Күн тасы

Күн тасы

Қазақ "жылтырағанның бәрі - алтын емес" дейді. Алтын болмаса да, өзінің сұлу келбетімен көрген көздің жауын алатын бағалы тастар ешкімді бей-жай қалдырмайтындығы тағы бар. Көпшілікке танымал сондай ерекше тастардың бірі - кәріптас (янтарь).

Құмды жазықтықтарда өсетін қарағайлар басқа да қарағайлар секілді алтын түсті, жабысқақ әрі қою қарамай (смола) бөліп шығарады. Жауын-шашынның астында қалған немесе өзенге ағып кеткен осы қарамайлар миллиондаған жылдардан кейін тасқа айналып шыға келеді. Оны – кәріптас (янтарь) деп атайды.

Кәріптас – әр түрлі реңді болып келетін өте нәзік, мөлдір тас. Тастар ашық-сарыдан қоңыр, құба түске дейінгі аралықта кездеседі. Кәріптастардан әшекей-бұйымдар мен электрлік изоляторлар жасалады.

Гректер біз білетін кәріптасқа "электрон" деген атау берген. Және дәл осы сөзден «электр» сөзі шыққан екен.

Кәріптастың электр қуатын тудыра алатын қабілетін алғаш рет байқаған - ежелгі гректер мен римдіктер. Егер тасты матаға үйкелеп, жеңіл заттарға жақындатар болсаңыз (қағаз қиындысы да жарайды), затты өзіне қарай оп-оңай тартып алатындығын байқайсыз. Олар да осы құбылысқа куә болған соң, тас тылсым күшке ие және түрлі дуалар мен ауру-сырқаулардан құтқарады деп сеніп, оны қасиет тұтқан.

Кәріптасқа қарамай кезінде түрлі жәндіктер жабысып қалып жатады. Олар сол жабысқаннан тасқа айналып кетеді. Мөлдір кәріптасты қолыңызға алып, мұқият қарар болсаңыз, тасқа бітеліп қалған өрмекшілерді, сарышаяндарды, кесірткелерді көруге болады.             

Кәріптас ең көп кездесетін мекендер: Балтық жағалауы мен Солтүстік теңіздері, Сицилия (онда симетит деп атайды), Румыния (румэнит), Мьянма (бирмит), Канада, Атлант жағалауы, Украина. Ал өңделген кәріптастар дүниеге келетін негізгі орта - Калининград облысындағы Янтарь атты ауыл. Дәл осы жерде янтарь өңдейтін негізгі комбинат орналасқан.


Білгірлер кәріптастың 250-ге жуық түрінің бар екендігін айтады, оның ең негізгілері: сукцинит, геданит (балауыз-сары түсті), глессит (қоңыр, мөлдір емес), стантиенит (қара, өте нәзік), боккерит (қошқыл, мөлдір емес, қатты) деп аталады.

Суреттер:vokrugsveta.ru,ochendaje.livejournal.com,mir-kamnja.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева