iPhone арқылы табылатын шұлық?!

iPhone арқылы табылатын шұлық?!

Швейцария өнертапқыштары iPhone арқылы табылатын шұлық жасап шығарды. Шұлыққа арнайы қондырылған чип арқылы табуды BlackSocks компаниясы ойлап тауыпты.

Шұлық жоғалтудың қандай қиын мәселе екенін сабаққа немесе жұмысқа кешіккен кезімізде мойындаймыз. Ал міне, ендігіде еш саспастан телефоныңыз арқылы оған қоңырау шаласыз... Әзірге шұлықтың құны – 16 еуро. Жаңа құрылғы сіздің iPhone-ыңызға Bluetooth арқылы жалғанады.

Компания сайтындағы ақпаратқа көз жүгіртсек, әрбір шұлыққа RFID (Radio Frequency Identification) деген майда түймеге ұқсас электронды қондырғы қойылады екен.

Сонымен қатар, телефоныңыздағы арнайы бағдарлама сіздің шұлығыңыздың тазалығын, шыққан мерзімін және оң-солын анықтап береді. Егер шұлық кірлесе, арнайы бағдарлама «Шұлығыңызды жуыңыз!» деп әмір ететін де көрінеді.

Мұндай шұлықтар әзірге тек АҚШ-та сатылымға шығарылды. Тағы бір айта кетерлігі, компания тек ер адамдарға арнап қара шұлық тігумен айналысады. Ал әйел затына біраз «қинала тұруға» тура келеді.    

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: creep.ru

А. Құлтай