Шоколад иісі шығатын гүл

Шоколад иісі шығатын гүл

Шіркін-ай, жер бетінде гүлдің келбетінен сұлу, гүлдің иісінен тәтті не бар десеңізші! Әсіресе, осы бір нәзік жаратылыстан шоколад иісі мүңкіп тұрса, айтарыңыз бар ма? Жо-жоқ! Сіз жаңсақ түсінген жоқсыз. Жер бетінде шоколад иісі шығатын гүл бар екен.

Cosmos atrosanguineus деп аталатын гүл-өсімдік (қазақшасы "қара космея") климаты суықтау келетін елдерде өседі. Оның негізгі отаны - Мексика. Көпшілігінің биіктігі 60 сантиметрден асады. Өсімдік ғылымға 1902 жылдан бері белгілі.

Гүлдерінің диаметрі төрт сантиметрді құрайды. Қою қызыл түсті келетін және ванилиннің нәзік иісі мүңкіп тұратын гүл тәбетіңізді бірден ашады. Өкінішке орай, оның жеуге жарамды жері жоқ. Шоколад иісі гүлден шуақты, жылы күндері қатты шығып тұрады екен. Жақсы күтім жасалған жағдайда оның гүлі бірнеше ай бойы жайқалып тұра алады. Ал сабағы мен жапырақтарында айтарлықтай ерекшеліктер жоқ.

Тілін тапсаңыз, гүлді бөлмеде өсіруіңізге де болады. Әлемдегі ең үздік деген бағбандар өз коллекцияларының қатарына "шоколад иісті гүлді" қосуды армандайды. Өйткені, гүл өте сирек кездесетіндіктен, оны қолға түсіру өте қиын. 

Суреттер:topnotchhiphop.com,animalworld.com.ua 

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева