10 000 жыл бұрын салынған үй табылды

10 000 жыл бұрын салынған үй табылды

Эдинбургтегі Квинсферри ауданында 10 мың жыл бұрын салынған тұрғын үй табылды. Бұл ежелгі құрылысты Форт өзенінің үстіне көпір салып жатқан жұмысшылар тауып алды.

Табылған жәдігер туралы жұмысшылар: "Үлкен овал пішініндегі шұңқыр. Радиусы шамамен 7 метр. Осыдан 10 мың жыл бұрын салынған үйден қалғаны тек осы", - деп сипаттап берді. Бұдан бөлек, археологтар бұл аймақтан кремнийден жасалған инструменттер мен садақтың оқтарын тапқан. Тіпті орман жаңғағының сырты да сақталып қалыпты. Радиокөміртекті әдіс арқылы зерттеу жүргізген ғалымдардың айтуынша, бұл аймақта шамамен біздің заманымызға дейінгі 8240 жылы адамдар тірлік қылған.

"Біз енді Ұлыбританияның солтүстігіндегі Форт өзенінің маңында осыдан 10 000 жыл бұрын өмір сүрген адамдардың мәдениеті туралы көбірек білуге мүмкіндік алдық, - деді қазу жұмыстарының координаторы, Headland Archaeology компаниясының қызметкері Эд Бэйли, - Қазіргі кезде қазба жұмыстары жалғасып жатыр. Алдағы уақытта мезолит дәуіріндегі өмір формасы туралы анығырақ бейне ала аламыз деп ойлаймын".

Үйде, сонымен қатар, қыс айларында жылынуға арналған пеш табылды. Ғалымдардың айтуынша, үйдің жылы болуы құрылыс кезінде мүк пен шымтезек те пайдаланылған.

Айта кетелік, бұл Ұлыбритания аймағынан табылған алғашқы ежелгі үй емес. Бұдан бұрын 9,5 мың жыл бұрын салынған Стар-Карр атты құрылыс объектісі табылған болатын.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

суретте: Мезолит дәуіріндегі үйдің реконтрукциялан түрі (os.colta.ru)