, "Қыз өссе елдің көркі". "Әңгіменің көрігін қыздырды".

Демек, тұлғасы бірдей екі сөзге тәуелдік жалғауы жалғанып еді, екі түрлі нәтиже шықты. Фонетикалық ауытқу болды. Ендеше екі түрлі мүмкіндік бар, бірі, бұл екі сөздің фонетикалық сапасы біз ойлағандай біркелкі болмауы мүмкін, әсіресе буындағы і дыбысының. Енді бірі, бұл екі сөздің түбірі бір деңгейде емес, алғашқы көрік – қазақтың төл сөзі, көр сөзіне «ік» жалғауы жалғануы арқылы жасалған. Ал екінші сөздің түбірі көр емес, басқа болуы, тіпті осы сөздің өзі басы бүтін кірме сөз болуы да ықтимал.

Осы екеуінен басқа мүмкіндік бар ма? Қазақтың тіл ғылымы, фонетикасының дамуы қай деңгейде? Осы туралы Массагеттегі тіл мамандарынан сұрағым келеді.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: islam-kz.org 

M. Auelkhan